31.05.2023, 14:55
1424
Жамбыл облысында жастарды қолдауға байланысты биыл жеңілдетілген несие беру жұмыстары басталды. Яғни бұл бір жағынан жастарды қолдай отырып, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға да біршама үлесін қосары анық.
Нақтырақ айтсақ, өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты өткен аптада ғана облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Рахметханұлы Жігітеков Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенттерімен кездесіп, «Ашық лекция» жүргізген болатын. Жиынға өңірлік жастар саясаты мәселелерінің басшысы Жомарт Зұлпыхар да қатысты. Ал онда көтерілген мәселелерге келсек, Нұрби Жігітеков биыл жастардың болашағынан зор үміт күттіретін перспективалық жобаларға тоқтала отырып, «Аграрлық несие корпорациясы» мен «ҚазАгроҚаржы» секілді тиімді бизнес жобаны жүргізуде жастарға қолдау көрсететіндігін айтты. Және жастарды қолдау арқылы алдағы уақытта «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту – 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мен «Агробизнес», «Кең дала», «Жастарға несие беру», тағы басқа мемлекеттік бағдарламалардың жүргізілетінін айтты.
Ал одан бөлек, өңірде жастарды қолдауға байланысты биыл қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр деген сұраққа Жастар саясаты мәселелерінің басшысы Жомарт Дүйсенұлы: «Облыс бойынша жастарды қолдауға байланысты жұмыстар көбірек жүргізіліп жатыр. Соның ішінде жастардың жұмыссыздығы мен кәсіпкерлігін дамытуға көп көңіл бөлінуде. «Жастарды мемлекеттік қолдау тетіктері» бағдарламасының тиімді жақтарына келсек, қазіргі таңда жас мамандарды қолдауға байланысты «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бар екендігін айтуға болады. Және енді ғана оқу бітірген, жұмыссыз жүрген жастарға арналған «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыстар», «Ұрпақтар келісімшарты», «Әлеуметтік жұмыстар», «Тұрақты жұмыс орындары» секілді бағдарламалар да бар. Сонымен қатар түлектерді қолдауға арналған арнайы гранттық бағдарлама мен бірнеше жылдан бері келе жатқан «Серпін» бағдарламаларын айтуға болады. Ал өзіміздің жергілікті бюджет есебінен жоғары оқу орындарына, кәсіптік техникалық білім ордаларында білім алатын жастарды қолдауға байланысты гранттар да бөлінуде. Биылдың өзінде жоғары оқу орындарында 90-ға жуық гранттар бөлінсе, кәсіптік техникалық білім ордаларында 6 мыңға жуық грант бөлініп жатыр. Ал жастардың тұрғын үй мәселесіне келсек, аталған мәселені шешу бағытында пилоттық жоба ретінде «Әулиета жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Өңірімізде кәсіпкер жастарымыз да ұмыт қалған жоқ. Биылдан бастап шағын кәсіпкерлікпен айналысатын жастарға арналған «Профи жастар» бағдарламасы да іске қосылып отыр. Осы орайда жастардың бастамалары мен идеяларын іске асыруда «тәуелсіздік ұрпақтары» гранты былтырдан бері жұмыс жасап келеді. Жыл сайын жастардың кәсіпкерлігін қолдау барысында 2,5 пайыздық несие беріліп отырады», – дейді.
Бұл өңірлік жастар үшін іске асырылып жатқан бағдарламалар алдағы уақытта өңірдің дамуына, жастардың жұмыссыз сабылып жүрмеуі үшін жасалынып жатқан жағдайлардың бірі. Сол себептен де болар биыл өңірде жастардың да саны біршама артқан көрінеді. Бұған қатысты Жомарт Зұлпыхардың пікіріне қайта тоқталар болсақ, ол «Биыл облыс көлемінде жастардың саны 351 мың жасқа жетті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда, 93 мың жасқа артқан. Оның ішінде 217 мың жас ауылдық елдімекендерде тұрса, 133 мыңы қалалық елдімекендерде тұрады. Ал осылардың ішінде 3900-ға жуық жас «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмысқа орналастыру жоспарланды» деген пікірін білдірді.
Жоғарыда жазғанымыздай, биыл облыс жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиета жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасын жергілікті бюджет есебінен 500 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар бағдарлама аясында тұрғын үй алуға байланысты 737 өтініш түсіп, 89 қатысушыға «Отбасы банк» бағдарламасы арқылы жолдамалар берілді. Нәтижесінде, «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалы тарапынан қырық қатысушының өтініші қабылданып, бағдарлама аясында баспаналы болған.
Бағдарламаға денсаулық сақтау саласы, журналистика, білім беру, мәдениет, спорт салалары бойынша мамандар қатысып, бақтарын сынаған. Нәтижесінде Тараз қаласы бойынша отыз бес жас отбасы баспаналы болды. Оның он сегізі денсаулық сақтау саласынан, оны журналистика, үшеуі спорт, екеуі мәдениет салаларынан шықты. Сондай-ақ Қордай, Байзақ, Шу, Талас, Жамбыл аудандарынан денсаулық сақтау саласы мен білім беру салаларынан жас мамандар жаңа баспанаға ие болды. Бағдарламаның іске асуы үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінсе, «Отбасы банк» АҚ тарапынан жүз қырық жасты баспанамен қамту жоспарланған.
Сонымен қатар өңірде «Жастарға кеңес» жобасы қосылып, онда жастарды мемлекеттік қолдау тетіктері мен жұмыспен қамтудың шаралары белсенді түрде ұйымдастырылып, 50 ақпараттық кеңес беру алаңдары бойынша жұмыс жүргізілді. Биыл жоба бойынша облыстан 2500 мың жас қатысты. Ал оның жеті жүз тоқсаны Neet санатындағы жастар болса, қалған жүз қырығы мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттық кеңесте тұрған пробациядағылар саналады. Ал жобаның іске асуы үшін биыл жергілікті бюджеттен 136,2 миллион теңге бөлініп, 1 мың сегіз жүзден астам жас маусымдық жұмыспен қамтылады. Бірақ әзірге «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жобасы іске қосылып, Тараз қаласы мен шағын аудандардан 5 жүз елу алты жас маусымдық жұмыстарға тартылды.
Әзірге Жамбыл облысында жастарды қолдауға байланысты жоғарыдағыдай жағдайлар жасаланып келеді. Бірақ жастарды қолдау тек бұл жобалар мен бағдарламалар тоқтап қана қалмайды, алдағы уақытта жастардың әлеуметтік жағдайын көтеруге, ерікті жастардың жұмысын көрсетуге, өзге де бос жүрген жастарды жұмыспен қамтуға әрі рухани тұрғыда жан-жақты дамуына байланысты жұмыстар жалғасын таба бермек. Бұл туралы Жамбыл облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Жомарт Дүйсенұлы жастармен өткен жиында айтып кеткен болатын.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР