Үкіметке қымбатшылығың «бес тиын»

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

29.06.2022, 08:34

2218

Елімізде қымбатшылық күн өткен сайын өршіп барады. Халық Үкімет бірдеңе қылар, қымбатшылықтың алдын алар, деп үмітті. Өйткені тапқаны тамағына жетпеуге айналды. Ал Үкімет өз өтірігіне өзі сеніп, ел ішінде мың теңгеден сатылып жатқан қантты бетбақтырмай, «400 теңгеден сатылуда», деп әлі отыр.

Халық айран асыр. Қымбатшылықты естімейтін, көрмейтін Үкіметке не дауа? Бір елде тұрып, ел ішіндегі шынайы бағаны білмеуі биліктің де халықтың шынайы әлеуметтік жағдайын білмеуі емес пе?! Халық пен билік арасының тым алшақтығының да бір көрінісі осы шығар. Осы орайда, атап өтер жайт, қаңтар қырғынынан бері жарты жыл өтті. Бірақ сол қаңтар қырғынының да негізгі себебі қымбатшылық екенін ұмытқандаймыз. Әйтпесе, қаңтарда жүздеген адам құрбан болған қымбатшылықтың алдын алуға ендігі бір нәрсе істер едік қой.

Қара халыққа пайдасы жоқ референдумға 16,4 млрд теңге бөліп, өткізіп тастадық, одан құрылтай деп тағы ақша шаштық. Бірақ қымбатшылыққа қарсы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға Үкімет құлықсыздық танытуда. Халық жаңа Қазақстаннан күткеніміз осы ма еді, деп түңіліп отыр. Дәл қазір билік жаңа Қазақстанның өзгерісі деп әлденелер жасауда. Алайда еліміздегі бар өзгеріс халықтың мәселесін айналып өтуде.

Шетел асып келген тауарды сырттан келгендіктен, қымбат дейміз. Ал өз елімізде өндірілетін өнімдер неге халыққа қымбат сатылады? Мәселен, жақында астық өндірушілер одағы соңғы екі жылда қазақстандық ұнды сатудан 128 миллиард теңге экспорттық кірістің жоғалуы мүмкін екенін айтты. Мамандар соңғы жылдардағы статистиканы салыстыра отырып, белгілі бір себептермен отандық ұнтақталған өнімдер ел тұрғындарына көршілерінен әлдеқайда қымбат бағаға сатылып жатқанын анықтап отыр. Яғни, отандық ұн Тәжікстан мен Өзбекстан тұрғындарына қарағанда, қазақтар үшін қымбат сатылған. Айырмашылық $136 және одан жоғарыға жететін көрінеді.

Астық өндірушілер одағының өкілі Евгений Карабанов: «Егер өткен жылы бірінші сұрыпты ұнның бір тоннасы ішкі нарықта, орташа есеппен, 428 доллар болса, шетелге 272-357 доллар аралығында экспортталды. Талдау бидайдың сол кездегі өзіндік құнымен байланысын ескере отырып жасалды. Қазақстан Өзбекстан мен Тәжікстанға ұнды, шамамен, 30-40 долларға арзанға сатқаны белгілі болды. Егер бұл елдерге жеткізілімдердің жалпы көлемін ескеретін болсақ, жоғалған пайда тек екі нарықта 40 миллион доллардан асуы мүмкін. Әрине, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауы жүріп жатыр. Астықтың қымбаттап жатқанын көріп отырмыз. Бірақ бұл объективті факторлар.

Біз үш жылды талдадық. Диқандардың өнімін қымбатқа өткізетіндігін кінәлау кез келген адамға ұнайтыны анық. Бірақ байқағанымыздай, мәселе тек шаруаларда емес. Жалпы, мәселе осы нарықтарды ұйымдастыруда. Бағаларды реттеу керек шығар. Неліктен біздің азаматтар ұнды шетел азаматтарына қарағанда, қымбатқа сатып алуы керек. Бұл қалыпты емес. Экспорттық баға әрқашан ішкі нарықтағы бағадан, кем дегенде, көлік шығындарының сомасына қымбатырақ болуы керек», дейді.

