Ұлы даланың болашаққа жеті арманы

Ермек МҰҚАНҒАЛИЕВ

18.10.2021, 09:03

468

Экс-президент Н.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласында қазақ халқының өткен тарихына ой жүгіртіп, пікір айтса, мен халқымыздың алдағы тағдырына ой жүгіртіп, қазақ халқы болашақта өсіп-өркендеп, адамзат тарихында өзінің мәртебелі орнын алып, өркениетті 30 елдің қатарына қосылуы үшін Тәуелсіздігіміздің нығаюуы, жеріміздің тұтастығы, санамыздың сауығуы, рухымыздың жаңғыруы, тіліміздің дамуын дініміздің сақталуы, салт-дәстүріміздің өркендеуі сияқты 7 арманды алға қойып отырмын.

Тәуелсіздігіміздің нығаюы

Қазақ халқы бірнеше ғасыр патшалық Ресейдің, онан кейін Қызыл империяның боданы болып, халқының тең жартысы большевиктердің әдейі қолдан ұйымдастырған ашаршылықтың салдарынан аштан қырылып, үштен бірі ассимиляцияға ұшырап, ұлттық санасынан, тілінен, рухынан айырылып, мәңгүрттеніп кетті. Республикамыздың жері атом бомбасының сынақ алаңына айналып, мал жайылатын жеріміз эрозияға ұшырап, өзен-көлдеріміз суалып, экологиялық апатқа айналды.

ХХ ғасырда бұрынғы империалистік елдердің отары болған Азия, Африка халықтарының ұлт-азаттық үшін күрестің арқасында Қазақстан да өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, егеменді ел атанды. Бірақ та қазақ халқының тағдырының басқа халықтарға қарағанда өз ерекшеліктері бар еді.

Бірінші: қазақ халқы ұзақ уақыт Ресейдің отары болды. Екінші: қазақ халқы өз жерінде азшылыққа айналып, сан жағынан республика халқының үштен бірін құрады. Үшінші: халқының біраз бөлігі ассимиляцияға ұшырап, мәңгүрттеніп кетті.

Оның үстіне қазақ халқы көбіне мал шаруашылығымен айналысып, ауылдық жерде тұрды. Сол себепті қала мәдениетін қалыптастырып, жұмысшы, буржуазия табын құра алмады. Осындай жағдайларға байланысты тәуелсіздік алғаннан кейін билік басына келген саяси элитамыздың отарсыздандыру саясатын жүргізіп, бірден мемлекет құрушы титулды ұлттың ұлттық мүддесін қорғайтын саясат жүргізуге мүмкіншіліктері болмады. Сондықтан болуы керек, Н.Назарбаев рухани тәуелсіздікте ашық саясат жүргізбей, уақыт ұту үшін саясатта айлалы тәсілдерге барып, бұрынғы метрополиямен бейбіт қатынас жасауға ұмтылып келді.

Енді, міне, егеменді ел болғанымызға 30 жыл толды. Сонан бері бір ұрпақ өсіп-жетіліп, отау құрып, өмірге жаңа ұрпақ келді. Енді бұрынғыдай жартыкеш, шалажансар тәуелсіздікке қанағат тұтпай, саяси, экономикалық, рухани жағынан толыққанды тәуелсіздікке ұмтылатын уақыт болды.

Рухани тәуелсіздікке: қазақ халқының ұлттық болмысы, санасы, мүддесі, құндылықтары, мәдениеті, әдебиеті, өнері, тілі, діні, салт-дәстүрі кіреді. Ұлттың осы қасиеттерін көпшілік қауым дұрыс ұғып, анық түсініп және оны өмірде толықтай іске асыру үшін біздерге ұлттық идеология қажет.

Жеріміздің тұтастығы

Қазіргі кезде дүние жүзінде екі жүздей мемлекет және соның барлығының заңдастырылған территориясы бар. Яғни ол – әрбір егеменді елдің әнұраны, жалауы, ел таңбасы, астанасы сияқты тәуелсіздік атрибуттарының бірі.

Бүгінгі күні дүниежүзі бойынша жер аумағының көлемі жағынан Қазақстан тоғызыншы орын алады. Бірақ біз басқа халықты жаулап алып, жеріміздің көлемін үлкейткен жоқпыз. Қазақтар негізінен мал шаруашылығымен айналысып, мал жайылатын жер іздеп, қысы-жазы көшіп-қонып өмір сүрген. Сол себепті, Қазақстан жері осындай кең аймақты алып жатыр.

Қазақстанды Ресей өзінің отары жасағаннан кейін оның жерін губернияларға бөліп, қазақтың сулы, нулы жерлеріне Ресейдің орталық аймақтарынан көшіріп әкелген мұжықтарын орналастырып, қазақтарды шөл және шөлейт жерлерге ығыстыра бастады.

Большевиктер үкімет басына келгеннен кейін қазақтарды отырықшылдыққа айналдырамыз деп, ұжымшарлар мен кеңшарлар ұйымдастырып, олардың күнкөріс көзі болған малдарын тартып алып, қазақ халқының тең жартысын аштан қырды.

Кеңес заманында қазақтар отырықшылдыққа айналғанымен оларға ауылдық жерлерде тұрып, мал шаруашылығымен айналысуға тура келді. Себебі: оларға қалаға келіп зауыт, фабрикаларда жұмыс істеуге қолдарына жеке құжат бермеді және қазақтардың қалалық болуын отаршылдар қаламады.

ХХ ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары үкімет тың игереміз деген сылтаумен Қазақстанның ондаған миллион гектар мал жайылатын жерлерін жыртып, эрозияға ұшыратты. Сол кезде қазақ жеріне миллиондаған славяндарды алып келіп, қазақтарды өз жерінде азшылыққа айналдырды. Онымен қоймай жүздеген қазақ мектептерін жаптырып, әдейі қазақтарды орыстандыру саясатын жүргізді. Отаршылдардың осы әрекетінен олардың бұл жөнінде алдарына бірнеше мақсаттар қойғанын көруге болады.

Бірінші: Қазақстанға славян тектес халықтарды көптеп әкеліп, қазақтарды азшылыққа айналдыру арқылы оларды толықтай ассимиляциялау.

Екінші: Қазақстанның солтүстігінде бірнеше облыстың жерін соңынан Ресей территориясына қосу.

Үшінші: Кеңес Одағының сол кездегі дағдарысқа ұшыраған ауылшаруашылық өнімдерін, тың аймақтың арзан дәнді-дақылдарымен орнын толтыру.

Қазақстан тәуелсіз егеменді ел болғаннан кейін де орыстардың шовинист ұлтшылдары осы мақсаттарын іске асыру үшін бірнеше рет арандату әрекетіне барғаны белгілі. Бірақ та ол ойларын іске асыруға ешқандай сылтау таба алмады.

Біз экономикалық тәуелсіздіктің негізі – жер деуіміздің себебі, бірінші, адам өмір сүруі үшін тұрақты жері (үйі) болуы керек, екінші, адамдарға материалдық (киім), қоректік (тағам) заттардың бәрі жерден өндіріледі. Сондықтанда экономикалық тәуелсіздігіміздің негізі – жер деуіміздің себебі сол. Сол себепті қасиетті атамекеніміз, қазақ жері, Қазақстанда өмір сүретін адамдарға белгілі мерзімге жалға беріледі және ол ешқашан ешкімге сатылмайды, шетел азаматына жалға берілмейді.

Санамыздың сауығуы

Қазақстан қызыл империяның боданы болған кезде коммунистер интернационализм идеологиясын насихаттап, «ұлтқа, тапқа, тілге бөлінуге болмайды, болашақта бәріміз коммунизм қоғамында тең құқылы, бақытты өмір сүретін боламыз» деген уағызына көп адам сенген болатын. Бірақ, шын мәнінде бұл адамдардың санасын улау үшін айтылған құр демагогия еді.

Ал шын мәнісінде олардың көздеген мақсаты – орыстан басқа ұлттарды тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен айырып, ассимиляциялау арқылы оларды орыстандыру болатын. Совет Одағы құрылған кезде оның құрамында 200 ұлт тіркелсе, ол тараған кезде ұлттардың саны 100-ге жеткен жоқ. Осы деректің өзінен коммунистердің ұлттық саясатының түпкі мақсатының қандай болғанын білуге болады. Қазіргі кезде қазақ халқын бір идеяның, бір рухтың, бір тілдің айналасына біріктіріп, осы қиыншылықтан алып шығатын ұлттық идеология ауадай қажет болып тұр. Идеология сана арқылы пайда болады, ал саяси тәуелсіздіктің негізі – сана. Олай болса, саяси тәуелсіздікке толық қол жеткізу үшін құлдық санадан арылуымыз керек.

