Жамбыл Жабаевты жақтырмай жүрген кім?

03.08.2019, 14:44

51

Неге екенін қайдам, Тараздағы тас мүсіндердің сынғаұшырамағаны кемде-кем. Біреуінің тасы ұнамады, екіншісінің басы ұнамады, ендібір ескерткіштің жасалған затын, батырдың мінген атын жақтырмай, әйтеуір, бұлмәселе үнемі жұрттың қызу талқысына ұласып жатты. 

Тараздың қақ төріндегі Қойгелді батыр ескерткіші бірнешемәрте ауысты. Батырдың астындағы аты шағын боп қалып, өткен-кеткеннің бәріқолымен көрсетіп күле берген соң, ол ескерткішті Жуалы ауданының түкпірдегі бірауылына апарып тастап, орнына жаңасын қойды. Бауыржан МОМЫШҰЛЫНЫҢ мүсініндебатырдың қылышы белдіктің оң жағында қалып кетіп, «сонда Баукең солақай болғанба?» деп жұрт оның авторын жерден алып, жерге салып жатты. Ең соңы күні кешеғана қойылған Керей мен Жәнібектің ескерткіштерінде екі хан екі тақта отыр,яғни бір елді екі хан билеп отырған сияқты, «бұл бүтіндей бір ел, бір халықүшін өте жаман ырым» деп, тілшілер жазудай-ақ жазды. Ырым-жырымын қайдам, бірақарада төрт жыл өткенде «осы елді Назарбаев пен Тоқаев қатар басқарып отыр»деген әңгіменің гулегені де жасырын емес. Қысқасы, көне Тараздың төрінен орыналған Абай, Бәйдібек би, Төле би, Балуан Шолақ, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қ.Рысқұлбеков,А.Пушкин және тағы басқа да тұлғалардың ескерткіштері – бәрі-бәрі кезінде жұрттыңқатты сынына ұшыраған.

Шамасы, осыған дейін Жамбылда жұрттың сөзі тимеген,сыннан сауыт кимеген бір-ақ ескерткіш болды. Ол жыр алыбы Жамбыл ЖАБАЕВТЫҢ биіктұлғасы еді. Иә, рас, қайбір жылдары жыр алыбы туралы да баспасөз беттеріндебіраз нәрсе жазылған. Бірақ олар ескерткіштің сапасын, тұрған тұрысын емес,базардың ортасында қалып кеткенін, ақынның алып тұлғасы қаптаған саудаорындарынан көрінбей қалғанын, алдындағы шағын алаң азып-тозып бара жатқанынжазған еді. Бұдан басқа, Жамбыл жәкеміздің осынау мүсінінің сапасына сын айтқанжанды көрмедік. Шынында, сол жылдары орталық базардың ортасында қалғанескерткіштің еңсесі пәс еді. Одан бері де, құдайға шүкір, базардың барлығы қаласыртына көшті. Ескерткіштің айналасынан мәдени орталық салынып, қаланың еңкөрікті жерлерінің біріне айналды. Осынау сұлулықпен бірге жыр алыбының тұлғасыда дараланып көріне түскені анық. Бірақ жыр алыбы туралы «жыр» дәл осы кездебасталды. Дәл қазір Таразға келсеңіз, Жамбыл жәкемнің ескерткіші туралықаптаған пікірлерге қарық боласыз.

Алдымен осы ескерткіштің тарихына аз-кем тоқтала кетсек.Жыр алыбының алып мүсіні 1963 жылы осы облысты Асанбай АСҚАРОВ басқарып тұрғанкезде қойылған. Бұл туралы Асанбай Асқарұлы өзінің «Тағдыр» атты кітабындаегжей-тегжейлі жазып кеткен. 1959 жылдың күзінде А.Асқаров Кисловодскідедемалып жатқан жерінен шұғыл түрде Мәскеуге шақырылады. Сол жерде оның Жамбылоблыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына бекітілетіні белгілі болады.Сөйтіп, Асекеңді СОКП Орталық комитетінің хатшысы А.Аристов кабинетінешақырады.

