«Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы

Сағындық ОРДАБЕКОВ

21.01.2021, 13:59

2601

        Қазіргі күндері бұқарамен терең араласып, көптің ойынан шығып,  басылымдардың алдыңғы шебінде жүрген республикалық  «Жас Алаш» газетінің  жарық көргеніне 100 жыл толыпты. Бір ғасыр! Бұл аз уақыт емес. Сонау 1921 жылы 22 наурызда Ташкент шаһарында алғашқы нөмірі жарық көрген бұл басылымда 100 жыл ішінде қаншама мақала жарияланып, қаншама адам осы газеттің шығуына үлес қосты десеңші! Еліміздің бір ғасырлық шежіре-тарихын осы газеттің сарғайған беттерінен қиналмай табуға болатынын батыл, сенімді айта аламыз. Бұл басылым қай кезде де қазақ жастарының саналы азамат болып қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді, рухани баюына айтулы үлес қосты, жарқын болашақтарына  бағыт-бағдар берді.

Иә, заманына қарай әртүрлі аталып, бүгінгі «Жас Алаш» газеті қашанда халықпен бірге болып, бірге ­жасасты, ауыртпалықтарды бөлісіп, қиындықты бірге көрді. Ғасыр жасаған басылым небір сындарлы кезеңдерді бастан өткеріп, бүгінгі күнге  жетіп отыр.  Осы өткен жылдарда елімізде болған көптеген өзгерістердің куәгері болды. Ол республикалық газеттердің қарашаңырағының біріне айналып, редакция құрамы, оқушылары да үздіксіз өзгеріп, бірнеше ұрпақ алмасыпты. Алғашқыда жастар газеті болып дүниеге келген ол  бара-бара ел-жұрт арасында кең тараған көпұлттық басылымға айналды.

Кезінде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») еліміз жастарының беткеұстар сүйікті басылымы болып, оның жылдық тиражы 300 мыңға жеткен болатын. Сөйтіп, жас ұрпақтың айбынды мінберіне, мыңдаған халықтың үніне-рупорына айналғанына куәміз. Оның сапасының артуына әр кезеңде бас редактор болған Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов және  басқалардың ерен еңбегі, ізденісі, тапқырлығы, творчестволық  шеберлігі, ой-өрістерінің тереңдігі болды. Жастар газеті көптеген жас дарынды журналистердің қаламын ұштаған, қанатын қатайтқан, болашақтарына бағыт-бағдар берген, үлкен өмір жолына салған, қарымды  қаламгер-жазушыларды дайындаған айтулы мектеп-ұстахана болды. Жас қаламгерлер Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкеев, Ақселеу Сейдімбек, Қадірбек Сегізбаев, Жақау Дәуренбеков, Қали Сәрсенбаев, Ерғали Сағатов, Әшірбек Көпішев, Бақыт Сарбалаев және де басқалар осы газеттен еңбек жолдарын бастап, тартымды мақалалар жазып, көзге көрініп, келе-келе көрнекті, елге танымал шебер қаламгерлерге айналғанын көпшілік біледі. Олардың біразы бұл күндері белгілі, абыройлы газеттер мен журналдардың бас редакторы болып еңбек етуде.  Көрнекті, сөзі салмақты, жандары жайсаң публицистер мен қарымды жазушылар да жоқ емес.

Еліміз егемендік алғаннан кейін-ақ жастар газеті «Жас Алаш» атанып, бодандықтан бостан­дық­қа шығу редакция қызметкерлеріне тың серпін берді, кез келген тақы­рыпты қорықпай, қаймықпай жазуға ұмтылыс пайда болды. Халықтың мұңы, қоғамдағы кемшіліктер, билік иелерінің теріс қылықтары ашық, бүкпесіз  айтыла бастады. Оның беттерінен өткір де өзекті дүниелерді оқуға мүмкіншілік туды. Ол әрдайым халықпен бірге болып, бірге ­жасасты, қиындықты бірге көрді. Көпшілік әділдікті, шындықты «Жас Алаштан» іздейтін болды.Еліміздің рухани өміріндегі өзгерістерге үлес қосып, оқушыларының көңілінен шығу, халық сеніміне ие болу әр баспа үшін үлкен жетістік, мақтаныш.

      Әркез «Лениншіл жастың» және қазіргі  «Жас Алаштың» оқырмандары мол болды. Газет көптеген, мыңдаған жастардың тәрбие құралы болды десем, сірә, қателеспейтін шығармын. Мен «Лениншіл жастың» мектеп жасында жүріп-ақ тұрақты оқырманы болып, сол жылдары достастым. Баз бір кезде ойымда жүрген толғаныстарды, пікірлерімді ақ қағазға түсіріп, пошта арқылы газет редакциясына жолдайтынмын. Оның бірі жарияланса, екіншісіне міндетті түрде «ойыңды пісіріп, жазуыңды ширата түс» деген жауап келіп отыратын. 1969-75 жылдары Алматыдағы медицина институтында оқып жүргенімде редакция қызметкерлерімен қоян-қолтық араластым, әр тақырыпқа жазған мақалаларым жиі болмаса да, жарияланып тұрды. Мысалы, 1975 жылы «Студенттер сарайы неге жоқ?» деген проблемалық мақалам жарияланып, ол жастар арасында қолдау тауып, сәл кейін жаңадан салынып жатқан ҚазМУ қалашығы маңынан  әсем де көрікті Студенттер сарайы салынған болатын. Бұл есте қалған бір ғана оқиға. Тіпті «Лениншіл жастың» 50 жылдығына орай, оның Құрмет грамотасына ие болғаным бар. Мен үшін бұл газет журналистикадан үлкен мектеп болды.  Сөйтіп, бірте-бірте журналистика менің ажырамас екінші мамандығыма айналды. Міне, содан бері мен журналистикадан қол үзбей, газет-журналдарға мақалалар, суреттемелер, эсселар, әңгімелер жазып келемін. Ол мені әркез қанаттандырады, маған шабыт береді. Газетпен және оның ұжымымен байланысым әлі де үзілген емес. Елу жылға жуық оның оқырманы бола жүріп, сиректеу болса да, көңілде жиналған ойларымды мақалаға айналдырып, редакцияға жолдап отырамын. Оларым жарияланып, көпшілік оларға пікірлерін қосып жатады. 

      Елімізде «Жас Алаш» жастар газеті (тек жастар арасында ғана емес, ойы мен көңілі ояу қазақтың қалың қауымы арасында абырой биігінде келе жатыр) егемендіктің еңсесін тіктеп, ел бірлігін нығайтуға қомақты үлес қосып келеді. Еліміздің әлемдік саяси сахнада мойындалған табыстарын жан-жақты әрі дәйекті түрде жеткізіп отыр. Ол ел арасына тек қағаз арқылы тарайтын газет емес, әлеуметтік желілер мен ғаламторлық нұсқалары  арқылы да жетіп жатқаны қуантады. Ол, сөйтіп, көптеген оқырмандарын әрдайым маңызды, жағымды оқиғалардан хабардар етіп келеді. Қажет кезде ешкімнің бетіне, жүзіне қарамай,  әділ сындарға да жол береді. Сондықтан ол көпшіліктің сөзін сөйлейтін, шындық бен әділетті ту еткен бірден-бір турашыл басылым болып отыр.

        Жүз жыл бойы, яғни бір ғасыр үздіксіз жарыққа шығып, атын өзгерткенімен, затын өзгертпеген, халықтың өмірінің сарқылмайтын қайнар бұлағындай болып, ел-жұртының өмірін жырлап келе жатқан сүйікті «Жас Алаш» газетінің ұжымын және оның оқырмандарын айтулы 100 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып,  алдағы уақытта да ол өз халқымен бірге халық үшін, егемен еліміз үшін, қазір ақпараттық технологияның дамыған кезінде де көштен қалмай, үлкен абыроймен қандастарына қызмет ете береді деп сенемін.

      Ғасыр куәгері – республикалық «Жас Алаш» газеті мына дүрбелеңге толы өмірде тәуелсіз еліміздің ақпарат айдынында еркін жүзе беруіне тілектестік білдіремін.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12.06.2021, 10:29
ҰБТ-ны алып тастау қажет — Талғат Нәрікбаев
Сайт әкімшілігі 12.06.2021, 10:20
«Атамекен» рейтингі университеттің потенциалын анықтамайды – Олжас Ордабаев
Еламан СЕРІК 11.06.2021, 12:07
Мектептерде парақор директорлар әлі отыр
Сайт әкімшілігі 11.06.2021, 10:49
«Жастар-Отанға!» 5 бағытты қамтиды
Еркежан АРЫН 11.06.2021, 10:23
Қазақстан БҰҰ-ның экологиялық бастамасын қолдайды
Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 11.06.2021, 09:02
Егемендік халыққа не берді?

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02