Рухымыздың жаңғыруы

Рухани тәуелсіздік дегеніміз: әрбір халықтың ұлттық санасы, мүддесі, тарихы, мәдениеті, әдебиеті, өнері, тілі, діні, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы. Яғни, өзін тәуелсіз ұлт санайтын әрбір халықтың рухани болмысы. Сондықтан әрбір егеменді мемлекет өзінің саяси тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап осы құндылықтарын қалпына келтіріп, оны әрі қарай дамыту үшін бірінші кезекте отарсыздандыру саясатын жүргізеді. Себебі отарлаушы ел, ең алдымен, басқа халықты жаулап алғаннан кейін оның рухын, былайша айтқанда, ұлттық санасын, тілін, дінін, салт-дәстүрін жоюға тырысады. Егер де олай істемесе, түбі ұлттық санасы сақталған халық өзінің ұлттық құндылықтары үшін бостандыққа ұмтылып, ұлт-азаттық күресіне шығуы мүмкін еді. Адамзат тарихына көз салсақ, шынында да солай болғаны рас.

Біз жоғарыда әрбір тәуелсіздігін алған ел бірінші кезекте отарсыздандыру саясатын жүргізеді дедік. Бірақ Қазақстанның егеменді ел болып, саяси тәуелсіздігін жариялағанына 30 жыл болса да, біздің билік әлі күнге дейін отарсыздандыру саясатын жүргізбей келеді. Соның салдарынан саяси, экономикалық, рухани тәуелсіздігіміз бүгінгі күні осындай жағдайға тап болып отыр. Шынын айтсақ, біз әлі толық тәуелсіздікке қол жеткізген жоқпыз. Ол жөнінде қоғамдық ақпарат құралдарында еліміз тәуелсіздік алғаннан бері айтылып та, жазылып та келеді. Билік құр уәде мен жалған ақпарат беруден аса алмай отыр.

Әрине, бізге тәуелсіздіктің алғашқы жылдары басқа республикалардағы сияқты бірден отарсыздандыру саясатын жүргізуге халқымыздың демографиялық жағдайы және қазақ ұлтының саяси менталитеті оған мүмкіншілік бермеді. Дегенмен билік шын ниетімен халқымыздың рухын сақтағысы келсе, сол кезден бастап «саясатта бейтараптылық, экономикада интеграция, руханиятта тәуелсіздік» принципін басшылыққа алып, рухани жаңғыру саясатын сол мезгілде бастауы керек еді. Билік Қазақстан тәуелсіздігін алып, егеменді ел болғаннан бері осы елдің иесі, мемлекет құрушы титулды ұлттың ұлттық мүддесі туралы, соның ішінде: оның рухани құндылықтары туралы ойлап, оның шешілмеген мәселелерін шешейін деген ниеттері де болған жоқ. Себебі олардың көбі мемлекеттік тілді, яғни, ана тілін білмейді және оны білейін деген ойлары болмады. Ана тілін білмегеннен кейін қазақтың рухани құндылықтарының қадірін білмейді. Сондықтан оған жандары ашымайды. Әңгіменің қысқасы, қазақ халқы өзінің рухани тәуелсіздігінің негізі: тілін, дінін, салт-дәстүрін сақтап, шын мәнінде тәуелсіз мемлекет құрса, Назарбаев осы мемлекеттің Тұңғыш Президенті ретінде Қазақстанның тарихында қалатыны анық.

Ал, егер Қазақстанда мемлекет құрушы титулды қазақ ұлты өзінің рухани болмысының негізі – тілін, дінін, салт-дәстүрін сақтай алмай ұлт ретінде тарихтан жойылса, Назарбаев осы нәубетке бірінші жауапты адам ретінде халықтың қарғысына қалуы мүмкін. Сондықтан «Рухани жаңғыру» мәселесі қазақ халқы мен Назарбаевтың тағдырында шешуші рөл атқаратын болады.