«Тағдыр» атты кітабының 103-104 беттерінде Асанбай ағаболған жайтты былай баяндайды:

«– Жамбыл облысы Жамбылдың құрметіне байланысты аталғанба? – деп сұрады Аверий Борисович Аристов.

– Иә.

– Шын мәнінде ол кісі қайда туған, өзі?

– Жамбыл облысының жерінде, Жамбыл тауында туған.

– Қалада ол кісіге арналған қандай ескерткіш бар?

Ол кісі сәлден кейін бұл сұрағын тағы қайталады. Мен сәлабыржып, бірден жауап қайтара алмай мүдіріп қалдым. Аузым бірден барақоймағанымен, ақыры:

– Әзірге еш нәрсе жоқ, – дедім. Ол сөзін жартылай әзілгесүйеп:

– Е, қазақтар-ай, сондай ұлы адамға осы уақытқа дейінескерткіш орнатпағандарың жарамаған, – деді.

Жамбылға соншама көңіл бөліп, ықылас білдіргені меніқайран қалдырды. Көздерін маған қадай, тесіле отырысы жауап күткенін аңғартқандай.Мен болсам еш уәждің ретін таппай отырмын. Ақыры, өзі сөйледі.

– Мен ол кісінің өлеңдерін оқыдым. Сірә, мұндай адамға ескерткішорнату жөн шығар-ау, – деп сөзін аяқтады.

Мен уәде бердім. Ол бұл мәселені назарында ұстайтынынайтты. Шынында да, ол кісі кейін жәрдемшісі арқылы оқтын-оқтын мәселеніңжай-жапсарын біліп те тұрды. Жамбыл қаласындағы ұлы ақынға арналған ескерткішдүниеге осылай келген еді».

Міне, осылайша Жамбыл Жабаевтың мүсіні Ленинградтағызауытта құйылып, 1963 жылы сол кездегі Жамбыл қаласының қақ төріне орнатылады. ЯғниАсанбай Асқаров, шынында, уәдесінде тұрды. Ескерткіш мыс араластырылған шойынқоспасымен құйылып, қола жалатылған. Қордайдың қызыл гранитінен жасалған тақталарментөрт бұрышты биік тұғырға қойылған.

Ескерткіш авторы – Қазақстанның халық суретшісі,Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, ұлттық кәсіби мүсін өнерінің негізінсалушылардың бірі, қазақтың бірегей мүсіншісі Хакімжан НАУРЫЗБАЕВ. Жалпы алғанда,Наурызбаевты жамбылтанушы десе де болады. 1951 жылы Хакімжан Есімханұлы Харьковкөркемсурет институтын бітірер кезде дипломдық жұмысына Жамбыл Жабаевты таңдап,бала Жамбылдың мүсінін жасап шыққан. «Бала Жамбыл» атты ол дүние қазірАлматыдағы музейде тұр. Хакімжан Есімханұлы жыр алыбының бейнесін жасауды арықарай жалғастырып, «Бозбала Жамбыл», «Дана Жамбыл» атты туындылары дүниегекеледі. Алматыдағы Жамбыл жәкемнің биік ескерткішінің де авторы осы Наурызбаев.Қалай айтсақ та, Хакімжан Наурызбаев қайталанбас тұлға. Тарихи тұлғалардыңмүсіндерін сомдауда көркем бейнелілікке, кейіпкерінің жан дүниесінпсихологиялық тұрғыдан тереңірек ашуға ұмтылған, Қазақстандағы мүсін өнерініңқалыптасып өркендеуіне зор үлес қосқан тұңғыш кәсіби мүсінші. Міне, Таразқаласындағы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші Наурызбаевтай таланттың қолынан шыққандүние. Сәулет өнерінің озық үлгісіне жататын бұл дүние сол кезде одақтаселдердегі ең таңдаулы 100 ескерткіштің қатарына енген.

Енді 50 жылдай уақыттан бері бір орында мызғымай тұрғаносынау ескерткішті Жамбыл облысының әкімшілігі бір күнде опыр-топыр ауыстырыпжіберіп, үлкен даудың астында қалды. Әрине, облыстың атын иемденіп отырғанЖамбыл Жабаевқа жергілікті әкімдік қандай құрмет көрсетсе де, ескерткішін қайжерге қойса да, «неге бұл жерде тұр?» деп айту ерсі болар. Оның үстіне Жамбылоблысына Асқар МЫРЗАХМЕТОВ әкім боп келгелі бері Тараз қаласында алапатжұмыстардың басталып кеткенін де жасыруға болмас. Көне қала тотыдай таранып,қаншама жылдан бері бас ауру болып келе жатқан бірқатар саябақ, көше, қалаішіндегі көл, бассейн, басқа да демалу орындарының мәселесі шешіліп жатыр.Бұған дейін де оңтүстікте әкім болған кезінде Шымқаланың шырайын ашып,Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған Асқар Исабекұлы Әулиеатаның да ажарынашуда аянбай еңбек етуде.

Енді жергілікті басшыларға жыр алыбының ескерткішін облыстықәкімдік ғимаратының алдына ауыстыру не үшін керек болды? Біздің білгеніміз,Жамбыл ескерткіші тұрған жер өз алдына үлкен мәдени-рухани кешен болмақ. Бұғандейін бұл жерден «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы ашылған еді. Енді солорталық қанатын тіптен кеңге жайып, тағы да үлкен мәдени нысандар пайдалануғаберілмек. Шынында, өте керемет бастама ғой. Бірақ, неге екенін қайдам, ЖамбылЖабаевтың ескерткіші осынау кешеннің сұрқын қашыратын сияқты. Рас болса,ескерткіштің орнына сағаты бар биік монумент орнатылмақ. Әйтеуір, Жамбылоблысының әкімдігі Жамбыл Жабаевты осынау көркем кешенге жолатқысы жоқ. Текосынау даудан кейін ғана ескерткішті рухани орталыққа экспонат ретінде қоймақойлары бар екенін айтып қалды. Ал ескерткішті бұрынғы орнына қою туралы әңгімемүлдем жоқ. Мұрағат құжаттарында ескерткіш тұрған жерге Жамбыл алаңы деген атауберілген екен. Сонда алаңның атауы да ауысатын болғаны ма?

Ең алдымен «облыстық әкімшіліктің алдына АбайҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ескерткіші қойылады екен» деген әңгіме шыққан. Өйткені әкімшілікғимаратының алдындағы даңғыл Абай есімімен аталатын. 2015 жылы Таразда Қазақхандығының 550 жылдығы аталып өткенде Шығыс Қазақстан облысы тойға тартуретінде Абай Құнанбайұлының ескерткішін орнатқан еді. Бірақ шығыстың әкіміДаниал АХМЕТОВ қазақ тарихындағы осынау дүбірлі тойға жүрдім-бардым қарап,Өскеменнен үкілеп әкелген ескерткіш ақынның өзіне де ұқсаңқырай бермейді, сосын,сапасы да өте нашар болып шықты. Күн өткен сайын тозып барады. Яғни осынауарзан дүниені облыстық әкімшіліктің алдына қоюға арланды ғой деймін, көп ұзамайбұл орынға Жамбыл Жабаевтың ескерткіші қойылатыны туралы әңгіме тарады.

Жергілікті жұрт «жарты ғасырдан бері бір орында тұрғанЖамбыл Жабаевты неге ауыстырады?» деп сыбырласып жүргенде әкімшілік ғимаратыныңалдындағы ескерткіштің ашылу рәсімі де өте шықты. Міне, сол күні Жамбылдыңденесін тұтас жауып тұрған ақ жамылғыны ашып жібергенде, ақиқаттың бәрі солкезде белгілі болды ғой. Сөйтсек, Жамбыл жәкемнің орны ғана емес, ескерткіштіңөзі де ауысып кетіпті. Ақ жамылғыны айқара ашып жібергенде көпшілікті бұрын мүлдемкөрмеген, мүлдем басқа ескерткіш қарсы алды. Наурызбаевтың баяғы төл туындысыжоқ. Осыдан кейін облыстық әкімдік ескерткіштің көшірмесін жасағаны белгіліболды. Міне, нағыз айқай-шу осы жерде бұрқ ете қалды. Жұрт тек ескерткіштіңжаңасы қойылғанына ғана емес, орнының ауысқанына да наразы боп жатты. Әрине,жасалған көшірме көптің көңілінен шығып жатса, қанеки. Көшірмеде жыр алыбыныңтүсі суық, қабағы ісіңкі, бұрынғыдай жүрекке жылу бермейді. Жалпы сұлбасыбұрынғыдай сияқты, бірақ, бет әлпетінде, қолдарында өзгеріс бар. Яғни, сәттікөшіре алмаған. Және ең қызығы, ескерткіштің орны ауысатынын білсе де, оның өзіауысатынын ақ жамылғы ашылғанға дейін ешкім білмеді. Ал бұл өте құпия түрдежүретін мәселе ме еді?

