Жалағаштағы жер дауы

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

03.09.2020, 13:17

257

Өзгенің меншігіне өтіп кеткен жерді заңды иесіне кім қайтарады?

Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы Темірбек Жүргенов және Жаңаталап елді мекендерінің 700-ден астам тұрғыны жер мәселесіне байланысты наразылықтарын білдірді.

Әлқиссасын бағамдасақ, сонау тәуелсіздіктің елең-алаңында жерді 49 жылға жалға алған ауыл тұрғындары белгісіз себептермен пайлық үлесіндегі жерлерінен айырылып қалған. Екі ауылдың инженерлік жүйеге келтірілген 1248 гектар ауылшаруашылық жері «Қазақстан күріші» АҚ меншігіне өтіп кеткен екен. Ауыл тұрғындары облыс әкімдігіне және басқа да құзырлы органдарға ұжымдық хаттамалар жолдапты. Бірақ шенділердің жауаптарында пайлық жер үлестерінің акцияларға айырбасталғаны көрсетіліпті.  

– Жерімізге деген құқығымыздан айырылып, бармаған жеріміз қалмады. Алаяқтар сыртымыздан жалған құжат жасатып, жерімізді иемденіп кеткен. Біз жерімізді 2002 жылы «Агроинвест» ЖШС-не жалға бергенбіз. Олар бір жыл күріш егіп, келер жылы жерді «Қазақстан күріші» АҚ-ына өткізіп жіберіпті. Оны халық білмейді. Жер иесі диқандармен келісімшарт жасалмаған, – дейді Жүргенов ауылының тұрғыны Қаржаубек Мұстафин.

Үш жыл күріш егіп, пайда тапқан «Қазақстан күріші» акционерлік қоғамы жергілікті халыққа көк тиын да төлемеген.

– Біз осы «Қазақстан күріші» кәсіпорнын іздеп жүрсек, жергілікті билік бұл компанияны құрту үшін қолдан құжат жасап, сотқа тартып, жердің заңдылығын сақтамады деп, құқынан айырған. 2005-06 жылдары Қызылорда мамандандырылған ауданаралық сот шешімімен бізге тиесілі жер мемлекеттік жер қорына берілген, – дейді ауыл тұрғыны Төребек Төлегенов.

Ауылдың аңғал азаматтары өздерінің меншігіндегі жердің қалайша басқа біреулерге өтіп кеткеніне әлі де таң.

– Құжат сұрасақ, «өртеніп кетті» деп өтірік айтады. Әбден тауымыз шағылды, ел президенті халықтың жерін алып береді деген үміттеміз. Өйткені барымыз да, байлығымыз да осы жеріміз, – дейді Жаңаталап ауылының тұрғыны Бақытбек Рахметов.

Қос ауылдың тұрғындары аталған сот шешімімен келіспейтіндерін айтады. Өйткені, диқандардың айтуынша, сот шешімінде «Қазақстан күріші» АҚ меншігіне жер учаскелерінің қалай өткені туралы нақты мәлімет жоқ екен.

– Аудан әкімінің қаулысы не меншік иелерінің келісімі жоқ, ауыл тұрғындарының өз жер үлестерін «Қазақстан күріші» АҚ акциясына айырбастау жөнінде ешқандай келісімшарт жасалмаған, үлескерлер арасында өткізілген жалпы жиналыстың хаттамасы да жоқ. Сондай-ақ «Қазақстан күріші» АҚ-ына жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан ешқандай құқықтық акті табысталмаған, – дейді осы іспен айналысып жатқан заңгер Нұрсұлтан Бәйменов.

Облыста адам құқығы мен халық мүддесін қорғап жүрген «Глобус Ақмешіт» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғани Алиев бұл мәселеге орай, жоғарғы сот пен бас прокуратураға арыз жазып, істің оңды шешілуіне ықпал етуін сұрапты.

– 2005-06 жылдары Қызылорда мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Г.Таңатова ауыл тұрғындарын үлестік жер пайдалану құқығынан толықтай заңсыз айырған. Жоғарғы сот қисынсыз ұйғарым жасаған сот шешімін бұзуға ықпал жасайды деп сенемін. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы осы жерге тікелей байланысты. Құзырлы ұйымдардың қызметкерлері халықпен ашық диалогқа келу керек. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі халықтың жағдайын жасаңдар деп, тайға таңба басқандай етіп айтқан, – деді қоғам белсендісі.

Дау тудырған жер мәселесіне орай, Жалағаш аудандық жер қатынастары бөлімі төмендегідей мәлімет жіберді. «Қызылорда облыстық аумақтық жер ресурстарын басқару басқармасының 2004 жылғы жоспарлы тексерулерінде ауыспалы егіс жүйесінде дақылдарды кезектестіру схемасын сақтамай, толығымен күріш дақылын орналастырып, жерді тиімсіз пайдаланып отырғаны анықталуына байланысты «Қазақстан күріші» АҚ-ына әкімшілік шара қолданылып, кемшілікті жою, жерді тиімді пайдалану қажеттігі жөнінде ескертулер берілген.

2005 жылғы тексерулерде аталған кемшіліктердің жойылмай, жердің тиімсіз пайдаланылып отырғаны қайта анықталуы себепті Қызылорда облыстық аумақтық жер ресурстарын басқару басқармасы тарапынан «Қазақстан күріші» АҚ-ның пайдалануындағы жерлерді мемлекет қорына қайтарып алу жөнінде Қызылорда мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз берілген.

Нәтижесінде Қызылорда облыстық аумақтық жер ресурстарын басқару басқармасының талап арызы қанағаттандырылып, Қызылорда мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2005 жылғы 22 желтоқсандағы №2-731-05 шешімі мен 2006 жылғы 15 ақпандағы №2-731-05 қосымша шешімдерімен «Қазақстан күріші» АҚ-нан ҚР заңдарын бұза отырып пайдаланған, уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен табысталған №1 ауыспалы егістіктегі 10-148-026-535 кадастрлік нөмірлі жер учаскесіндегі 722 га жер үлесі, №6 ауыспалы егістіктегі 10-148-026-555 кадастрлік нөмірлі жер учаскесіндегі 526 га жер үлесі мемлекет қорына қайтарылып алынған», – делінеді.

Қолдан-қолға өткен жер учаскелерінің ендігі тағдыры кезекті сот отырысында белгілі болады.

P.S. Айтпақшы, бүгіндері бұл жерлерде «Манақ баба» фермерлік қожалығы мен «Ерәлі» шаруа қожалығы ауылшаруашылық өнімдерін егіп, ауыл халқын жұмыспен қамтып отыр.

Тегтер: жер дауы мәселе Жалағаш қоғам дау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 13:50
Қазақстанға құс тұмауын жабайы құстар әкелген болуы мүмкін
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 11:16
Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 09:34
Өткен тәулікте пневмониядан 1 адам қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:38
Ұшақ құлап, 25 адам қаза тапты
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:35
Пневмония: науқастар саны тағы артты
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:26
Өткен тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43