Тырнақ астынан кір іздеудің қажеті бар ма?!

 «Қонаевқа неге соқтыға береміз?» атты мақалаға орай пікір

Наурызбай ТӨЛЕУОВ

01.06.2021, 15:55

1183

      Сәбетбек Еркінбайұлының «Жас Алаш» газетінің №27, 28 сандарындағы «Қонаевқа неге  соқтыға береміз?» атты дәлелді мақаласы мен №30 санындағы Төлеубек Қарамендітегінің өшпенділікке толы мақаласы ойландырмай қоймады. 

        Дана халқымыздың «Хан – ұстара, халық – шаш» дегені бар.  Қай қоғамның басшысы да  тыңдамағанын жазалайды,  қарсы шыққанын өлтіртеді. Ол ортаның жақтаушысы да, мақтаушысы да, жағымпаз, алаяқтары да, мансапқұмарлары да болады. Олар жұмысына қарай марапатталып отырады. Төлеубек мырза елді ұзақ уақыт басқарып отыратын  тұлғаның жеке басына табынып кетпеу үшін қазіргі  және болашақ ұрпақтың оған  тосқауыл қоя алуы үшін тарихтың шындығын білуі маңызды деп, ойын ашық айтады. «Қонаевтың кезінде халық шаруашылығы барлық салада тоқырауға ұшырады, Қазақстан халқы кедейленді» дейді. Ол кезде Қазақстан СССР-да үшінші орында тұрды.

        Көптеген кінәларға Еркінбекұлы стенографиялық дәлелді құжатпен жауап берген. Ал Олжас Сүлейменов жөнінде «Ази Я» еңбегі үшін қудаланғанда Қонаевтың қорғап қалғанын газеттен оқығанмын. Ал орден-медаль, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан ғылым академиясының  академигі, Ленин орденінің сегіз рет иегері, дүние-байлық қумаған, кен орындарын иемденбеді, халықтың несібесіне қол сұқпады, академиктік ақшасын балалар үйіне аударған,  шетелдерден берілген қосымша сыйлықтарын қажетті орындарға тапсырған, қалаған кезде мінетін «Москвичінің» болмауы жанұясының алдында, ағайындары алдында үлкен қасірет емес пе? Оның үстіне  істес замандастары, өзі өсіріп тәрбиелеген азаматтар январь пленумында жамандап, Жоғарғы Совет, Министрлер Советі саяси бюро мүшелері, өз жандары үшін бар кінәні Қонаевқа жапты.  Мен оларды кінәлай алмаймын, себебі ол  кезеңнің талабы мен сұранысын орындады, одан аса алмады.  Олар да тұлғалар, ол жерге осал адам бара алмайды.  Олар да Қонаев сияқты аяғы арқандаулы, тілі бекітулі, бірін-бірі бағып, артығы болса орталыққа  хабарлап отырушылар.  Жоғарыдағыдай марапат, халық несібесіне қол сұқпаған, өзі үшін дүние жинамаған пенде кеңес дәуірінде қай елде болды? Сол үшін де  жағдайға байланысты басқа кемшіліктер түкке тұрмайды деп есептеймін. Мысалы, өзбектің Мұхиддиновы өзіне қол жұмсап өткен жоқ па? Сонда да өзбектер оны  қараламайтын болар.

       Ал «Жас Алаштың» №32, 33 сандарындағы Қайым-Мұнар Табеевтің жазбаларын бірнеше рет оқыдым.  Оның жазуы маған ұнады. Себебі жетістікті де, кемшілікті де, меніңше, тең баяндаған. Төлеубек мырза тек кемшілікке жүгінген. Қайым-Мұнар мырзаның кітабы қолға түскен жоқ. Кітапта газеттегідей ашық,  кең жазылмаған болар деп есептедім. «Жаны күйінген тәңірісін қарғайды» дегендей, Сәбетбектің келтірген деректеріне ашуланып,  шамырқанып жазыпты.  «Әркімнің жазуға   еркі бар» дей келіп, намысқа, «кеңестік кезеңнің шалдары,  сақалдылары» деп тиісетін жері баршылық. Халқымыздың 1990 жылы туғандардан басқасы кеңес кезеңінің заңымен өсіп-өнгендер, еңбек етіп өмір сүргендер. Ойлап қарасам,  халқымыз үлгі тұтатын азаматтарымыздың сыналмағаны жоқ екен.  Хандарымыз, билеріміз, Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Бейімбет, Сәкен, Ілияс, Мұхтар, Жамбыл, Нұрпейіс, Сәбит, Ғабит, Ғабидендерді тарихшыларымыз, Алаш арыстарын сынаушылардың білімділігі ме, әлде тапсырыспен жазды ма деген ой келеді.  Біздің заманымыздағы ақын-жазушылар мемлекет басшысынан аудан басшысына дейін арнау, очерк, поэма, кітап жазғандары бар.

Теңеу таппай, пайғамбар жасамақшы болды.  Ал кінәлар кезде сол адамды  тірідей көміп тастайды ғой.  Оларды қалай кінәлауға болады?

        «Пенде кемшіліксіз болмайды, тырнақ асты кірсіз болмайды».

Сондықтан тырнақ астынан кір іздеудің қажеті жоқ.  Жоғарыда айтылған  тұлғаларымыз кінәлаудан кеміді ме? Мен Қонаевпен  ағайын-туыс, жерлес те емеспін, ұлтымды, тілімді, салт-дәстүр, дінімді, елімді сүйетін, өткенді құрметтейтін «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр» дейдіні  қолданатын қарапайым адаммын. Алаш арыстарының «Қазақтың жауы – қазақ» дегені ескерілмей, бір-біріміздің жағамызға жабысып, өлілерге тыныштық бермегеніміз ұрпаққа тәрбие болар ма? Қайым-Мұнар үшінші қайырымында  қазақтың жерін мекендеп, суын ішіп, байып отырғандардың қазақты қолдамайтынын айтқан. Оның үстіне  өз қазағың орыстілді, қазақтілді, қала, ауыл  қазақтары болып  төртке бөлініп, қолдамай отыр.  Мұның бәрі егемен ел болдық, жеріміз кең, асты мен үсті байлыққа толы,  өз еркіміз өзімізде, қалай басқарып  дамытамыз десек, өз қолымызда бола тұрып,  ұлттық болмысымызды, тіл, дін, діл  дәстүріміз, тарихымызды ескеріп жасалған әр азаматтың орындауға міндетті заңды (идеологиясы)  жарғысы осы  уақытқа дейін  жасалмады (мысалы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы, Кеңестік коммунизмнің кодексі тәрізді).  Сондықтан әркім әр жақта өз күнін өзі көріп жүр.

        2019 жылы  4-сыныпта оқитын немеремнің әдебиеттік оқу сабағына қатыстым.  Тақырыбы: Жюль Верннің «Он бес жасар капитан» атты фантастикалық  романының бас кейіпкері.  Он бес жасар капитанның капитан болу жолындағы өмірін  талдау болды.  Мұғалім балаларды үш топқа бөліп, әрбіріне зерттеу жоспарын беріп, шебер ұйымдастырды.  Сонда мен 4-сынып оқушыларына өнеге болатын қазақтың кез келген  бір еңбек адамының болмағанына өкіндім. Сонда табиғаты да, болмысы да, тілі де, діні де, мамандығы да, өмір сүрген ортасы да сәйкес келмейтін кейіпкерге  қазақтың баласы ұқсап өсуі керек пе?  Кейін озат оқитын немеремнен сұрасам, есіңде қалмапты.

      Сондықтан өткеннен, өлілерден кемшілік іздеушілер, егемен ел болдық, өз билігіміз өзімізде, өстік, өркендедік дейтін Қазақстанның  30 жыл ішіндегі кемшілігін  Қонаевтың кемшілігімен салыстыра қарауды сұраймын.  Барлық салада  салыстыра қарасаң, Қонаевтың кемшілігі бос сөз болып қалады.  «Жас Алаштың» №31 санында Берік Әбдіғалиұлы «Мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту керек» десе, №35-36 сандарында  Марат Тоқашбаев «Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды» деп, 30 жыл  барысындағы кемшіліктерді көрсетіпті. 

         Қонаев 700 мектепті жойды дейді. Өзіміз басқарған кезде Қазақстанда неше совхоз болса, сол әр совхозда кемі 4-5 ферма орталығы бүкіл мәдени орталығымен, мектебімен жойылған жоқ па? Бүкіл облыс орталығы мен аудандардағы өнеркәсіп түгел  жойылған жоқ па?

        Қысқасы,  «Туғаныңды жаттай сыйла, жат жанына түңілсін» дейді халқымыз өзіміздің тұлғаларымызды ұлықтап, дәріптемесек, өзіміздің ішіміздегі басқалар дәріптемейді, қайта дәріптемегенімізге мазақтап күле қарайды. Тұлғаларға қаралау жұқпайтынын есте ұстайық.

Ұқсас мақалалар: Қонаевқа неге соқтыға береміз?

Қонаевқа неге соқтыға береміз? Досановтың романы: қайран тіл, қайран сөз

Тегтер: тарих тұлға тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12.06.2021, 10:29
ҰБТ-ны алып тастау қажет — Талғат Нәрікбаев
Сайт әкімшілігі 12.06.2021, 10:20
«Атамекен» рейтингі университеттің потенциалын анықтамайды – Олжас Ордабаев
Еламан СЕРІК 11.06.2021, 12:07
Мектептерде парақор директорлар әлі отыр
Сайт әкімшілігі 11.06.2021, 10:49
«Жастар-Отанға!» 5 бағытты қамтиды
Еркежан АРЫН 11.06.2021, 10:23
Қазақстан БҰҰ-ның экологиялық бастамасын қолдайды
Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 11.06.2021, 09:02
Егемендік халыққа не берді?

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02