Қанттың қымбаттағаны аздай, соңғы кездері нарықта ұн, нан өнімдері де қымбаттай бастағаны байқалып отыр. Сарапшылардың айтуынша, соңғы бірер апта ішінде ұнның бір келісінің бағасы 50 теңгеге, ал нан, нан өнімдерінің бағасы 10 теңгеге дейін артқан. Қазір нанның қымбаттауына орай, халық нанды үйден дайындап жеуге көшуде. Аз да болса үнемдеп, нансыз қалмаудың жолын іздеуде. Қант секілді мұның да соңы ұнға таласқа әкелмесе болды. Өйткені нанның қымбаттауы салдарынан, ұнды қаптап алушылардың көбеюіне ықпал етуде. Онсыз да нан мен рожкиді ғана тұтынатын халық енді одан айрылса не болмақ?!

Астық өндіруде алдыңғы қатардамыз деп мақтанғанда, әлдеқандаймыз. Ал өз халқымызды қолжетімді бағадағы ұн мен нанмен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Тіпті, сонау Ауғанстандағы жағдайға жаны ашып, былтыр ғана тонналап ұн жөнелткен Үкіметтің өз халқының қиналғанын көре алмай отырғаны қалай? Әлде бәрін қымбаттатып халықты аштықпен қинау жоспары бар ма? Әйтпесе, қымбатшылықты айтып, халықтың шырылдағанына талай уақыт болды ғой. Неге бір шара қолданбасқа?! Қантсыз шыдағанымен халықтың нансыз шыдай алмайтыны белгілі емес пе?!

 Осы орайда, атап өтер жайт, жақында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру жөніндегі кеңесте Әлихан Смайылов жеке кәсіпкерлер қант бағасын қолдан көтеріп отыр, дей келіп, «Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, қант қоры 100 мың тоннадан асады, ал айына тұтыну – 59 мың тонна. Демек, қор жеткілікті. Бірақ, үй жанындағы дүкендерде қант 700-800 теңгеден сатылады. Бұл – сұранысты пайдаланып, үстеме ақы қойып отырған жеке тұлғалардың заңсыз кәсіпкерлік қызметінің «нәтижесі». Жалпы, қанттың орташа бағасы, шамамен, 480-490 теңге/кг болуы тиіс. Мұны ретке келтіру керек», — деп тапсырма берді. Жыл басынан бері қант бағасы 400 тенгенің айналасында деуінен танбаған Смайылов қант қоры жеткілікті болса дүкен сөрелерінің неге бос қала беретінін түсіндіріп бере алар ма екен. Әзірге, Смайылов айтты екен деп түсе қалған бағаны байқай алмай отырмыз. Қаңтар оқиғасынан соң, сұйытылған газ бағасының еліміздің барлық өңірінде бір мезгілде түсіп, шектік бағаны ұстап тұрғаны есте.

Демек, шын ниет болса, барлық бағаны ауыздықтауға Үкіметтің «құдіреті» жетер еді. Алайда бағаның шарықтауы, әзірге, халықтың қалтасына ғана әсер етіп тұрғандай. Қант қымбатшылығын Үкіметке мойындата алмай қойып едік, нансыз қалған халықтың ашуының алдын ала алар ма екен?!

P.S. Журналист Оңғар Қабден: «Ауылдағы дүкендегі келіншек бұрқылдап тұр. «Осы халық қызық. Бағаны біз өз қалтамыздан қосатындай. Ертең тағы бізден көреді», деп. Жақындап, не болды десем, қалаға тапсырыс берген рожки, макарондары келмепті. Қоймадан жібермепті. «Баға тұрақсыз, әлі қымбаттайды деп жатыр. Сондықтан басшылық макарон өнімдерін қоймадан шығармауға бұйрық берді», депті тауар жеткізушілер.

Әйтеуір, бір-бірінен пайда көріп қалғысы келген ел. Жұрт тас санаса, Үкімет құм санап ырың-жырыңмен өмір өтіп барады», дейді.

Демек, ұн және ұн өнімдерінің де бағасы көтеріліп, жақын күндерде тапшылық сезіле бастайтынын ішіміз сезіп отыр. Қантты қойшы, нансыз қалған аш халық тағы көшеге шығып кетсе қайтеміз?!

Тегтер: экономика халық нарық кедейшілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 15:51
Қазақстанда оқу жылы 31 мамырға дейін ұзаруы мүмкін
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 15:11
ШҚО тұрғындары ауыл әкімін сайлау әділетсіз өтті деп шағымдануда
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 09:12
«Мектепке жол». Атырауда бірінші сынып оқушысына 10-сынып оқушысының формасы берілген
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 08:58
"Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 18:21
Синоптиктер алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын жариялады
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 17:42
Қорғаныc министрлігі әскерде жұмыс істеген қыздың айыптауларына жауап берді

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49