Жаңа Қазақстанның тілі – міскіннің тілі емес

Жарас КЕМЕЛЖАН

29.07.2022, 13:26

1031

Алматыдағы «Узбечка» деген кафе мемлекеттік тілге пысқырмай тұр. Қазақтың ордалы Отанында тұрып қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан кафе әкімшісі белгілі экономист, профессор Атамұрат Шәменовты тамақ бермей, залдан қуып шығыпты. Бұл түсінген адамға әдеттегі көп оқиғаның бірі емес. Қазақстанды мойындамау, мемлекеттік тіл туралы заңға қайшы қызмет, тұтынушы құқығын бұзу, ұлтаралық араздықты қоздыру. Мұны бұдан басқа қалай түсінуге болады?

«Узбечкаға» барып өзегі талып қайтқан профессор: «Зал меңгерушісі түрі шығыс келбетіндегі әйел екен. Ол – «Мен қазақ емеспін, қазақша білуге міндетті емеспін. Сізге қызмет көрсетілмейді» деп, кафеден қуып шықты» – деп жазыпты өз парақшасына.

Мемлекеттік тілдің түйткілі отыз жылдан бері жазылып, ақжемі шыққан тақырып. Бірақ түсінген кісіге мұның астарында саяси қатері бар қателік. Қателік деп отырғанымыз – Ақорда мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде үнемі батыл шешімдерге бармайды. Сондай сылбыр, жұмсақ, ықылассыз. Ал оның зардабы ауырлап, індет тереңдеп келе жатыр. Бүгін «Узбечка», ертең?..  

Мемлекеттік тілді пысқырмайтындар кімдер? Әрине, алдымен өзіміздің орыс тілді қазақтар мен биліктегі және әкімдіктегі, басқарушы мекемелердегі ақжағалылар. Олардың қазақ тіліне деген пиғылын көрген өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілге міскіннің тіліндей қарайтын болды.

Бұл арада саналы түрде Назарбаевтың идеясымен іргетасы қаланған Қазақстан халқы Ассамблеясы еске түспей ме? Әрине! Есі дұрыс мемлекетте президенттері мен министрлері жасаған жобалар бірнеше жылда өз өнімін беріп, халық игілігін көре бастайды. Ал Қазақстанда ше? Бізде бәрі керісінше. Мәселен, Назарбаев жасаған, бастамашы, идея жетекшісі болған жобалардың дені қазір Қазақстанның дамуына кедергі келтіріп, тұрақтылығына сызат түсіріп отыр. Біз экс-елбасы лентасын қиған зауыт, фабрика, өндіріс орындары туралы айтып отырмағанымызды ескерттік. Әңгіменің тұздығы – тіл түйіні мен Қазақстан халқы Ассамблеясы деген дардай мекеме.  

Мемлекеттік тілдің мәртебесін төмендетіп, аясын тарылтып отырған бір орган болса, осы Қазақстан халқы Ассамблеясын айту керек. Егер аталған мекеме мемлекеттен алған ақшасына адал қызмет еткенде, 1995 жылдан бергі 27 жылдың ішінде қазақ тілінің таңдайынан бал тамып тұрар еді! Ертегіге айналған 130 ұлттың отызы қазақша сайрар ма еді. Бірақ олай болмай тұр ғой. ҚХА-ның алғаны арам, айтқаны қып-қызыл өтірік! Қазір қазақша білетін емес, Қазақстанның мемлекеттік тілін құрметтейтін өзге этно өкілдерінің саны жүзден иә асар, иә аспас. Ал қалғандарының қазақ тіліне деген көзқарасы – «Узбечканың» ар жағында.

ҚХА-ның алғаны арам дедік қой. Сөзімізге дәлел келтірейік. Ғаламторды ақтарып көрдік. 130 ұлттың ынтымағын айрандай «ұйытып», берекесін құймақтай «құйып» отырған ассамблея – нағыз масыл болып шықты. Мемлекеттің мойнына аяғын салбыратып, жатып алған. Масылдардың сайтында ақша туралы бір ауыз сөз жоқ. Ал басқа сайттардан 2018 жылдан бері бөлінген миллиондарды көріп, есеп-шотымызды қақтық.

Сонымен, ҚХА-ға 2018 жылы қазынадан 2,7 миллиард теңге жұмсалыпты. 2019 жылы бірнеше түрлі жобаларға деп әртүрлі сома қарастырылған екен. Бәрінің басын қосып шықтық. 411,2 млн теңге болды. Бұл миллиондарды біз «Қазақстан халқы Ассамблеясының 2019-2021 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарынан» алдық.

Әңгіменің қыл қысқасы – Жаңа Қазақстан билігі бұрын өздерімен бір «кәбинетте» отырған ескі Қазақстанның есіріктері лайлап кеткен бастау – аяғынан емес, басынан тұнитынын түсінуі керек! Мемлекеттік тілге шынайы мәртебе берілмей, Екінші Республика туралы ертегіге «Узбечкадағы» әкімші әйел де сенбейді.

P.S.

Біз бұл оқиға жөнінде өз пікірін білдіруді қоғам қайраткері, белгілі тіл жанашыры, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшімнен өтінген едік.

– Бұл жерде екі түрлі бағытта түсініктеме беруге болады. Біріншісі – заңдық негіздегі түсініктеме: ҚР «Тілдер туралы» заңына сүйенсек те, ҚР «Тұтынушыларды қорғау туралы» заңына сүйенсек те, бұл оқиға – заңның бұзылуы, демек, қазақ тілінде (мемлекеттік тілде) қызмет көрсетудан бас тартқан адам жауапкершілікке тартылуы шарт.

Алайда, біздің елде қазақ тіліне қатысты заңдар жұмыс істемейді, ең қызығы, республикадағы заңдардың орындалуын қадағалаушы бірден-бір орган – прокуратура тілдер туралы заңның орындалуын бақыламайды. Бұл мәселе – әкімдіктің жанындағы тілдер басқармасының құзыретінде. Отыз жыл бұрынғы заңның жұмыс істемейтініне көздері жеткен парламент депутаттары былтыр ғана дәл осы мәселеге қатысты тағы да қосымша заң қабылдады, бірақ көріп отырғанымыздай, ол заң да қағаз күйінде қалыпты… Бір сөзбен айтқанда, кафе, ресторандардағы «Ас мәзірінің» қазақша нұсқасы болмаған жағдайда, қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан жағдайда, сол адамдар, жауапты қызметшілер, кафе, ресторандардың қожайындары бес жыл түрмеге отырмайынша, еш нәрсе өзгермейді. Тәуелсіздіктен кейінгі отыз бір жыл орыстілді биліктің бұған бармайтынын анық көрсетіп отыр.

Екінші бағыт – қазақтілді азаматтардың қаһары, ашу-ызасы, бұл қорлыққа, бұл мазаққа шыдамауы. Ана тілінің қолданылуын өз қолдарына алуы, адам құқығына сүйене отырып, қазақ тілінің шеттетілуіне (дискриминацияға ұшырауына) қарсы күресуі. Бұл күрестің ең тиімді жолын Қуат Ахметов бастаған «Тіл майданы» көрсетті. Бірақ осы жолдың тиімділігін көрген Қазақ елінің билігі ол азаматты елден кетуге мәжбүр етті.

Меніңше, бұл жол – азаматтардың өз тілінде қызмет алуын қамтамасыз ету үшін күрес жолы – келешекте күшейе түседі, оны тоқтату биліктің қолынан келмейді. Халық алдауға шыдайтын шығар, бірақ қорлыққа шыдамайды. Ал біздің талдап отырған оқиғамыз, қазақтілді азаматтарды нақты қорлаудың көрінісі.

Енді сәл сабыр етіп, биліктің осы оқиғаға байланысты қандай іс-әрекетке баратынын күтейік. «Әділетті Қазақстан», «Жаңа Қазақстан», «Еститін  үкімет», т.т. сөз тіркестерінің нақты мағынасын сонда білетін боламыз.

Тегтер: тіл мемлекеттік тіл мәселе латын әліпбиі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 15:51
Қазақстанда оқу жылы 31 мамырға дейін ұзаруы мүмкін
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 15:11
ШҚО тұрғындары ауыл әкімін сайлау әділетсіз өтті деп шағымдануда
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 09:12
«Мектепке жол». Атырауда бірінші сынып оқушысына 10-сынып оқушысының формасы берілген
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 08:58
"Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 18:21
Синоптиктер алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын жариялады
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 17:42
Қорғаныc министрлігі әскерде жұмыс істеген қыздың айыптауларына жауап берді

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49