Жан толқытқан жеңістер

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

18.05.2023, 17:00

4722

Ташкентте (Өзбекстан) боксшыларымыз ерен ерлік көрсетті. Ширек финалдан кейін қатарымыз сиреп, 9 боксшысы ойқастаған өзбектерді, 6 батыры атойлаған Куба мен Ресейді қызғанғандай болып едік. Бірақ біздің шеберлер финалға дейін жұп жазбай өтіп, финалда жалқы рет қана сүрініп, командалық есепте Өзбекстан құрамасына ғана жол берді.

Жеңгендердің жарқын жолы

Әдетте жаманын жасырып, жақсысын асыра алатын халықпыз. Сондықтан сөзді жақсы нәтижелерден бастайық.

48 келі. Бұл салмақта әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов пен жастар арасындағы әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай чемпионатқа барудан үміткер қарастырылды. Ақыры бапкерлер таңдауы Тәшкенбайға түсті. Екі боксшы Талғар маңындағы Олимпиялық орталықта спаррингте де тоқайласты. Бапкерлер бұл салмақта дұрыс таңдау жасағанын әлем чемпионаты толық дәлелдеді. Санжар қарсыластарының бәрінен анағұрлым басым болды. Ол өзбекстандық Шадияржан Меликузиевті, жапониялық Казума Аратакені, ресейлік Эдмонд Худоянды, финалда грузиялық Сахил Алахвердовиді сенімді жеңді. Өзінің айтуынша, ең қиын жекпе-жек финалда болған. Әрине, Алахвердови де осал емес, екі жыл бұрын Белградта әлемнің қола жүлдегері атанған, өткен жылы Еуропа чемпионатын жеңіп алған мықты. Тәшкенбайдың жеңісі сондықтан да құнды. Ең бастысы, ол жастар арасындағы жеңісін ересектер арасында да жалғастыра алды. Бұл – шын шеберліктің белгісі.

54 келі. Шынын айтқанда, бұл жолғы додада Махмұд Сабырханның жеңіске жетуі әбден заңды. Махмұд екі жыл бұрынғы Белград күмісін сәтсіздік деп бағалады. Бір емес, бірнеше рет әлем чемпионы атануға мүмкіндігі жететінін сөзімен де, ісімен де дәлелдеп келеді. Ташкент төрінде ол Иштван Шака (Венгрия), Сачин Сивач (Үндістан), Амаду Мұхаммед (Гана), Йосвани Вейтия (Куба) сияқты қарсыластарын түгелдей ірі есеппен жеңді, финалда шаршы алаң иесі Ойбек Жораевты екі нокдаунмен тұқыртты. Екі жыл бұрынғы қарсыластарынан бұл жолы әлем чемпионы Томоя Тсубои (Жапония) мен Біләл Беннама (Франция) төмендеп, 51 келіде өнер көрсетті. Қазақ боксшысының шеберлігін IBA ресми сайты да, өзбекстандық ақпарат құралдары да жарыса жазды. Махмұд олимпиялық салмақтың біріне (51 әлде 57) ауысса да бәсі төмендемейді. Соңғы жарыстардың бір-екеуінде оның 57 келіде өнер көрсеткені де есімізде.

67 келі. Дулат Бекбауов финалда Асадқожа Муйдинқожаевтен (Өзбекстан) жеңілді. Дулаттың барлық қарсыласын еркін тұқыртқаны өз алдына, жартылай финалда әлем чемпионатының қола жүлдегері грузин Лаша Гурулиді жеңуі көңілімізді жайлады. Бірақ Муйдинқожаевпен кездесу нәтижесіне дауымыз бар. Марокколық және венгриялық төрешілер өзбек боксшысының пайдасына 30:27 деген есеп белгіледі, яғни үш раундта да Асадқожа анағұрлым басым болды дегенге жақындатты. Шынында да солай болды ма? Атап өтерлігі, финалда қазақ және өзбек боксшылары арасында үш кездесу өтті, сондағы жеңілгені – Дулат қана.

71 келі. Бұл салмақ 2001-2021 жылдар аралығында 20 жыл бойы IBA санатынан түсіп қалған-ды. Кезінде Ермахан Ыбырайымов атойлаған, төрт олимпиада бойы қазақ боксшылары ешкімге дес бермеген (ол кезде 69 келі) салмақ дәрежесі ғой бұл. Сондықтан 2013 жылғы Данияр Елеусіновтің жеңісінен кейін араға 10 жыл салып Асланбек Шымбергеновтің осы орта салмақта топ жаруы сүйсінтті. Асланбек бұл жеңісіне ұзақ жол жүріп жетті. Д.Елеусіновтен кейін үш әлем чемпионатына бұл салмақта А.Жүсіпов қатысып, үш ретте де қола жүлде иеленді. Токио олимпиадасында да Абылайхан бақ сынап, екінші айналымнан қайтты. Аса талантты саналған Шымбергенов «Астана Арланс» жартылай кәсіпқой клубы сапында бақ сынады, әскерилер арасындағы әлем чемпионы атанды. Шындығына келгенде, оған 2018 жылғы Азия ойындарында ғана мүмкіндік берілді. Мұнда ол финалда өзбекстандық Баба-Осман Батыровқа есе жіберді. 2022 жылдан бері ғана Асланбек «қазақтың алтын салмағына» толық орнықты. Алдымен Азия чемпионатында топ жарды, енді әлемдік сыннан сүрінбей келіп отыр. Ташкент шаршы алаңында Шымбергенов Аарон Принс (Тринидад және Тобаго), Мирослав Капулер (Израиль), Макан Траоре (Франция), Нишант Дев (Үндістан) және Саиджәмшид Жафаров (Өзбекстан) сияқты қарсыластарын қапы қалдырды.

80 келі. Нұрбек Оралбай да – Санжар сияқты жастар арасынан жарқылдай көрініп, ересектер арасында да жолын тапқан боксшы. Екі жыл бұрын Белградта өткен әлем чемпионатында ол ширек финалда сербиялық Александр Мирончиковке есе жіберіп еді. Бұл жолы Мұрат Аллахвердиев (Әзербайжан), Каан Айқұтсын (Түркия), Хұсейін Ишайш (Иордания), Имам Хатаев (Ресей) сияқты қарсыластарын жеңіп, финалда Қытай қазағы Тоқтарбек Таңатқанмен қолғап түйістірді. Екі қазақтың финалдық кездесуі доданың әрін кіргізді. Ең бастысы, Нұрбек олимпиялық салмақта өнер көрсетеді. Демек, Париж олимпиадасына жақсы алғышарт жасады деуімізге болады.

Жеңілгендер жасымасын

2021 жылғы әлем чемпионы Сәкен Бибосынов (51 келі) бұл жолы алғашқы қарсыласынан өте алмады. Екі жыл бұрын Сәкен дәл осы Дипак Бхорианы әлемдік доданың екінші айналымында 5:0 есебімен сенімді жеңіп еді. Ташкентте Бибосынов екі раунд алда тұрды, соңғы раундта күтпеген жерден дүние шыр айналды, тунистік, испаниялық және малайзиялық төрешілер үнді боксшысын жақтап шыға келді. Қазақстан әуесқой бокс федерациясы да, жалпы жанкүйерлер де қарсылық білдіргенмен, нәтиже өзгерген жоқ. Дегенмен бұл сәтсіздік Сәкеннің сағын сындырмас деп ойлаймыз. Токио олимпиадасында да ол жартылай финалда ұлыбританиялық Галал Яфаидан нокдаун алды делініп, финал жолдамасынан құр қалған еді. Бірақ араға екі ай салып әлемдік додада топ жарған болатын. Ендеше, алдағы Азия ойындарына, басқа да ірілі-ұсақты сындарға мұқият дайындалмай болмайды.

Қамшыбек Қоңқабаев – Баһадүр Жалолов текетіресі эпопеяға айналмайтын сияқты. Ташкентте аса ауыр салмақта қос мықтыны соқыр жеребе ширек финалда жолықтырды да, Жалолов күмәнсіз жеңді. Қоңқабаев үшінші раундта ғана қайрат көрсетті. Былайша айтқанда, Жалолов қазақ оғланының осал тұсын тапқан сияқты. Қамшыбектен басқа қарсыласының бәрін ол қалпақпен ұрып алды. Сондықтан бапкерлер құрамы Жалоловқа қарсы жаңаша айла іздеуге тиіс. Қамшыбектің өзі де алғашқы екі раундқа құрған тактика жеміссіз болғанын мойындады. Ал «Қоңқабаев салмағын төмендетуге тиіс» дейтіндерге бас бапкер Мырзағали Айтжанов жақсы жауап қайтарды. «Салмақ қуу оңай шаруа емес. Салмаққа, бойға қараудың қажеті жоқ. Қамшыбек осы салмақта қалады, ары қарай жұмыс істеп, қарымта қайтаруға тырысады» деді ол. Алып-қосарымыз жоқ. Бірақ «қарсыласынан қорқып басқа салмаққа ауысыпты» деген сөздің де абырой болмасын жақсы түсінеміз.

86 келідегі Сағындық Тоғамбай да ежелгі қарсыласына есе жіберді. Биылғы қаңтар айындағы Азия жастар біріншілігінің ширек финалында ол өзбек боксшысы Шахжаһан Абдуллаевтан нокдаунмен жеңілген еді. Ал әлем чемпионатында екі мықтының жолы 1/8 финалда тоғысты. Мұнда да Абдуллаев басымдылық танытты. Дегенмен Шахжаһанның басы тигенін нокдаун деп есептеп, төреші де біраз нәрсе бүлдірді. Бірақ бір қарсыластан қайта-қайта жеңілудің де жөн болмайтыны бар. Өзбек боксшысы келесі қарсыласынан сүрінді, демек, Сағындық тым болмаса «әлем чемпионатының жүлдегерінен ұтылдым» деп көңіл демдей алмайды.

Санатәлі Төлтаевтың (63,5 келі) – маврикийлік Ричарно Колиннен, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржановтың  (57 келі) кубалық Сайдел Ортадан жеңілуін көп даулай алмаймыз. Бірақ Маврикий аралының өкілі біздің боксшыны олимпиялық салмақ дәрежесінде тұқыртса, бұл да ойланатын мәселе.

Ал 60 келіде Талғат Сырымбетовтің болашақ қола жүлдегері Мұхамед Әбу Жаджеден (Иордания) ұпай санымен жеңілуі де біраз жұртты ашындырды.  Айбек Оралбай (92 келі) болашақ күміс жүлдегер италиялық Әзиз Аббес Мұхидинге жол берді. Нұрқанат Райыс (75 келі) екінші рет әлемдік сынға қатысып, бұл жолы болашақ күміс жүлдегер бразилиялық Вандерлей Перейраға тосқауыл қоя алмады.

Бұл – қайрақ

Ташкенттегі әлем чемпионаты Париж олимпиадасына іріктеу болмаса да, біз үшін өте маңызды. Бұл сын – төртжылдықтың басты додасы алдындағы негізгі дайындық. Әлем чемпионатындағы жеңіс бізге өте қажет еді. Өйткені 2013 жылғы Алматыдағы керемет жеңіс тойынан кейін біздің боксшылар 4 әлем чемпионатына, 2 олимпиадаға қатысып, 5 алтын ғана иеленді. 2017 және 2019 жылдары әлемдік додалардан – бір-бір алтыннан ғана (Қ.Ералиев пен Б.Нұрдәулетов), 2021 жылы екі алтын (Бибосынов пен Жүсіпов) жеңіп алды. 2016 жылғы Рио олимпиадасынан жалғыз алтын (Д.Елеусінов) бұйырды, Токиодан қос қоламен ғана қайттық. Яғни осындай үлкен жеңіске басқа-басқа, боксшыларымыздың өзі сусап қалған-ды.

Бапкерлер құрамының дайындық жұмыстарына ғылыми топты қайта қосқаны, АҚШ-тан физикалық дайындық бапкерін арнайы шақырғаны  жемісін берді. Сондай-ақ әлемдік додада әр салмақтағы боксшылардың топ жаруы да қуантады. Бұл құрамадағы кез келген боксшының әлемнің ең мықты былғары қолғап шеберлерімен терезесі тең қарсылас бола алатынын аңғартады.

Париж олимпиадасында 7 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынады. Ташкентте екі олимпиялық салмақта (71 және 80) топ жардық, үш салмақта (51, 63,5 және 92) – екінші айналымнан, екі салмақта ширек финалдан (57 және +92) аса алмадық. Бұл да қатты ойландыруға тиіс. Алтынның көптігімен мақтана беруге болады, бірақ бәрінің өлшемі – Париж олимпиадасы болатынын ұмытпайық.

Кімдерден жеңілдік, кімді жеңдік?

Бұл жолы қазақ боксшыларын Маврикий, Италия, Өзбекстан (3 рет), Куба, Иордания, Үндістан, Бразилия боксшылары жолда қалдырды. Отандастарымызды жеңген боксшылардың алтауы жүлдеге ілінді, біреуі чемпион (Жалолов) атанды.

Біздің боксшылардан Өзбекстан (3 рет), Ресей (3), Грузия (2), Үндістан (2), Израиль (2), Куба, Гана, Венгрия, Болгария, Тайланд, Румыния, Жапония, Мексика, Тринидад және Тобаго, Франция, Доминикан Республикасы, Әзербайжан, Түркия, Иордания, Қытай, Конго Демократиялық Республикасы, Сирия спортшылары жеңіліс тапты.

Негізгі қарсыластармен арақатынас қандай? Өзбек боксшыларымен осы сында қазақстандықтар алты рет жолықты. Үш рет жеңілді, үш рет жеңді. Соның ішінде финалда екі рет жеңіп, бір рет есе жіберді. Куба боксшыларымен көрсеткіш –1:1. Сабырхан Йосвани Вейтияны жеңді, ал Теміржанов Ортадан айла асыра алмады. Ресейліктермен арақатынас – 3:0. Қоңқабаев, Тәшкенбай және Н.Оралбай тиісінше А.Дроновты, Э.Худоянды, И.Хатаевты тоқтатты.

Қан қыздырған қандастар

Ташкентте өткен әлем чемпионатына ел құрамасындағы 13 боксшыдан бөлек тағы 5 қазақ қатысты.

Ташкент түбіндегі Қыбырай ауданында туып-өскен Руслан Абдуллаев 63,5 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды.

Үрімжі қазағы Тоқтарбек Таңатқан (80 келі) ширек финалда екі дүркін олимпиада чемпионы кубалық Арлен Лопесті 4:3 есебімен жеңді. Финалда ол Нұрбек Оралбаймен кездесіп жеңілді, күміс жүлдегер атанды.

Түркияға қоныс аударған Әнуар Мұзапаров (Енвер Музафер, 54 келі) Түркия атынан сынға түсіп, үшінші айналымда әлем чемпионаттарының барлық жүлдесінің иегері кубалық Иосвани Вейтиадан өте алмады. Вейтиа келесі айналымда біздің М.Сабырханнан жеңілді.

51 келіде Азат Махметов Бахрейн намысын қорғады. Ол екінші айналымда кубалық Ерислан Ромеродан 1:4 есебімен ұтылды.

Аса ауыр салмақта Қытай құрамасының мүшесі қандасымыз Байқоныс Данабек алғашқы үш қарсыласын жеңгенмен, ширек финалда кубалық Фернандо Арзоладан айласын асыра алмады.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы Өзбекстаннан кейінгі екінші орынға тұрақтады. Осы тамаша табыстан кейін отандастарымыз әлем чемпионаттары тарихында жеңіп алған жүлде көрсеткіші бойынша үздік үштікке енді. 1993 жылдан бері біздің шеберлер жиыны 56 медаль иеленді. Оның 18-і – алтын, 16-сы – күміс, 22-сі қола. Қазір алтын жүлделер саны бойынша АҚШ құрамасымен жетістігіміз бірдей. Ал екінші орындағы ресейліктерден 10 алтынымыз кем.

Демек, біз ұмтылатын биік көп. Ташкент соның алғышарты болғай!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.09.2023, 15:31
Геология комитетінің төрағасы елдегі жерасты суының қоры қанша екенін айтты
Сайт әкімшілігі 15.09.2023, 12:57
Министрлер мен әкімдер қазақ тілін білуге міндеттеледі
Сайт әкімшілігі 15.09.2023, 11:40
Прокурор Қайрат Боранбаевқа 6 жыл сұрады
Сайт әкімшілігі 14.09.2023, 23:15
Азаттықтың Орталық Азия қызметтері құрылғанына 70 жыл толуына орай медиафорум өтті
Сайт әкімшілігі 14.09.2023, 14:45
Дикий Арман мен Қайрат Құдайбергеннің соты басталды
Сайт әкімшілігі 14.09.2023, 14:03
«Камызяки» КВН командасының Қазақстандағы концерттері өтпейтін болды

Аңдатпа


  • Әлем әдебиетін оқыту орыс әдебиетінен бас тарту ма?
    16.09.2023, 13:50
  • Ақтөбеде терроризмді насихаттады деген күдікпен 2 адам ұсталды
    16.09.2023, 13:15
  • Алматыда Астана алаңы мен Сәтбаев көшесінің бір бөлігі жабылады
    16.09.2023, 12:52
  • Ет туралы ертегі
    16.09.2023, 12:33
  • Біздің қоғам шындықтан қорқады
    16.09.2023, 10:55