Тіліміздің дамуы

Өмірде тілсіз ұлт болмайтыны сияқты ұлтсыз мемлекет те болмайды. Олай болса, қазақ халқының ұлттық мемлекетінің тағдыры – қазіргі қазақ тілінің тағдырына байланысты. Қазіргі біздің билік көбіне бұрынғы метрополияның тілінде жұмыс істейді. Ал, халықаралық стандарт бойынша мемлекеттік тілде сөйлемейтін билік, заңсыз билік болып саналады. Біздің мемлекетіміздің билік тармақтары, соның ішінде: заң шығаратын парламент, атқарушы үкімет, құқық қорғау органдары, байланыс, сот, банк, сауда, денсаулық, басқа да халыққа қызмет көрсететін мекемелер көбіне орыс тілінде жұмыс істейді. Бұрын осы қылықтарынан ақталу үшін биліктің сылтауы «қазақтың үлес салмағы республикада аз» деуші еді. Енді мемлекет құрушы титулды ұлттың саны республика халқының 70 пайызын құрап отырғанда, билік қандай сылтау айтар екен?

Назарбаев 2017 жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласында 2025 жылы қазақтың қазір пайдаланып жүрген кириллица қарпін болашақта латын қарпіне көшіру жөнінде мәселе көтерген болатын.

1940 жылы түрік тілдес Орта Азия халықтарының қаріптерін кириллицаға ауыстырғандағы коммунистердің басты мақсаты – оларды орыс мәдениетіне жақындатып, ассимиляциялау. Сондықтан да қазақтың қазіргі қарпін латын қарпіне көшіру өте дұрыс шешім болып табылады.

Бірақ та бұл жерде бір түсініксіз мәселе: ертең латынға өткенде Қазақстанда іс-қағаздары қай тілде жүреді? Егер де латын қарпінде жүретін болса, қазіргі қазақ тілін білмейтін биліктегі шенеуніктер қалай жұмыс істейді?

Қазіргі кезде мемлекеттік аппараттағы іс-қағаздары түгелге жуық орыс тілінде, парламент заңды орыс тілінде қабылдайды, мемлекеттік маңызы бар үлкен жиындар түгелге жуық орыс тілінде өтеді, шетелдермен дипломатиялық жұмыстар орыс тілінде жүргізіледі. Оның үстіне мемлекеттік тілді білмейтін жоғары шенді шенеуніктердің саны мыңдаған адам болып саналады. Сонда іс-қағаздары латынға өтсе, олар қалай жұмыс істейді әлде іс-қағаздары бұрынғыша орыс тілінде, кириллица қарпінде қала ма?

Осы сұрақ ондаған мың шенеуніктерді толғандырмауы мүмкін емес. Егер толғандыратын болса, олар неге үн шығармайды? Қазақстанда 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланғаннан бері қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде өзінің міндетін атқаруға кесел келтіріп, мүмкіншілік бермеген, осы орыс тілді шала қазақтар болатын. Олар өздерінің балаларын және немерелерін орысша оқытып, орысша тәрбиелеп келді. Енді қазақ тілі латын қарпіне көшіп, іс-қағазы қазақ тіліне ауысса, олардың балалары мен немерелері жұмыссыз қалатындары белгілі. Осы мәселе олардың санасына жетпей жатыр ма, болмаса, мұнда бізге белгісіз бір құпия сыр бар ма?

Қысқасын айтқанда: биыл тіл туралы заң қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланғанына 32 жыл толады. Содан бері мемлекеттік тілді дамыту туралы қанша қаулы, жарлық, бағдарламалар қабылданды. Сондықтан 2010 жылға дейін іс жүргізу мемлекеттік тілге өтуі керек еді. Шынын айтсақ, соның бәрі сөз жүзінде айтылып, іс жүзінде іске аспай, қағаз жүзінде қалды. Сондықтан кеш болмай тұрғанда, бүкіл қоғамымыз болып ойланып, бұл мәселе жөнінде парасатты, әділ бір шешімге келуіміз керек.

Дініміздің сақталуы

Дүниежүзінде дінге сенбейтін халық жоқ. Олай болса дінсіз қоғам да болмайды деген сөз. Дін – әлеуметтік құбылыс. Ол адамзат өмірінде, қоғамды қалыптастыруда аса маңызды рөл атқарады.

