23.06.2022, 16:40
2377
Соңғы екі жылда елдің әбігерге салған пандемияның кезінде Түркістан облысы «қызыл аймаққа» өтпеген жалғыз өңір болды. Халқы екі миллионнан асатын және тұрғындары жиі қоныстанған аймақтағымұндай жетістіктікездейсоқтық деуге, әрине болмайды. Бұл өңірдегі денсаулық сақтау саласы әлеуетінің жоғары екендігін білдірсе керек.
Ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі қарсаңында Түркістан медицинасының тағы да мерейі үстем болды.
Нұр-Сұлтанда өткен «Дені сау ұлт» ұлттық медициналық саммиті аясында ALTYN SHIPAGER» ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттаудың дәстүрлі рәсімі өтті. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният еліміздің үздік медициналық ұйымдарына алтын мүсіншелерді табыс етті. Соның ішінде Түркістан облысының облыстық клиникалық ауруханасы «Үздік көпбейінді облыстық аурухана» аталымының иегері болды.
Түркістан облыстық клиникасы өңірдің жетекші медициналық мекемесі болып саналады. Оның 27-клиникалық бөлімшесі, 2 – анестезиология және реаниматология бөлімшесі, 5-емхана, оның ішінде онкологиялық орталық және параклиникалық бөлімшелері бар.
Аталған емдеу мекемесі соңғы жылдары қайта құрылымдаулардан өтті. Аурухананың материалдық-техникалық базасы жаңарды. Заманауи технологиялармен жарақтандырылды. Дәрігерлер шетелде білімдерін жетілдірді. Әлемдегі жетекші клиникалардың білікті дәрігерлерін шақырып, шеберлік сағаттарын өткізу дәстүрге айналды. Аурухананың осындай деңгейге жетуіне отандық медицинаға өлшеусіз еңбек сіңіріп, талай шәкірт тәрбиелеген Мұқан Егізбаевтың қосқан үлесі мол. Оның бастамаларын шәкірті, бүгінде облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы қызметін атқаратын, білікті басшы Марат Пашимов жалғастырды. Қазір кешенді ауруханаға кәсіби хируруг Елдос Сұлтанов басшылық жасап келеді
Ауруханадағы нейрохирургия бөлімшесіне тоқтала кетсек, оған жоғары дәрежелі білікті нейрохирург дәрігер Асқар Бақтияров жетекшілік етеді. Кәсіби қызметіне адал берілген Асқар Қосылбайұлы мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасымен Санкт-Петербург қаласындағы Поленова атындағы нейрохирургия институтын тәмамдаған. Нұр-Сұлтан мен Алматыда жұмыс істеу мүмкіндігі беріліп тұрса да Түркістан облысын таңдаған жерлестеріне дәрігерлік көмек көрсетуді азаматтық парызы санапты.
Бөлімшедегі уақыт талғамайтын кәсіпті меңгерген білікті дәрігерлер түн ортасында да көмекке жетіп, аурухана базасында шұғыл хирургиялық ем-шараларды жүргізіп келеді. Ми және жұлын ісігі, омыртқаралық ісік, омыртқа остеохондрозы, гематомалар, абсцесс және мидың эмпиемасы, туннель синдромы, интракраниальды қан кетулер, геморрагиялық инсульт, ишемиялық инсульт секілді ауруларды емдейді. Мұнда омыртқа жарақаттарынан кейінгі реконструктивті оталар да жасалады. Жарамсыз болып қалған омыртқа сүйектерін металл конструкциялармен алмастырып нығайтады.
Сонымен қатар ALTYN SHIPAGER сыйлығының нұсқасы бойынша «Ең үздік босандыру ұйымы» аталамына Түркістан облысының №1 облыстық перинаталдық орталығы лайық деп танылды. Ол тек өңірдің ғана емес, Қазақстанның ірі перинаталдық орталықтарының бірі болып табылады. Аталған орталықтың төсек-орын қоры 300-ді, штат саны 600-ден астам қызметкерді құрайды. Жыл сайын орталықта 10 мыңнан астам жаңа туған нәресте дүниеге келеді. Соңғы екі жылда орталықта бірде-бір ана өлімі тіркелген жоқ.
Орталықта сәбилерге, шала туған нәрестелерге ерекше күтім жасалады. Нәресте дүниеге келген соң, перзентханада тұқым қуалайтын ауруларға неонаталдық скрининг жүргізіледі. Яғни фенилкетонурия мен туа біткен гипотериоз тексеріледі. Сонымен қатар жаңа туған нәресте мен балалар есту қабілетінің бұзылуын уақтылы анықтау мақсатында – аудиологиялық скринингтен өтеді.
Өткен жылдан бері енгізілген әдіс – құлақ мүкістігін анықтайтын объективті аудиометрия. Бұл баланың есту қабілетінің бұзылуын топикалық диагностикалайды, әрі зақымдану орнын анықтайды. Әсіресе шала туған баланың бойындағы ақауды ерте анықтап, дер кезінде емдеуге мүмкіндік жасалады.
Сондай-ақ №1 Түркістан облыстық перинаталдық орталығының жаңа туған нәрестелерді реанимациялау және қарқынды терапия бөлімінің неонтолог-дәрігерлері, мейірбикелер сәби үшін астың да, дәрінің де орнын басатын ана сүтімен қоректендіруді насихаттап келеді.
Салтанатты шара барысында А.Ғиният өз әріптестеріне табыс, ұлт денсаулығын қорғау ісінде ең үздік көрсеткіштерге қол жеткізуді, мықты денсаулық пен бақ-береке тіледі. Сондай-ақ медициналық ұйымдар арасындағы үздік үштікке Түркістан облыстық балалар ауруханасы, Түркістан қалалық орталық ауруханасы, Кентау қаласындағы «Жансая» облыстық балаларды оңалту орталығы шықты.
Саммитке үкімет мүшелері, еліміздің медициналық қоғамдастығының өкілдері, бизнесмендер, денсаулық сақтау саласының отандық және шетелдік сарапшылары қатысты.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі ALTYN SHIPAGER Ұлттық медициналық сыйлығының ұйымдастыру комитетімен бірлесіп, медицина қызметкерлері күнін мерекелеу аясында және президенттің «Жаңа Қазақстан» идеясы аясында іске асырылатын іс-шараны ұйымдастырушы болып табылады.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР