Заң астарындағы «жасырынған жоба»

Батыр ЖАСҰЛАН

22.09.2021, 12:00

628

      Өткен аптаның соңында мәжілісте  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Алайда бұл заң жобасына баса назар аудармай-ақ қоюға болар еді. Ең бір қызығы, мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда бірден қабылдап жіберген заң жобасы  «бала құқын қорғауға» байланысты делінгенімен, әлеуметтік желіге де тікелей қатысы бар болып отыр.  

     

Жалпы, бізде заң қабылданып кеткеннен кейін ғана барып кейбір түйткілді мәселелер жұртшылыққа жария бола бастайды. Ендеше, қазір халық арасында  қызу талқыға түсіп жатқан  мәселеге тереңірек үңілейік.

Аталған  заң жобасында «шетелдік онлайн-платформаның немесе лездік хабарлар алмасу сервисінің меншік иелері немесе заңды өкілдері Қазақстанда заңды тіркеуден өтіп, филиалын ашпаса, олардың қызметі Қазақстан аумағында шектелетіні атап көрсетілген. Яғни facebook, whatsapp, instagram, telegram және өзге де шетелдік онлайн-платформалар мен лездік хабарлар алмасу сервистері Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркеліп, бөлімшесін ашпаса, олардың қызметін билік заңды негізде бұғаттап тастайды. Ал шетелдік компания Қазақстанда өкілдігін ашқан жағдайда оны шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар басқара алмайды. Демек, оны Қазақстан азаматы басқарады»,–делінген. Ал бұдан шығаратын қорытынды не? Қазақстан азаматы басқарған жағдайда ол мекеме немесе филиал бәрібір біздің билікке тәуелді болады емес пе? Ал біздің министрлік бұл заңды қолдап, қуаттап отыр.  

      – Заң жобасында әлеуметтік желілер мен мессенджерлер бойынша нормалар ұсынылған, біз оны қолдаймыз. Өйткені ақпараттық алаңды талдау, мониторингілеу кезінде біз кибербуллингтің көп мөлшерде жүріп жатқанын, министрлікке көптеген өтініштер келіп түсіп жатқанын көріп отырмыз.

        Егер нақты фактілер туралы айтатын болсақ, 2020 жылы мониторинг кезінде біз интернет-ортада кибербуллингтің 70 мыңға жуық фактісін анықтадық. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер әкімшілігінде біз материалдарды жою туралы 1800-ге жуық өтініш жібердік. 2021 жылы бұл сан көбейді, біз 140 мыңға жуық заңбұзушылық дерегін анықтадық. Тиісінше, біз 1700-ге жуық өтінішті әлеуметтік желілер мен мессенджерлер әкімшілігіне жібердік. Өкінішке қарай, барлық әлеуметтік желі және мессенджерден өтініштерімізге жауап келе бермейді. Сондықтан осы бағытта біз әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге арналған нормалар мен түсініктерді енгізуді ұсынамыз, – деді ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев.

      Рас, кейінгі кезде Қазақстанда балалар арасындағы суицид, оларды қорқыту, қорлау және зорлау деректері жиі кездесіп жүр. Біз оны жоққа шығара алмаймыз. Осыған орай, заңның қатаңдатылғаны да жөн. Суицид жөнінен Қазақстан, өкінішке қарай, әлем бойынша алдыңғы орында. Алайда оған, нақты айтсақ, фейсбуктың қаншалықты қатысы бар?  

     – Осыдан бірнеше күн бұрын менен Қазақстанда әлеуметтік желілердің өкілдігін тіркеуге қатысты түсініктеме беруді сұрады. Мен бұл әрекетке таңғалып және түсінбей отырмын. Бұл заң Қазақстанда әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді жабуға әкеп тірейді. Ал нақты айтқанда, әлеуметтік желі бүгінгі таңда халық өз ойын ашық айта алатын жалғыз трибунаға айналып отыр. Фейсбук – мемлекет пен халықты байланыстырып отырған жалғыз мінбер. Нақты айтсақ, зорлау мен қорлау, тұрмыстық зорлық-зомбылық, қатыгездік – мұның барлығы да әлеуметтік желіде көтерілген қоғамдық пікірден кейін ғана ашылып, шара қолданылып жатқан жайы бар. Фейсбуктегі халықтың қоғамдық пікірінен соң ғана атқарушы биліктің  жұмыс істеуге кірісетіні жасырын емес. Сондықтан бұл заң кибербуллинг мәселесін алға шығара отырып, әлеуметтік желіні жабуға  арналған әрекет. Өкінішке қарай, әлеуметтік желі болмаса да, Қазақстан жасөспірімдер суициді жөнінен 15 жыл бұрын да көш басында болған. Бүгін де солай. Ал қазіргі қабылданғалы отырған заң — Қазақстанда сөз бостандығына қысым жасау ғана, – дейді белсенді блогер Глеб Пономарев.  

