Ұсақ ұлтшылдықтан ұтамыз ба, ұтыламыз ба?

08.01.2019, 18:36

54

Ұлтшыл деген жақсы сөз, әдемі естіледі. Әсіресе, әлеуметтік желіде ұрандағанға өте-мөте оңтайлы. «Ұлтым» деп күңіреніп шығу арқылы нысаныңызға алып отырған обьектіңізді төпелегіңіз келсе, жүздеген онлайн ұлтшылдар соңыңыздан ереді. Ал қарсы шыққандарды бірден «сатқын, ұлтқа қарсылар» санатына кіргізіп, оларды да жолшыбай бас-көз демей қамшының астына алып өтесіз. Қоғамның назары ауған әр мәселеде осы тактиканы ұстанып, «ұлт батыры» атанып жүрген жандар қазір көп. Бірақ бұл ұлтшылдық па? Жоқ әлде жеке адамның ішкі мәселесінен шығатын проблема ма? Біздің ше, екіншісіне көбірек келеді. Мәселен, бірнеше оқиғаны алайық. 2016 жылы жер митингісінде азаматтық белсенділіктің өскендігін көрініс тауып, ұлтшылдықтың ұсақ белгілері көрінді. Дегенмен, ұлттық ұран, ұлтшылдық бетпердесін кигендер алаңға шықпай, желідегі жылы орындарында қалды да, ұранға еліткен қарапайым адамдар көшеге шықты. Биыл сол митингі бойынша істі болған Талғат Аян босап шыққанда, оны ағайын-туыстарынан өзге ешкім күтіп алмады. «Батыр»  деп сипаттаған ондай азаматтарды митинг кезінде желілер де қоғамдық көсеушіге айналғандар өздерінің ұлтшылдық һәм азаматтық ұстанымдарына беріктігін неге көрсете алмады? Немесе «Шаңырақ ісі» бойынша сотталған Ерқанат Тараншиев пен Құрманғазы Өтегенов бостандыққа шыққанда да әдеттегі ұлтшылдық ұранын көтеріп, азаматтық қоғам белсенділері атанып жүргендер бой көрсетпеді. Ой да айтпады. Ал күні кешегі Сайрагүл Сауытбайдың ісінде желідегі жалаң ұлтшылдық қайта қозды. Ұлтшылдық билікті сынау деп түсінетін және оңтайлы әрі қауіпсіздеу мәселелерді «ұлт мәселесі» етіп ұрандайтындардың тайлы-тұяғы қалмай Жаркентке барды. Сот шешімі оларды қанағаттандырғаны сонша аяқ астынан ұлт батырларына қарық болып қалдық. Осы ретте философ Шопенгауердің бір сөзі еске түседі. «Ең арзан мақтан – ұлттық мақтан» деген ол: «Өз бойында мақтан етерлік ештеңесі жоқ адам өзі шыққан ұлтты мақтан көріп, оның кемшіліктерін қорғаштайды. Ұлттық мақтан жеке тұлғалық азаматтық қасиеті жоқ адамдарға тез жұғады. Ал жеке тұлғасында адами-азаматтық қасиеттері дамыған жандар өз ұлтын үнемі бақылап, оның кемшіліктерін айтып отырады» дейді.

Рас, мұндай ұсақ ұлтшылдықты сөз етпеуге де болар еді. Алайда, оппозициялық күштер жойылған, азаматтық белсенділер де арагідік қуадалауға түсіп жататын елде ұлтшылдық ұранын алға салып, билікті сынаумен ғана шектелетін мұндай топтардың кесірлі болуы да ықтимал. Айталық, ұлтшылдықтың үлкен күш екені мәлім. Егер оны дұрыс жолға қойып, жүйелі дамыта отырып, ұлтшылдықты мемлекетшілдікке ұластырмайынша, қазіргідей бақылаусыз, жүйесіз, мақсат-мұратсыз ұлтшылдық ұлттың өзіне қауіпті. Биліктің науқаншылдық пен және бір реттік қана істермен әуестенуі ұлтшылдық секілді өте қуатты дүниелердің қараусыз қалуына әкелді. Әлбетте, оған біртұтас идеологияның жоқтығының әсері де бар. Қазіргі кезде көрініс тауып жүрген ұсақ ұлтшылдықтың ең қауіпті тұсы – жұқпалылығы. Адам ұлт пен ұлтшылдықтың тегін, тарихын, дамуын және оның сатыларын, сипатын, қолданысын, қызметін түсінбей жатып, ура ұлтшылдықтың арзан ұрандарына көзсіз еріп кетеді. Оның кейбір жеңісіне баланған нәрселерге арқаланып, бағыттың дұрыстығына сенімі беки түседі. Шындығында, билік ұлттық идеологияда жіберген қателіктерінің кесірінен қазір шуылдаған ұсақ ұлтышлдықтың қысымында қалып қойды. Ұсақ ұлтшылдық тобырдың қара күші. Ешкімді танымайды. Сәйкесінше, онымен тіл табысу, ортақ мүдделестік бағытқа икемдеу, мемлекетшілдік ұстанымдарына баса назар аударту да тым қиын. Әдетте, талаптары эмоциялық ерік толқынында стихиялы түрде болып келеді де от алып кетеді. Мұндайды біз соңғы бірнеше қоғамдық мәселеде анық байқадық. Тіпті ұсақ ұлтшылдық өз көсемдерінде шығаруға, батырларын әспеттеуге де дайын екені байқалды. Демек жабайы күш қоғамның ішкі наразылығының шығу жолына айналу қаупі бар. Бұл – қоғамға да билікке де қауіп. Тоқсаныншы жылдары ұлттық күштерді ыдыратып, кейін оппозицияны жойып, көпвекторлы, бағыты түсініксіздеу жүйе құрған билік енді қара күштің, тобырлық ұсақ ұлтшылдықтың қысымында қалып отыр. Соңғы жағдайлар да билік солардың дегеніне көнді. Мұны «жалған ақпарат тарату, ұлт және әлеуметтік араздықты қоздыру» деген сынды қылмыстық баптармен ұзақ уақыт қорқытып ұстап тұру мүмкін емес. Ондай жазалау механимзі ұранға еліткіш ұсақ ұлтшылдықты одан әрі қоздырып, оның қаупін зораята түседі. Яғни, тегеурінді мемлекетшілдікке негізделген ұлттық күштерді қайтадан қоғамдық-саяси алаңға шығуға мүмкіндік жасалмаса, ұсақ ұлтшылдық ұлтты опындырып, оның дамуын тежейді әрі қоғамды қатерлі жолға бастайды. Қазіргідей транзиттік асу алдында тұрған билік үшін көзінің алдын, иегінің астын ғана ойлаудан аспайтын ұсақ ұлтшылдық та үлкен кедергі, асау өзенге айналмасына кепілдік жоқ.

Таңатар ТАҒАН

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:22
Коронавирус жұқтырғандардың саны күрт өсті
Жарлы БАЙҒАНИН 09:16
Есектің еті ем, сүті саумал ма?
Сайт әкімшілігі 25.11.2020, 10:40
Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
Мариям МАҚСАТ 25.11.2020, 09:40
Көп балалы аналар қоғамнан неге теперіш көріп жүр?
Дана Жарылқасынқызы 25.11.2020, 09:35
Арақ арқалатқан азап
Сайт әкімшілігі 25.11.2020, 09:30
Еліміздің төрт қаласында ауа ластанады

Аңдатпа


  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    25.11.2020, 10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57
  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    24.11.2020, 12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42