Ұрпаққа аты қалған Байқошқар би

23.07.2019, 16:45

47

Сапарымыздың бірінде  Абыралы өңірі, Ақбұлақ ауылына жол түсті. Оған себеп – осы төңіректе ғана емес, исі қазаққа аты мәлім Қазыбек би Келдібекұлының нағашысы, сүйегі Тарақты Байқошқар Сұлтангелдіұлы (Бапаң) атты бидің мазары басына белгі орнатылғаны. Яғни, Ақбұлақ ауылына жете берістегі баба бейітінің басына Қадыржан Уаханов бастаған ұрпақтары «өлі разы болмай, тірі байымайтынын» ұғынып, осы істі жүзеге асырғанына куә болдық. 


Негізінде Ақбұлақ ауылы – қазақтың әлемге әйгілі әншісі Әміре Қашаубайұлының туған жері. Ал, Байқошқар би жайлы қазіргі күнде мәлімет аздық еткенімен, осы төңіректе бейіті жатқандықтан, оның кім болғандығы әлі де нақталай, тереңірек зерттеуді қажет етеді. Әзірге қолда бары – белгілі жазушы-шежіреші Медеу Сәрсекенің «Тарақты және Қаракесек шежіресі» кітабындағы мына бір жолдар:

«Байқошқар Сұлтангелді ұлы батырлығымен бірге қиыннан қиыстыра, төтеден төге сөйлейтін шешен де алғыр, қажет болса күш көрсете де білетін қолы қатты, бірақ әділ би болыпты. Он сегізінші ғасырдың орта шенінде Қарамыстан тараған тарақты ұрпақтарының біраз ауылы қазіргі Баянауыл ауданындағы Алабас тауын қоныстапты. Ілгергі жылдарда бұл жер қуандыққа тиісті екен. Онда-мұнда көшіп-қонып жүрген байырғы заман, қуандықтар қайта көшіп келсе, біраз уақыт мекендеп қалған тарақтылар Алабасты бере қоймапты. Жер дауы қозып, ақыры қуандықтан Өтебай,  Қосыбай, тарақтыдан Байқошқар, Сағал деген игі жақсылар өзара келісіп, дауды басады. Бірақ, жер тарлығы білініп егес сөз көбейе берген соң Сағала мен Сапақ билер бастаған тарақтының біраз ауылы Қаратауға қарай көшіп кетеді де, Байқошқар батыр бастаған Сары, Әлі ұрпақтары Балқаш бойындағы бір өзеншікке ойысады білем… Бұл өзен содан бері Сары аталса керек… Осы көшу кезінде олар қаракесектермен жанасып, тіпті жекжат та болып кетеді… (33-бет)».

Жазушы М. Сәрсекенің аталған кітабындағы дерекке сүйенсек, Сұлтангелді Наурызбайұлынан Елшібай, Байқошқар, Алпыс, Жетпіс, Сексен, Тоқсан атты алты ұл туған. Елшібайдан ұрпақ өрбімеген екен. Дегенмен, Байқошқар бидің мазарынан арырақта оның да қабырғасы құлап, мүжілген бейітін көзіміз шалды. 

Енді осы біз тілге тиек еткен Байқошқар Сұлтангелдіұлынан Тышқанбай, Жолбарыс, Қабыланбай атты үш ұл және Тоқмейіл атты қыз туған. Осы Тоқмейілге атақты Қазыбек бидің әкесі Келдібек Бегімсымақ деген әулиенің болжауымен қырықтан асқан шағында ұзақ іздеп жүріп, кез болып үйленген екен. Бұл туралы әйгілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Қазақ шежіресі» атты еңбегінде жан-жақты баяндап өткен. Сол «Қазақ шежіресінде» Арғынның Қаракесегінен шыққан Келдібек Шаншарұлы Тоқмейілге үйленіп, одан Асан, Үсен, Бадана, Бедене, Сәдібек және қазақтың атақты үш биінің бірі Қазыбек би туғаны айтылады. Яғни, сараптай келгенде Байқошқар би – Қазыбек бидің туған нағашы атасы болып шығады. 

Дегенмен, Байқошқар Сұлтангелдіұлының нақты қай жылдары туып, қашан дүниеден өткені әлі де түбегейлі зерттеуді қажет етеді. Тағы бір айтар жайт, ел аузында қалған «Байқошқар би былай деген екен» деп келетін аңыз-әңгімелерді де іздестіре жүрген абзал. Ал, қазақтың белгілі дәстүрлі әншісі, өнер майталманы Ерлан Төлеутайдың «Фейсбук» әлеуметтік желісінде қалдырған мына бір пікірі де назар аударарлық: «Байқошқар батырдың қазіргі Шет ауданы, Қызылтау ауылынан көшкені анық дерек. Мұны Қызылтаудың қарияларынан жазып алғанмын. Байқошқарды бұл жақта батыр деп атайды» дейді әнші ағамыз.

Сонымен Ақбұлақ ауылына қарай беттегенде оң қапталдан көзге шалынатын көнерген баба бейітінің басында ұрпақтары бас қосып, парызын орындады. Мазарға қойылған қара мрамор таста Байқошқар бидің Тарақтының Сары, Әлі бұтағынан тараған буынды 1763 жылы Балқаш өңірінен Тойөткен өзенінің бойына алып келгені жазылыпты. 

Бұл күнде Тойөткен өзені де адыр етегінде үзік-үзік болып жылай ағып жатыр екен… Қырық жыл бойы атом сынағының азабын тартқан ел-жұрт пен топырағы тозған боз даланың қайғы- шерін қозғап жатқан секілді. Осы тұста Ақбұлақ ауылының тумасы, талантты ақын Қайырбек Шағырдың «Көш» атты өлеңіндегі мына бір өлең жолдары да көкейімізде сайрап қоя берді:

Жауапкер кім, заман ба, жаман ба әлде жұрт өзі?
Тоздырды ма іргесін жемқоры мен қырт, езі.
Ел бірлігін бекіткен билер қайда бұл күнде,
Бір дастанға бергісіз байлау айтқан бір сөзі.
Сондай бидің бірінің мазары әне, жол үсті.
Қорып жатыр қаны мен тері тамған қонысты.
Бүгін кеткен қадірі жалғыз қарыс жер үшін,
Көшпеген де, көшкен де баба алдында борышты,-деп толғайды ақын.
Шындығы шымырлаған Қайырбек ақынның бұл өлеңі ауылдастарының жаппай қалаға көшіп, баба мазары қараусыз қалар ма екен? деген алаңдаудан туғаны байқалып тұр. 
 -Байқошқар бабамыздың осы жерде жатқанын бала кезден әкемізден естіп өстік. Қазір есейіп, ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігіне жарай бастаған соң, осы атамыздың мазарын қоршап, басына тас қойып, есімін айшықтауды үнемі ойлап жүретінмін. Ақбұлақтық азаматтармен, қаладағы Бағлан Ғабдуллин бастаған ағаларымызбен ақылдаса келіп, осы аманатты орындағанды жөн санадық. Алдағы уақытта тозып, көнере бастаған мазарды қалыпқа келтіре беру ойымызда бар,-дейді Қадыржан Жөкенбекұлы. 
Иә, айта берсек, тарихтың мәнді оқиғалары тізбектеліп шыға береді. Оның бәрі де біртіндеп уақыт еншісінде зерттеліп, кейінгі ұрпақтың кәдесіне жарар қастерлі дүниеге айналары анық. Өткен жылы ғана Әміре Қашаубайұылының 130 жылдығы мен Ақбұлақ ауылының іргетасы қаланғанына 50 жыл толуын дүбірлетіп атап өткен ел азаматтарының береке –бірлігіне келген қауым тәнті болып қайтып еді. Бұл жолы да бабасының алдындағы парызын жауапкершілікпен атқарған ақбұлақтықтардың бұл ісі де үлгі етіп айтуға лайықты деуге әбден болады. 


Фото автордікі

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 02.12.2020, 22:30
Ләззат Құсайынова – ғалымдардың жалақысын заңдастыру қажет
Сайт әкімшілігі 02.12.2020, 13:25
Нұр-Сұлтандағы жекпе-жек сарайына Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді
Бифат ЕЛТАЕВА 02.12.2020, 12:14
Балам ақылды болсын десе, әр ана бесік жырын айтуы керек-дефектологтың кеңесі
Сайт әкімшілігі 02.12.2020, 11:11
Коронавирус 2003 жылы өршіген бе, ақиқаты қайсы?!
Сайт әкімшілігі 02.12.2020, 09:13
Нұр-Сұлтанда тағы бір қоғамдық орында жарылыс болды
Айжан БҮРКІТБАЕВА 01.12.2020, 18:22
Ерте некенің ертеңі күмәнді

Аңдатпа


  • Нұр-Сұлтанда тағы бір қоғамдық орында жарылыс болды
    02.12.2020, 09:13
  • Коронавирус 2003 жылы өршіген бе, ақиқаты қайсы?!
    02.12.2020, 11:11
  • «Утемисов», «Датулы», «Клышев» көшелерінде тұрамыз
    30.11.2020, 14:35
  • "ХҚКО-ның санитарлық тораптарында «жағдай» айтарлықтай мәз емес"
    30.11.2020, 13:59
  • COVID-19: қай өңірлердің "қызыл аймаққа" енгені белгілі болды
    30.11.2020, 13:04