Дін қоғамда, рухани мәдениетті жасауда, әсіресе, қазіргідей өтпелі кезеңде адамдар өздерінің рухани құндылықтарын танып білуде, ұлттық мүддені қорғауда да атқаратын рөлі өте зор. Жеке адамдардың өмірінде де діннің аса маңызды орын алатыны белгілі. Дін әрбір ұлттың қоғам болып қалыптасуына, оның мәдениетінің, өнерінің, әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің дамуына зор әсер етеді. Қазақ халқы негізінен көшпенді өмір салтымен өмір сүріп, басты кәсібі мал шаруашылығы болды. Сондықтан олар қала салып, өндірісті дамытып немесе жер өңдеумен айналыспады. Бірақ та олардың рухани мәдениеті, соның ішінде: ауыз әдебиеті, қолөнері, әдет-ғұрпы, мұсылман дінінің қағидалары арқылы жоғары дамып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді.

Ар-ұятын сақтаған иманды адам отбасында, ата-анасына, ағайын-туыстарына, жолдас-жораларына да қайырымды болып, ізгілікті сақтап, адамгершілік арын таза ұстағаны дұрыс. Діншіл болып, исламның бес парызын сақтау – тек Алла Тағала күнәмды кешірсін деп немесе о дүниеде жұмаққа бару үшін ғана емес, осы жарық дүниеде адал, таза, ізгілікті өмір сүру.

Осы қасиеттер арқылы адамдар обал, сауапты түсініп, ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра білетін болады. Соның арқасында ізгілік, қайырымдылық, қанағат деген сөздердің мағынасын түсінеді.

Салт-дәстүріміздің өркендеуі

Әрбір ұлттың тарихи даму барысында қалыптасқан дәстүрі болатыны белгілі. Сол сияқты қазақ халқыныңда өмір салтына, әдет-ғұрпына, ырым-жоралғыларына байланысты табиғи қалыптасқан салт-дәстүрі бар. Ол салт-дәстүр сол халықтың географиялық орналасу жағдайына, ауа райына, негізгі кәсібіне, діни нанымына, дүние танымына байланысты қалыптасатыны белгілі. Ол – сол халықтың ата-бабаларының ғасырлар бойы жиған өмір тәжірибесінің бір жүйеге келтірілген өмір заңы. Оның ұлттық дәстүр деп аталатын себебі: ол бір ұлттың өмір салты, діни нанымы, ұлттық психологиясы арқылы қалыптасқандықтан, уақыт өте келе сол ұлттың дәстүріне айналады және ол дәстүр сол ұлттың әрбір адамының бойына анасының сүтімен, атасының тәрбиесімен, өскен ортасының әдет-ғұрпымен қанына сіңіп, санасына берік орныққан.

Егер де белгілі бір ұлтты жапырағы жайқалып өсіп келе жатқан терекке теңесек, дәстүрді сол теректің жерге терең сіңген тамырына теңеуге болады. Тамыры қанша мықты болса, ағаш көктеп, жапырағы жайқалып өседі, ал ағаштың тамыры жерге терең тарамай, жерден алатын қорегі, дымқылы мардымсыз болса, ол ағаштың бұтағы ерте қурап, жапырағы желге ұшып, діңгегі құлап тынады. Дәстүрінен айырылған халық та сол сияқты. Егер оның дәстүрі әлсіз болса, ертең ол халықтың ұрпағы қоғамдағы саяси ағымның дүлей күшіне қарсы төтеп бере алмай, өзгеге тәуелді болып, ұлттық болмысын жоғалтуы мүмкін.

Біздің рухани құндылығымыздың бірі және бірегейі ол – ұлттық салт-дәстүріміз, сондықтан да рухымызды жаңғыртқымыз келсе, оны әуелі салт-дәстүрімізге нені жатқызуға болады және оны қалай дамыта аламыз деп сұрақ қойып, соған жауап іздеуіміз керек.