Негізі, мұндай тарихы терең ескерткіштерді ауыстыру оңай шаруаемес. «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану» заңының 38-бабынасәйкес, бұл ескерткіштің дәрежесі республикалық болғандықтан, бұл мәселеүкіметтің арнайы отырысында қаралып, арнайы шешім шығуы қажет еді. 2018 жылдың17 шілдесінде мәдениет және спорт министрінің орынбасары А.Райымқұлова осыталапты айта келіп, жергілікті әкімдікке алдымен сараптама қорытындысын ұсынудыөтінеді. Екі күннен кейін «Қазгеоархеология» ЖШС-нің атқарушы директоры Е.Торбековбастаған комиссия ескерткіштің қазіргі жай-күйін тексеріп, құйылған металдың 80пайызы коррозияға ұшыраған деген қорытынды шығарған. Яғни ескерткіш әбдентозған деп отыр ғой. Міне, осы жағдай ескерткішті ауыстыруға себеп болады. Бірақдәл соның алдында ғана, яғни 16 мамыр күні жеті адамнан құралған комиссияескерткіштен ақаулар табылғанын, дегенмен дәнекерлеу арқылы қайта қалпынакелтіруге болатыны туралы қорытынды берген екен. Ендеше, Наурызбаевтай шебердіңқолынан шыққан дүние неге жөндеуге берілмеді?

Сонымен, бұл мәселе бойынша көпшіліктің пікірі екігежарылып, осыған байланысты бірнеше мәрте талқылаулар өтті. Әрине, биліктіңтөңірегінде жүргендер әкімдіктің ұстанымын қолдады. Тіпті облыстық мәслихаттыңсессиясында депутаттардың өзі әкімдіктің бастамасын қолдап сөйлеп, «бұл дауғаосымен нүкте қояйық» деп тарқасты. Осы тұста айта кету керек, дәл осы халыққалаулылары осыдан біраз уақыт бұрын Төле би даңғылын Н.Назарбаевтың атына берутуралы ұсынысты да екі қолдарын көтере қолдап, ертеңінде жоғарғы жақтан «бұлдұрыс емес екен» деген пәрмен келгенде өз ұстанымдарын лезде өзгерте салғанболатын. Осыдан кейін мәслихат дегенің биліктің ойыншығы сияқты ма деген ойдыңкелгені рас. Тек депутат Ерболат Саурықов қана кейінірек осы ескерткіштіжөндеуге тиісті қаржы бөліп, демеушілік жасап, жанашырлық танытты.

Есесіне қарсы жақ та қарап жатпай, президент Қ.Тоқаевқахат жолдап, Жамбыл ескерткіші мәдениет және спорт министрлігінің келісімінсізалынып тасталғанын, әкімдіктің алдына қойылған жаңа ескерткіштің кәсіби емесмаманның қолынан шыққан дүние екенін, талап пен талғамға сай келмейтінін айтыпдабыл қақты. Бұл хатқа атағынан ат үркетін 13 мүсінші қол қойған. Айтпақшы, жаңаданқойылған ескерткіштің авторы еш жерде айтылмайды. Өте құпия. Сондықтан бұлескерткіш мамандардың талқылауынан өтті ме, жоқ па, кім қандай пікір айтты, кімқолдады, ол жағын да білу мүмкін емес.

Осылайша Хакімжан Наурызбаевтай хас шебердің қолынан шыққантуынды, Одақ елдері ішінде үздік деген 100 ескерткіштің қатарына енген асылдүние қазір көпшіліктің көзінен тасаланып, Тараздағы бір мекеменің ауласындатұр. Тіпті оны жерге бір қырынан жатқызып, мойнына арқан салып, басын ақматамен тұмшалап тастаған екен. Тараз қаласының жергілікті тұрғыны, ұзақ жылдарбойы мәдениет саласына басшылық етіп, бүгінде зейнеткерлік демалыста жүргенӘлібек Әмзеев бастаған ұлт жанашырлары мен сонау Алматыдан келген ХакімжанНаурызбаевтың шәкірті Тілеуберді Бинашев шырылдап, Жамбыл жәкемді әрең дегендеорнынан тұрғызыпты, әйтеуір.

ТілеубердіБИНАШЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик:

–МенХакімжан Наурызбаевтың шәкіртімін. Ол кісімен бірге жұмыс істедім. Хакімжанағаның маған аманат етіп қалдырған дүниелері өте көп. Құрал-саймандарыныңбарлығы менде тұр. Ол кісіге арнайы бұрыш та ашып  қойғанмын. Алла қаласа, 15 тамызда ол кісініңтуған жері Қостанайда өзінің бюсті ашылады. «Жамбыл ескерткішін алып тастады,орнын ауыстырды» деген хабарды ести сала Таразға жанұшырып жеткенім рас. Негізі,ескерткішті автордың рұқсатынсыз қайталау, көшіру деген – қылмыс. Авторлыққұқық деген бар. Барып көрдім, Жамбыл ескерткіші 99 пайыз жарамды. Әлі мың жылтұратын дүние. Бұл ескерткіш Кеңес Одағы кезінде Санкт-Петербургтегі зауытта өтесапалы құйылған. Ескерткіште пәлендей ақау, жарық жоқ. Иә, кей жерлері аздап тозған.Ол жерлерін арнайы бояуымен бояп бердім.

Негізі,Наурызбаевпен мақтануымыз керек. Ол – Қазақстаннан шыққан тұңғыш мүсінші, еліміздемүсін өнеріне тұңғыш жол салған кісі. Алматыдағы көркемсурет училищесінентұңғыш рет мүсін бөлімін ашқан. Мен сол бөлімде оқыдым. Хакімжан аға жасағандүниелердің жарамай, сынып түсіп қалған бір бөлшегінің өзі біз үшін өте құндыэкспонат болуы тиіс. Өйткені Хакімжан ағадан артық жасау мүмкін емес. Біреугеайтып, көшірмесін жасату өте ұят нәрсе. Мен көшірме ескерткіштің авторымен десөйлестім. Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын. Оған: «Сен өзің де кезінде Мәскеудебілім алдың. Осының бәрі дұрыс қадам емес екенін сен жақсы білдің ғой», – десем,ол: «Маған өтініш жасады», – дейді. «Өтініш жасаса, Хакімжан ағаның дүниесінкөшірудің не қажеті бар еді, басқаша жасамадың ба? Көшіру деген өнерге жасалғанқиянат қой. Бұл дегеніміз – Хакімжан ағаның аруағын сыйламау, қазақтың өнерінқорлау деген сөз», – десем, «Әкімдер өтінді, мен жасадым. Тек көшірмесін жасаутапсырылды», – деп өзі де өкініп отыр. Кім біледі, оған да бір қаражат керек болған шығар.

Шынын айтукерек, бұлар ешкіммен келіспей, ақылдаспай, осы тірлікке барды. Мәдениет жәнеспорт министрлігі де бармағын тістеп отыр. Кейін ескерткішті жарамсыз дептаныған комиссияның қағазын көрдім, мүсін өнеріне ешқандай қатысы жоқ адамдаржасаған. Барып, өз көзіммен көрген кезде ескерткіштен ешқандай ақау байқамадым.Кеңес Одағы кезінде мүсіннің сапасына өте қатаң бақылау жасалатын. Тағы бірайтары, Жамбыл ескерткішін орнынан алар кезде де қажетті талаптар сақталмаған.Күн сайын құрылыста бетон көтеріп жүрген кранды әкеле салып, темір көтергендей,қалай болса солай көлікке арта салған. Негізі, ескерткіштің табанында кранкөтеруге арналған өз тесіктері бар. Одан кейін ескерткіштің өне-бойын арнайыжалпақ арқандармен бірнеше мәрте орап, көтерген кездегі негізгі күшті солтабанындағы тұғырға түсіру қажет еді. Бұлар кәдімгі темір тростпентартқандықтан, ескерткіштің төменгі жағындағы бір-екі жері жұлынып кеткен. Көшірукезінде бұл саланың маманы болмаған ғой деймін. Одан жергілікті мүсіншілерескерткішті жөндейміз деп «болгарка» аппаратымен кей жерлерін жонған. Қайтыпдәнекерлемекші болған. Бірақ қайтып дәнекерлейтіндей одан ешқандай ақаукөрмедім. Шынын айту керек, бұл ескерткіш сол құйылған күйі былқ етпей тұр. МағанЖамбыл облыстық әкімдігінен де өкілдер келді. Оларға тұңғыш президент Н.Назарбаевтыңқолынан алған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген куәлігімдікөрсеттім. Одан мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет қайраткері» дегенатақ берген. Тіпті Асқар Мырзахметов Оңтүстік Қазақстан облысында әкім болыптұрған кезде «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» деген медаль берген болатын.Солардың бәрін көрсеттім. Содан ба, олар маған артық-ауыс ештеңе айтпады. Қырықжылдық еңбек стажым бар, «Құрмет» орденінің иегерімін. Олар үшін бұдан артыққандай анықтама болсын? Содан ескерткішті жақсылап бояп, желімдеп бердім.Әкімшіліктен келген өкілдер қабылдап алды. Сосын, оларға: «Мырзахметовқаешқандай өкпем жоқ.  Оған басқа адамдар«жарамай қалған» деген теріс ақпарат беріп адастырып отыр. Тіпті жарамай қалып,ескерткіштің аяқ-қолы бөлек, басы бөлек жатқан күннің өзінде, Хакімжан ағажасаған дүниенің бір бармағы болса да, мұражайға қойылуы тиіс. Бұл дегеніміз – ХакімжанНаурызбаевтың қолтаңбасы. Бұл  тарих қой»,– деп айттым.

Қалай айтса да, Жамбыл ескерткішін ешкімнің көшіругеешқандай хақысы жоқ еді. Бұл «Абай жолын» көшіріп, Мұхтар Әуезовтің орнына өзініңатын жазып қойған сияқты дүние ғой. Егер автордың көзі тірі кезінде өзірұқсатын беріп, өзі келіп, қасында тұрып алдыртып тастаса, мұны енді түсінугеболар еді. «Өзі жоқтың көзі жоқ» дегендей, бұл жасалып отырған нәрсе өнергежасалған қиянат. Егер осылай кете берсе, кезіндегі алыптарымыз жасағандүниелердің бәрі құрып, орнын халтурщиктер басады. Бір күні Алматыдағы Абайдыңескерткіші де жарамайды екен деп алып тастап, орнына басқасын қойса қалай болады? Орыстардағы І Петрдің, Пушкинніңескерткіштері қаншама ғасырдан бері ауыспай тұр. Олар сонысымен де құнды. Тағыбір айтары, Жамбыл ескерткішінің жаңа көшірмесі қаңылтыр және мыстан жасалған.Сыртынан қаттырақ бір ұрсаң, майысып қалады. Консерві банкісі сияқты. Албұрынғы ескерткішті тепсең, аяғың сынады.

Сондықтан жамбылдықтар «міне, сондай тұлғаның жұмысыбіздің қаламызда тұр» деп мақтануы тиіс еді. Хакімжан аға бұл ескерткішті жасаралдында Жамбылдың туысқандарымен сөйлесіп, әбден зерттеген. Менің ойымша, облысәкіміне дұрыс ақпарат бермеген. Мәдениет басқармасы қайда қарап отыр? Негізі,бұл ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Осы тірлікті жасаушылар ескерткіштіңавторына мән бермеген деп ойлаймын. Хакімжан аға Лениндік сыйлықты беружөніндегі комиссияның мүшесі болған. Сонда кейін мұның өзін сол Лениндіксыйлыққа ұсынған кезде «Мен осы комиссияның мүшесімін, қалай өзіме аламын?Басқалар алсын, мен елге әбден танылдым ғой» деп, өз кандидатурасына өзі қарсышыққан екен. Бұған Мұхтар Әуезов қатты ұрысыпты. Міне, Хакімжан аға осындай атақ-даңққақұмар емес, өте қарапайым кісі болған.

