04.02.2021, 21:54
783
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Михай Галошфаи мен Бас консул Ференц Блауманнмен кездесті. Кездесуде барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастарды, іскерлік байланыстар және ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Өмірзақ Естайұлы өңірдің экономикалық әлеуетімен таныстырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Әсіресе, экотуризмді дамытып, Түркістанға туроператорларды тартуды ұсынды. Өңір қасиетті Түркістан өңірінің тарихына көз жүгіртіп, бизнеске қолайлы тұстарын атап көрсетті.
Кездесуде Мажарстанның елімізбен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген қызығушылығы жайында айтылды. Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қарқынды дамып келе жатқан Түркістан өңірінде бизнесін өрбіруді көздеген кәсіпкерлердің көп екенін айтып өтті. Оның ішінде «Венгрия қыпшақтар одағы» өкілдерінің ерекше қызығушылығын жеткізді. Ол өзінің алғашқы сапарында шаһардың тарихи мұраларымен танысып, жаңадан бой көтерген заманауи ғимараттарын аралап көрмек. Дипломат алдағы уақытта екіжақтық стратегиялық әріптестік тамырының тереңдей түсетініне сенім білдірді.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР