Жаназа бәсекесі

Бифат ЕЛТАЕВА

15.06.2022, 15:45

1113

Жалпы бізде тойдан бөлек жаназаны елден қалмайық деп жасау әдетке айналғалы көп жыл болды. Жаназаның дастарханын көріп, қазалы үйге емес құдды тойға келгендей күй кешеміз. Жақынынан айрылған үйдің бәсекеге түсіп, аста-төк дастархан жасағаны тіптен әбес көрінеді.

Жаназаға, қазанамаға арналған дастарханның ысырапшылдыққа жол бермеуі керектігі жөнінде имамдарымыз айтып келе жатқанына да біраз болды. Алайда бұл ас берудегі ысырапшылдық әлі күнге толастамай келеді. Соның салдарынан той мен ас берудің айырмасы болмай қалды. Байлар мақтанышпен ақшасын аста-төк шашса, жағдайы жоқтар елден қалмайын деп несие алып, төлей алмай, сандалып жүргені. Тағы бір өкінішті жайт, келген қонақтың тыныш кетпей, қаралы үйдің қазанын әңгіме етіп кететіндері де кездесіп жатады. Содан да болар, қазақтың «жұрт не дейді?» деген сөзге елеңдеп, ысырапшылыққа көп ұрынатыны. Осы бір түйткілді мәселеге қатысты дін өкілдерінің пікіріне құлақ түрсек, Қазақстан мұсылмандар дін басқармасының ақсақалдар алқасының мүшесі, Медеу аудандық әл-Хамид мешітінің бас имамы Асылхан қажы Өмірзақұлы жаназаға жайылатын дастарханға қатысты астамшылдықтың керегі жоқ екенін айтады.

— Қазақ халқы Аллаға сыйынып, аруағын құрметтеп, астындағы атын сойып беретін халық. Әрі сол арқылы рухымыз көтерілетін елміз. Бірақ шариғат, ислам Алланың діні. Сол үшін қазақ болайық, не өзге ұлт болсақ та шариғатқа, исламға бойұсынуымыз міндетті. Өлген адамның артынан өлмек жоқ. Кісі өлсе, «бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген қазақтың әдемі сөзі бар. Шынымен де, қазір кісі өлімі той секілді өтеді. Тіпті қонақасының өзі 300 адамдық мейрамханаларда беріледі. Кейбіреулер 500 адамға дейін дастарханды аста-төк жасап жатады. Мүмкін, бар болғанынан жасар. Садаға болсын делік. Бірақ ертесіне мәйітті көміп келген соң, тағы да дастархан жаяды. Оны көрген ел «менің әкем біреуден кем ба? Мен де үлкен дастархан жасайын» деп ас беру үшін несие алады. Сондай-ақ несиені әкесін көму үшін де, қонақасын жасау үшін де кредит алып жатады. Бұның барлығы шариғатқа да, ақылға да сыймайтын нәрселер. Шариғатта оны ысырап деп атайды. Әрбір ысырапқа жол беруші харам болып есептеледі. Осы орайда, мен қазақ еліне, қазақ жұртына «бар екен деп орынсыз шашылмай, елден ұят болады» деуден аулақ болса деймін. Елден ұят болады демей, Алланы ойлау керек. Қатты ұялып бара жатса, намаз оқысын, Құран аударсын, өлген кісінің атынан кешірім сұрап, Аллаға жалбарынсын. Әке-шешесі тірі кезінде маңдайын сипап құрметтесін, сыйласын, қолын сүйсін. Тірі кезінде көрсете алмаған қызығын өлгенінде миллион шашып, дастархан жайып бергенінен не пайда? Сол үшін ата-бабамыз «тірі кезінде сыйлас. Өлген соң бәрі мықты, бәрі жақсы деп айта береді» деп айтып кеткен. Сол айтпақшы, Шариғат ысырапқа жол бермеуге бұйырады. Кеше ашаршылық уақытында жейтін тамағы болмаған кезде қырқын, қонақасы мен ас беру болған жоқ. Жай ғана шелпегін пісіріп, бала-шағасымен бірге Құран оқыды. Осылай өз үйінде жетісін, қырқын беріп, дастарханға шелпегін қойып, құран бағыштаса да болады. Ал қазіргі жағдайда бүкіл қарны тоқ елді шақырып, артынан мейрамхананың ақшасын төлей алмай қиналып жатады. Мұның барлығы шариғатқа жат дүние. О заманнан кісі қайтыс болған үйде үш күнге дейін сол үйдің қазаны қайнамаған. Тек көршілері ет асып, тамақ әкеліп берген. Демек, мұның түбінде қайғы болған үй жылқы сойып, ағыл-тегіл дастархан жасамай, көршілері, ағайындары қара жамылған кісіні жұбатып, қайғысына ортақтасу үшін көмек берсін деген ниет бар. Қайғы үш-ақ күн болған соң, үш күннен кейін орнынан тұрып, қайта тіршілігін жасап кету керек. Ал біздің қазақ бір жылға дейін созып жүріп алады. «Дастарханға не қою керек?» деген сұраққа келсек, не қойса да өз еркі. Міндетті түрде құрт, жент деп айта алмаймын. Қолында не бар соны қойсын. Бірақ біздің қазақ намысшыл халық қой. Қанша айтсақ та, «ұят болады» деп үйіп-төгіп, өкіртіп жасауға тырысады. Жасамай-ақ қойсын. Оның орнына дұға жасасын. Сондай-ақ мешіттердің жанындағы медреселерде оқып жатқан балаларға асын беріп, хатым құранын оқытып кетсе де, үлкен сауап болар еді, – дейді имам.

Асылхан қажы айтпақшы, ысырапшылдықты жою үшін сананы тәлім-тәрбие, имандылық арқылы түзеуіміз қажет. Бұнын барлығы ежелден ата-бабамыздың дәстүрінде ас беріп, дүркіретіп бәйге өткізу бар десек те, сол дәстүрлердегі марқұмды жөнелту шаралары мен той-томалақ өткізудегі жөн-жоралғылар бүгінгі ұрпаққа ауыр тиіп жатқаны жасырын емес. Оның үстіне, шын ниет етпей, құр мақтанышпен не елден қалмайық деген бәсекемен жасалынған жаназа, ас берудегі ысырапшылдық, зәулім-зәулім мазарлар салып жарысу өліге де тіріге де пайда әкелмейтін нәрсе екенін түсінетін де кез жетті.

Тегтер: жаназа ас міндет дін діл

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 01.07.2022, 15:31
Қазақстанда "сары" аймаққа жаңа шектеулер бекітілді
Сайт әкімшілігі 01.07.2022, 12:15
Қызылорда облысында 15 адам Конго-Қырым безгегін жұқтырған
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 30.06.2022, 11:49
Өрт!
Бифат НҰРМАХАН 30.06.2022, 10:33
Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар
Рәтбек АРЫНҰЛЫ 29.06.2022, 10:00
Қандықол қасапшылар қайдан шықты?
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 29.06.2022, 08:34
Үкіметке қымбатшылығың «бес тиын»

Аңдатпа


  • Бибісара МАТ қойды!
    30.06.2022, 08:37
  • Ажалға апарған адал еңбек
    30.06.2022, 08:26
  • Үкіметке қымбатшылығың «бес тиын»
    29.06.2022, 08:34
  • Әкімдердің қауқары жетпей ме?
    29.06.2022, 08:30
  • Орыс мектептерін қаржыландыру – Ресейге қызмет ету
    29.06.2022, 08:39