Меніңше, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін жеті топқа бөлуге болады. Атап айтар болсақ: ұлттық мейрамдар, ұлттық ойындар, діни мейрамдар мен әдет-ғұрыптар, үйлену тойына байланысты әдет-ғұрыптар мен ырым-жоралар, бала тәрбиесіне байланысты дәстүрлер, қайтқан адамды жерлеу мен ас беру рәсімдері, тұрмыстық әдет-ғұрыптар мен ырым-жоралар.

Осы айтылған салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-жораларды бір-бірінен айырып, олардың әрқайсысының адам өмірінде атқаратын рөлдерін анықтап, оларды қазіргі заман талабына сай жетілдіріп, халқымыздың күнделікті өмір салтына енгізсек, болашақта ұлтымыздың рухани мәдениеті жаңғырып, оны әрі қарай дамытуға септігін тигізер еді. Сонда біздің күнде айтып жүрген қоғамымыздағы салауатты өмір салты салтанат құратынына ешқандай күмән жоқ.

Егер де адамдардың ұлттық санасы төмен болса, олар ұлттық қасиетінен айырылып, күш біріктіре алмай, мылқау тобырға айналып, ұлттық мүдде жеке бастың пайдасының құрбаны болып, ұлттық құндылық, ұлттық идея, ұлттық намыс деген қасиетті ұғымдар көпшілікті алдаудың құралына айналып, елінің тағдырын ойлайтын есті азаматтардың айтқандары қолдау таппай, барлық күш, уақыт өзара айтысуымен, тартысумен өтеді.

Біздің ұлттық санамыздың дертке ұшырағанының тағы бір белгісі: қазіргі қазақ қоғамындағы рушылдық, жершілдік, ағайыншылдықтың көрініс табуы. Ондай жағдайда: ұлттық мүддені қорғауда ауызбірлік болмай, ұлтым деп ұрандауға бар, ұйымдасуға жоқ, баяғы бос сөзді судай сапырып, босқа уақыт өткізу. Осы кезге дейін тіл мен жер мәселесінің шешілмей келгені – осының айқын айғағы.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні

Отандастар, біз өзімізді «тәуелсізбіз» деп санасақ та, біздің санамыз әлі тәуелсіздікке қол жеткізе алған жоқ. Соны мойындауымыз керек. Себебі біздің саяси элитамыз бұрынғы отаршылдық кездегі коммунистік идеологияда тәрбиеленген, сондықтан, отыз жыл бойы халықты сол бұрынғы интернационалдық идеологияның принциптерімен басқарып келеді. Уақытында Индияның ұлт-азаттық күресінің лидері Махатма Ганди: «Отаршылдардың тәрбиесінен шыққан элита – өз халқының ең басты жауы» деген болатын. Сол айтқандай, қазақ халқының тәуелсіздік алғанына 30 жыл болса да, рухани тәуелсіздігіміздің негізі болып саналатын тілімізді халқымыз түгел меңгере алмай, соның салдарынан қазақ ұлты тілде, дінде, дәстүрде, мүддеде, құндылықтарда бірнеше топқа бөлініп, ұлттық болмысынан айырылып барады. Осы қауіптің алдын алу үшін қазақ халқының басын біріктіретін ұлттық идеология қажет. Ол жөнінде Біріккен Араб Әмірліктерінің тұңғыш президенті Гамаль Абдель Насер: «Идеологияны тек идеологиямен жеңуге болады», – деген еді. Сондықтан отаршылдық дәуірінде ғасырлар бойы ұлттық санамызды улап келген құлдық санадан арылып, рухани құндылығымыздың негізі болып саналатын тілімізді дамытып, дінімізді сақтап, салт-дәстүрімізді өркендету үшін қазақ ұлттық идеологиясын қалыптастырайық.

Тегтер: білім онлайн оқу офлайн оқу қаулы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 09:43
Ақмола облысында ауыл тұрғыны көлікке оқ жаудырды
Әділ АҚЫЛБАЙ 09:13
Қазақтардың түсіне де кірмейтін заң
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 14:40
Мұғалімдердің жалақысы қысқара ма, БҒМ пікір білдірді
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 12:35
Тоқаев: Финтех саласындағы аймақтық көшбасшы Kaspi.kz капитал нарығы динамикасын арттыруда
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 11:07
«Іле-Алатау» ұлттық табиғи паркінің басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды – заңгер
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 09:12
Коронавирус жұқтырғандардың саны 900 мыңнан асты

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14