"Түркістан Қазақстанның құрамына қашан кіреді?"

Бифат ЕЛТАЕВА

03.11.2020, 04:04

2580

   Бүгінгі қоғамда қордаланып  қалған  проблемалар жеткілікті.  Соның бірі – жастардың тарихтан, өзі өмір сүретін қоғам өмірінен алшақтауының белгісі. Виртуалды өмірдің кесапаты бұрындары ептеп қылаң берсе, бұл келеңсіздік қазір көптеп көрініс бере бастағаны  көңілге кірбің салады. Неге десеңіз, жақында бір орыс жігітінің видеосы пайда болды. Онда көшеде кездескен кез келген қазақ жастарына «Түркістан Қазақстанның құрамына қашан кіреді?» деген сұрақ қойылды.

Бұл, әрине, кең көлемді сауал. Дегенде, қазақ жастары ең әуелі рухани астанамыз атанған Түркістан қаласын аузына алуына болар еді ғой. Мұсылмандар «екінші Мекке» деп те дәріптейтін киелі қала. Алайда әлгі сауалға бірде-бір жас «ол онсыз да Қазақстанның қаласы ғой» дей алмады, керісінше, сауал қоюшының ыңғайына жығылғандай «білмейміз.., болашақта мүмкін.., 2-3 жылда Қазақстанның жері болар» деп жауап бергені жұртшылықты қатты таңғалдырды. Япырай дейсің амалсыз, елдің болашағы деп жүрген кей жастарымыз өткен-кеткенімізге, тарихымызды түйсінуге осыншалықты құлықсыз болғаны ма деп қынжыласың. Күні кеше ғана дербес облыс атанып, оның орталығы болған киелі Түркістан қаласын есіне түсіре алмайтындай бастарына не күн туды екен? Қазақ ұлты үшін жанын пида еткен хандарымыз бен батырларымыз жерленген Ахмет Ясауи кесенесі, халықаралық туризмді дамыту жолындағы жаңа қадамдар, бүгінгі облыс орталығының жаңа кейіпке енуі тарихи оқиғалар емес пе?! Мұны әр қазақ күн мен айды білгеніндей көкірегіне түйіп жүруі тиіс қой. Ертеңгі күні жаңағы сұрау салып жүрген өзге ұлт өкілі мұны бетімізге баспай ма? Әрі жергілікті ұлт мына түрімен өз жеріне қалай ие болады деген парықсыз пікір тумай ма?!

   Қыркүйек айында жазушы Смағұл Елубайдың «Сатанизм сойқаны» атты сұмдық мақаласы «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Абай кз» сайтында да жарияланды. «Құтырынып тұрған капитализм Құдайдың өзіне бас салды. Ақшаны төгіп, ғылымды жалдап, ақыры Құдайдан құтылып тынды. Сайтанның дегені болды. Төрт құрлықты түгел жұтқысы келген ашкөздік, ақыры, дүниежүзілік екі соғысты бастап, әлемді әлемтапырық етті. Соғыстан кейін де бұл сайтанға ергендер тыныш жата алмады. Арманы соғыстан аман қалған адам баласын іштей іріту еді. Ібіліске ілестіру еді. Осы мақсатына жаппай жетуге сайтанға бейбіт заман тіптен тиімді болып шықты. Жолында тұрған кедергі – Жаратушы жобасы, ұят, ұждан ұясы – дәстүрлі отбасы еді. Сатанистер осы ұяны нысанаға алды. Осы ұяны ойрандаса, адам баласын соғыссыз-ақ сорақы күйге түсіруге болады екен», – дейді жазушы.  «Ұққанымыз – адам Алладан безсе, сайтанға айналады екен. Сайтанның сойылына айналады екен. Сайтан ақырзаманға дейін адам баласын азғыра беруге Алла алдында серт бергені белгілі», – деп тұжырымдаған Смағұл аға тағы мынадай масқараны жайып салды: «Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған Қазақстан әлем картасына шыққанда Тәуелсіздікпен қоса, иығына талай тауқыметтер іліп шықты. Экономикалық, саяси тауқыметтер былай тұрсын, мемлекет құраушы қазақтың өзі ұлт ретінде ұйысып үлгермеген шағы еді. Кезінде қазақты ұлт ретінде ұйыстыруды қолға алған Алашорданы қызылдар жөргегінде тұншықтырды. Одан кейінгі жылдарда қызыл террор қазақты біресе қырды, біресе жеріне ауыз салды. Саналы түрде тілін, дінін, тарихи санасын тұралатты. Біз, сол кездегі балалар, «ақты – қара, қараны – ақ» дейтін советтік мектептен өттік. Не мұсылман емес, не кәпір емес, дүбәра күй кештік. Құдайға емес, Кремльге табындық. Өз тілімізді ұмытып, орысша сайрадық. Орысша сайраған қазақты Мәскеу арқадан қақты. Соған мәз болдық. Одан бетер орыстандық. Қала қазақтары балаларын ана тілінен айырып, орысша оқытты. Не қазақ емес, не орыс емес, дүбәра ұрпақ пайда болды. Қалаларда әкесінің тілін ұлы түсінбейтін, шешесінің тілін қызы түсінбейтін ахуал қалыптасты. Дүбәра зиялылар: «Түбінде бір тілде – орыс тілінде сөйлейтін «совет халқы» боламыз», – деп лепірді. Өзге тіл, өзге мәдениетті қабылдаған бұл дүбәралар өз ұлтының рухани шамын өз үйінде өшірді. Осылайша қала қазақтары кіші халықтарды орыстандыру саясатының құрбаны болды». Иә, не ексең соны орасың, кезінде рухани мәселеге мән бермей, мәз болып жүре берудің нәтижесі қайдағы біреудің әжуасына айналғанымыз ба деп қорқамын.

     Мойындау керек, қазіргі жастар қабілетті, сергек, сезімтал. Жаппай гаджет, жаңа технологияларға қатты көңіл бөледі. Шыны керек, балабақшаға баратын баладан бастап телефонның, компьютердің қыр-сырын жақсы біледі. Бұл жақсы-ақ шығар. Өкінішке қарай, кітап ұстауға, оқуға аса құлықты емес.

«Тәрбие – отбасынан басталады» демекші, жастардың сауатты болып өсуіне ата-анасының ықпалы зор. Ең біріншіден, баланың санасына шыққан тегін, туған жерінің тарихын, салт-дәстүрін санасына құйып өсірсе, кішкене болса да, басында қалар еді-ау. Көпке топырақ шашпаймыз, дегенмен осындай құнды нәрселерді үйрететін ата-аналар аз екенін өмір көрсетіп берді.  

      Ойды ой қозғайды, әлгіндей ел географиясынан, тарихынан  мақұрымдықпен бірге, жастар арасында шыққан тегін сұрасаң, мүдіріп қалатын да әдет бар. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деуге аузың бармайды. Бұрындары үлкендердің әңгімесі «жеті атаңды аташы» деуден басталатын. Ал бүгіндері ол сөзді айтпақ түгіл, еске де түсірмейтініміз қалай?! Өркениет төріне көтерілгеніміз осы ма? Шындығында, жеті атаны білу – қанның тазалығы, болашақ ұрпақтың денсаулығының жақсы болуының бастауы. Жеті атадан қыз алыспау – барлығы осының аясында. Ең бастысы, тектіліктің белгісі. Екіншіден, жеті атасын білу – тек қана өз атасын білумен ғана шектелмейді, бұл ұлттың болашағына ықпал ететін қозғаушы күш екенін ескерсек дейміз. Жеті атасына мән берген бала өз ұлтының салт-дәстүріне, туған жерінің тарихына да қызығары анық. Шыны керек, салт-дәстүрімізді қазір дұрыс біліп те жарытпаймыз. Мәселен, бесікке бөлеуді білмек түгіл, бесіктің не екенін білмейтін де жағдайға жеткеніміз өтірік емес.

Салт-дәстүрді білмесек, туған жеріміздің тарихын қайдан білеміз? Оның үстіне шұбар тіліміз де бәрін кейінге тартып, құрдымға құлатып барады. Туған жердің тарихын білмеген жан кейін оны қайтіп қорғай алады? Әлгі сауал қойған өзге ұлт өкілі тағы да мазақ етіп, Ақтөбе не Қызылорда, бәлкім, басқа қалаларды атап, «Қазақстанға кіре ме?» деп сұраса, осылайша мәңгүрттеніп жауап беретіндер шықпасына кім кепіл?! Бұл жай ғана күліп не болмаса кекетіп қоя салатын нәрсе емес, нағыз қолға алатын басты шаруа, рухани жаңғыруды алаулатып-жалаулататын атқарушы органдар мен барлық оқу орындары, білім беру ошақтары, әр отбасы осыған  бірінші кезекте мән беруі керегін көрсетіп отыр. Ойланайық, ағайын! «Өз бетін аямаған кісі бетін шиедей қылады» демекші, өзіңді өзің білмесең, табаның тайғанақ, арың сатпақ болар.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш Зарыққанқызы 28.11.2020, 17:05
Оқушының үндеуіне министрліктегілер жауап берді (видео)
Айжан БҮРКІТБАЕВА 28.11.2020, 16:52
Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
Айжан БҮРКІТБАЕВА 28.11.2020, 11:09
Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
Сайт әкімшілігі 28.11.2020, 10:54
Алматы "сары" аймаққа кірді - Сағынтаев
Бифат ЕЛТАЕВА 27.11.2020, 16:22
Атыраудағы зейнеткердің жанайқайы: емхана емдемейді, әкімдік тыңдамайды
Сайт әкімшілігі 27.11.2020, 11:31
Жексенбі күні қоғамдық көліктердің жүрмейтіні мәлім болды

Аңдатпа


  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    28.11.2020, 11:09
  • Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
    28.11.2020, 16:52
  • 30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады
    28.11.2020, 13:30
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    27.11.2020, 09:16
  • Автовокзалға баласын тастап кеткен әйелдің кім екені анықталды (видео)
    27.11.2020, 11:36