       Расында да, солай. Біздің билік балалардың құқын қорғау, яғни кибербуллинг мәселесін алға шығара отырып, қызу пікірлер алаңына айналып отырған фейсбукке бақылауды күшейтпек ниетте. Әзірге, заң жобасы мәжілісте бірінші оқылымда қабылданды. Бірақ бұл жобаны жасағандар кімдер? Кибербуллингті өзекті ете отырып, әлеуметтік желіге бақылау қою және оның елімізде өкілдігін ашу мәселесін көтеріп отырған қай депутат? Бұл заң астарындағы «жасырынған жоба» емес пе? Кейін анықталғанындай,  мұны дайындағандар мәжіліс депутаты Динара Зәкиева мен Айдос Сарым болып шықты.  

      — Дегенмен бүгінде ең көп талқылауға түскені кибербуллингтің алдын алу туралы норма болып тұр. Жекелеген қоғам өкілдері құжатты «Сарым – Зәкиева түзетуі» деп атауды ұсынып, аты-жөндерімізді есте сақтауға уәде беріп жүр. Егер бұл бір баланың өмірін қорғап қалатын болса, онда мен келісемін. Он жыл болды, балаларға көмектесумен айналысып келемін. Қудалау, кибербуллинг, суицид жиілеп кетті. Осы жылдың алты айында ғана 193 бала өз-өзіне қол жұмсамақ болып, 105 оқиға қайғылы жағдайда аяқталды. Өкінішке қарай,  жұртшылықтың қазір  әлеуметтік желіге назар аударып отырғаны көңілді қатты жабырқатады. Бүгін әлеуметтік желі жайында ойлап, наразылық танытып жүргендер мұндай жайт ертең балаларына қатысты болған кезде қандай әрекет жасар екен?! Біз әлеуметтік желіге қарсы емеспіз. Біз балаларды қорғауды жақтаймыз. Балалар – елдің басты байлығы, – дейді мәжіліс депутаты Динара Зәкиева.

       Алайда депутат болғанға дейін әлеуметтік желіні мінбер ретінде тиімді пайдаланған Айдос Сарым бүгін неге фейсбуктан қашып отыр? Әлеуметтік желісіз-ақ соңғы 15 жылда, блогер Глеб Пономарев айтқандай, Қазақстан суицид жөнінен әлемде алдыңғы орынды бермей келе жатқан жоқ па? Олай болса кибербуллингтің фейсбукке не қатысы бар?

      Рас, қазіргі уақытта кибербуллинг бүкіл  қоғамды  алаңдатып тұрғанын жасыра алмаймыз. 2020 жылы балалар мен жасөспірімдер арасында 143 суицид тіркелсе, 193 суицидке талпыну дерегі тіркелген. 2021 жылдың бірінші жартысында 105 бала өз-өзіне қол салған. Өте өкінішті жағдай. Бірақ біз үшін ең басты мәселе – суицидтің алдын алу және оны болдырмау емес пе? Мектептегі және отбасындағы барлық тәрбие осыған бағытталуы қажет. Сонда ғана біз кибербуллингтен ада болып, суицидтің алдын аламыз. Ал «баланың құқықтарын қорғауға арналған»  заңда кибербуллингті сөз ете отырып, әлеуметтік желінің өкілдігін елде тіркеу туралы қисынсыз әңгіме айту – бұл биліктің мүддесін ғана көздейтін қадам. Нақты айтсақ, бұл заң астарындағы «жасырынған жоба». Анығы, әлеуметтік желіде халықтың пікіріне тоқтау салуға болмайды. «Еститін үкімет» үнемі бұқараның үнін естіп, одан қорытынды шығарып отыруы тиіс.

Тегтер: заң заң жобасы министрлік заңгер

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрай РАХЫМ 22.10.2021, 19:23
Қуатты өңірлерді дамытудың міндеті айқын
Сайт әкімшілігі 22.10.2021, 19:16
QAZFORUM-2021 басталды
Сайт әкімшілігі 22.10.2021, 09:08
Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев
Еңлік АРЫҚБАЙ 21.10.2021, 15:00
Тегің қазақ па?
Еңлік АБАҒАН 21.10.2021, 13:27
Ана мен бала өліміне кім кінәлі?
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 10:50
Nur Otan сайлауалды бағдарламасының 24,8% орындалып үлгерді

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31