Хакімжан ағаның әрбір еңбегі құнды. Өйткені оның әрбірдүниесі өте қатаң комиссияның талқылауынан өткен. Кезінде үкіметтік комиссияболған. Оған қазақ та, орыс та, еврей де мүше еді. Олардың сынынан өту өте қиынболған. Бәсекелестік өте жоғары болды. Яғни Жамбыл ескерткіші қаншамаконкурстарға қатысып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан еңбек қой. Соныңқадірін білмей жүрміз, менің соған қаным қайнайды. Қазір екінің бірі мүсіншіболып кетті, суретшілердің өздері де мүсінмен айналысады. Ескерткіштердіқаптатып қойып жатыр. Ешқандай комиссия жоқ. Әкімдер ақшасын тауып берсе,ескерткіштерді қоя береді.

… Сонымен, Таразда Жамбыл Жабаевтың ескерткіші туралыдау толастамай тұр. Жергілікті билік «бұл дауға нүкте қойдық» деп арқаны кеңгесалып, бұл істі біттіге санап отырғаны анық. Біздіңше, жергілікті жұрттыбиліктің бұл істі жария түрде жүргізбегені ашындырған сияқты. Шынында, заңғасалсаң да, арға салсаң да, мемлекет қорғауындағы осындай ескерткіштің,Наурызбаевтай хас шебердің қолымен жасалған Жамбылдай тұлғаның ескерткішіне,жарты ғасырлық тарихы бар өте құнды ескерткіштің тағдырына жеңіл-желпі қарауғабола ма? Мұндай мәселе халықтың талқылауымен шешілсе де артықтық етпес еді. Бұлжерде ескерткіштің орнын ауыстыру, көшірмесін жасағанды былай қойғанда,авторлық құқықтың өзі аяқасты болып, аруақтарды аттап кету жағдайы орын алыптұр емес пе? Сонда мәдениет және спорт министрлігі қайда қарап отыр? Олардыңүні неге шықпайды? Әрине, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің іскерлігін, осыөңірге келгелі бергі еңбегін ешкім жоққа шығармайды, бірақ «Айтпаса сөздіңатасы өледі» деген, дәл осы мәселеде облыс басшысын біреулер шатастырыпотырғандай.

Айтпақшы, дәл қазір жергілікті әкімдік Жамбылдың бұрынғыескерткішін қай жерге қою мәселесіне бас қатырып жатыр. Тараздағы руханиорталыққа, одан Жамбыл ауданының орталығына және Жамбыл облысының Алматы облысыжағынан кіретін шекарасына қою туралы ұсыныстар түскен. «Шекараға апарыпқойғанымыз ар жағындағы Алматы облысындағы ағайындарға «Жамбыл жәкемді осыжерге дейін жеткізіп бердік, ары қарай өздерің алып кетіңдер» деген ырым емеспе?» деп күйінеді осы істің жанашырлары.

Фотоны автор ұсынды.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 16:22
Атыраудағы зейнеткердің жанайқайы: емхана емдемейді, әкімдік тыңдамайды.
Сайт әкімшілігі 11:31
Жексенбі күні қоғамдық көліктердің жүрмейтіні мәлім болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2020, 10:22
Коронавирус жұқтырғандардың саны күрт өсті
Жарлы БАЙҒАНИН 26.11.2020, 09:16
Есектің еті ем, сүті саумал ма?
Сайт әкімшілігі 25.11.2020, 10:40
Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
Мариям МАҚСАТ 25.11.2020, 09:40
Көп балалы аналар қоғамнан неге теперіш көріп жүр?

Аңдатпа


  • Солтүстік Қазақстанда бүтін бір ауыл қар суын ерітіп ішіп отыр (видео)
    09:35
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    09:16
  • Автовокзалға баласын тастап кеткен әйелдің кім екені анықталды (видео)
    11:36
  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    25.11.2020, 10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57