Ұлттық идеологияда неге ұтылып жүрміз?

Батыр ЖАСҰЛАН

06.10.2022, 06:11

1050

Ресейлік қашқындар территориямызға дендеп кірген сайын көңілің алаң, бей-жай күйге түсіп отырғанымыз жасырын емес. Шекараның шеті болғанымен, қазақ үшін бауырмалдықтың шегі бар ма?

Бұрынғыдай емес, Ресей Украинаға соғыс ашқалы бері еліміздің ішінен көршісіне қарап ұлып, «Вова көкеме айтамын» деп, егер ел басына күн туа қалса, «Ресейге болысамын» деушілер де кездесіп жатыр. Мұның бәрі нені көрсетеді? Бұл жасандылыққа құрылған Назарбаев саясатының жарқын көрінісі. Біз дәл қазір осы жасанды саясаттың зардабын тартып отырмыз. «Егер саған орысша сөйлесе, тек қана орысша жауап беруің керек», деп биік мінбеден қадап айтқан тұңғыштың сөзінен кейін Қазақстандағы орыс диаспорасының кейбіреулері, тіпті, астамсып кетті. Олар автобуста, кафеде болсын, қандай да бір дау туа қалса, Назарбаевтың сол сөзін алға тартты. Ақиқатын айтқанда, экс-президент сол пікірі арқылы елімізде қазақ мәселесі барын, қаперіне де алған жоқ. Бұл нені көрсетеді? Отыз жылдан астам уақыт өтсе де, Қазақстанда ұлттық идеология қалыптасқан жоқ. Билік оны қалыптастырғысы келмеді де. Әлі күнге дейін орыс тілінің көлеңкесінде келе жатқан Абай, Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейханұлының тілі әлжуаздың күнін кеше бере ме?

Ақиқатын айтқанда, қазіргі билік те мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге соншалықты мүдделі болып отырған жоқ. Бір ғана мысал, кезінде президент әкімшілігінің идеология саласына жетекшілік еткен, қазақтың жарқын бейнесін «үңгірдегі ұлтшылдыққа» теңеген Дәурен Абаевтар бүгін мәдениетімізді басқарып отыр. Бұдан шығатын қорытынды, бізде қылмыс жасамаса, ескі кадрлар бір қызметтен екіншісіне секіріп, айтқан сөзіне ыңғайсызданбай, осылай қызмет атқарып жүре береді.

Тағы бір мысал, кезінде Ұлттық экономика министрі болған Тимур Сүлейменовтің «Мен Мәскеуде бес жыл жұмыс істедім, туған тілімді ұмытып қалыппын. Алты айдың ішінде қазақ тілін үйренемін», деп мәжілісте депутаттардың алдында уәде бергенін ешкім ұмыта қойған жоқ. 39 жасында еліміздің экономика саласын басқарып, артынан Ұлттық банктің төрағасының орынбасары болған Сүлейменовтерге бүгін сенуге бола ма? «Мәскеуде болып, анасының тілін ұмытып қалған» сол Сүлейменов қазір президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары тағында еш қымсынбастан отыр.

«Қазақ тілін үйренемін» деген сол Сүлейменовтің сөзіне алты ай емес, алты жыл өтті. Сөйткен Сүлейменов мемлекеттік тілде сөйлеуді «үйреніп алды ма?» «Болашақ» бағдарламасы бойынша Мэриленд университетінің Р. Смит бизнес мектебіне түсіп, оны 2002 жылы бітірген Сүлейменовке ағылшынша сөйлеу қиын емес. Бірақ Мәскеуде бес жыл жүріп, «анасының тілін ұмытып қалғаны» оңай болып тұр ғой. Ал біз жүрміз, «анамның тілі – қуатым менің» деп. Қазақ тілі үшін шырылдап, мектеп ашқан Шона Смаханұлы жарықтық, бүгінгі Сүлейменовтерді көргенде, не істер еді?! Не істей алар еді?! Ешнәрсе істей алмас еді. «Менің миымды ауыстырмасаңдар, қазақша сөйлемеймін», деген Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов та сол сөйлемеген күйі зейнетке кетті. Мұның бәрі нені көрсетеді? Бұл елімізде «бір ел – бір ұлт» саясатының жүргізілмегенін, титулды ұлттың төменшіктеп тұрғанын көрсетеді. Ақиқатын айту керек, билік осы уақытқа дейін ұлттық идеологияны қалыптастыруға мүдделі болып отырған жоқ. Билік өкілдерінің, әсіресе, президент әкімшілігіндегілердің қазақ тілінде сөйлеуге, іс қағаздарын толықтай мемлекеттік тілде жүргізуге ынта танытпауы – жалтақтық. Басқа ешнәрсе емес.

 Көрші елдің көңіліне қарап, өмір сүруді доғаратын кез жетті.  Бір ғана мысал, өткенде, «Ресейдің ондаған каналдары Қазақстанда көрсетілмейтін болды», деген біраз қазақ бөркін аспанға атып еді. Қуаныш ұзаққа бармады. Бәрі қайтадан қалпына келді. Астамшылыққа құрылған Ресейдің жалған насихатын қазақ қашанғы тыңдайды?

Тағы бір мысал, кеше ғана Ресейден келген қашқындарға сұрақ қойғаны үшін қазақ баласы Диас Құзайыров бес тәулікке қамалды. Сондағы қойылған айып, «ол ресейліктерге арандату тұрғысындағы сауал» қойған. Путиннің жарлығынан соң, өз отанынан қашқандарды біз осылай қорғап жатырмыз. Бұл да жалтақтық саясат қой.

Осыдан бірер жыл бұрын Ақпарат және қоғамдық даму министрі болған Аида Балаева: «Қазақ тіліндегі ақпараттарға үлкен назар аудару керек. Халқымыздың 80 пайызы қазақ тілінде ақпарат алуды қалайды. Бірақ әлі күнге дейін парақшаларымыздағы қазақ тіліндегі ақпараттарды дұрыстай алмай отырмыз. Осы олқылықты бақылауға алуды өзге әріптестеріме де тапсырамын», – деп айды аспанға шығарған-ды.

Қуанып қалғанбыз. Сөйтсек, біздің көп шенеуніктер популистік ұранға үйір екен. «Балаева бірдеңе білгесін айтады» деп те мақала жазғанбыз. Өкінішке қарай, Президент әкімшілігіне ауысқасын Балаеваның үні естілмей қалды. Дәл қазір сол Аида Балаева Президент әкімшілігінде ұлттық идеологияның бір саласын басқарып отыр. Мүмкіндік бар. Қолынан келіп тұр. Онда неге  мемлекеттік тілдің артуына қызмет етпейді. Қазақтың санасын улап отырған  ресейлік телеарналардың Қазақстанға таратылуын неге тоқтатпайды? Қазақ баласы Соловьев, Никоновтардың жалған пропагандасын тыңдағанша, өз «Қазақстанын» көрсін?

Жеме-жемге келгенде, ұлттық идеология Президент әкімшілігі арқылы жүзеге асады. Сондықтан емен есіктің ар жағында отырған тұлғалар бір нәрсені ескеруі тиіс. Олар Өзбекәлі Жәнібеков айтқандай, «қазақ болудан қашпауы керек». Олар әкесі орыс, шешесі мордованның өкілі, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, мәжіліс депутаты Наталья Дементьевадан үлгі алуы тиіс. 

– Мен Ресейді отаным деп қабылдамаймын. Әкем – орыс, шешем – мордва. Туған жерім – Қазақстан. Менде одан басқа Отан жоқ. Қазақтар сенімді. Ал сенімділік ерекше қасиет. Еліміздің елдігін жасайтын – мемлекеттік тіл. Неге қазақша сөйлемейміз? Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды. Біреулер «қазақша оқытатын нұсқаулық жоқ», дейді. Оның бәрі сылтау ғой. Тек ниет керек. «Қазақ бол» деген не сөз? Ол – жан-тәніңмен Отаныңды сүю. Қазақша сөйлеу. Өзімді әрқашан «қазақпын» деп айтамын. Ресейді «отаным, атамекенім» деп есептемеймін», – дейді Наталья Дементьева.

Бізге ашығы керек, дәл осы Ассамблеяны қажетімізге, өз мүддемізге пайдаланып отырғанымыз жоқ. Мысалы, Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы өз билігін нығайтып, күшейтіп алды. Ал қазір ше?

Назарбаев жеке басына пайдаланған ұйымды бүгінгі билік тарата алмай отыр. Ал тарата алмаса, онда Ассамблеяны «жұмсақ күш» ретінде титулды ұлт — қазақтың тегеурінін нығайтуға пайдалануға болады ғой. Ашығын айтайық, Мемлекеттік кеңесшіні қосқанда, Президент әкімшілігі жетекшісінің жеті-сегіз орынбасары бар. Жоғарыда айтылған ойларды Президент әкімшілігіндегілер жүзеге асырса, қазақ еш ұтылмайды.

Өткен ғасырдың басында «...Ғылымға, соның ішінде, тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып, жапон үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы қажет», – деген еді Әлихан Бөкейханұлы.

Ал біз Алаш арыстары айтқан ұлттық мемлекетті құра аламыз ба? Мәселе сұрақ күйінде қалмаса дейміз.

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:27
Валюта алып өту тәртібі туралы
Жарас КЕМЕЛЖАН 09:06
Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 17:17
Рудный тұрғындары жылусыз қалды
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 16:12
Ертеңнен бастап жазғы доңғалақпен жүргендер жазаланады
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 15:07
Жұмыс берушілер көше сыпырушылардың ақысын жеп отыр
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 10:54
Екібастұздағы көппәтерлі үйге бүгін жылу беріледі – жедел штаб

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43