«Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты

Нұрболат ӘЛДИБЕК

03.08.2021, 11:01

6433

     Табалдырығында талай мықтының табанының табы қалған республикалық «Жас Алаш» газеті биыл 100 жылдық мерейтойын өз деңгейінде, еліміздің әр қиырында атап өтіп жатыр. Басылымның ғасырлық тойына арналған іс-шаралардың бір парасы наурызда Алматы қаласында бастау алған болатын. Мұнан соң Қызылорда, Қарағанды, Жезқазған, Орал, Түркістан өңірлерінде болған басылымның бас редакторы Қайрат Мәтіреков бастаған шығармашылық топ шілде айының 28-30 күндері аралығында Жамбыл облысында болды.

       Алматыдан келген арнайы топ алдымен Меркі ауданына ат басын бұрды. Мұнда белгілі журналист, «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары қызметін атқарған, өткен жылы індет салдарынан қайтыс болған марқұм Жолдасбек Дуанабайдың бейітінің басына барып, құран бағыштады. Орайы келгенде, жасалаштықтар Меркі ауданы әкімінің орынбасары Берік Бегалиевке Жолдасбек Дуанабай есімін өскелең ұрпаққа өнеге, марқұмға тағзым көрсету мақсатында туған жерінде әкімдік тарапынан жұмыстар жүргізілсе деген өтініштерін жеткізді. Өз кезегінде әкім орынбасары айтылған  ұсыныстарды аудан әкімі, облыс басшылығымен ақылдаса отырып, қолдау көрсететіндерін айтты. Сонымен қатар жасалаштықтар «Меркі – жердің көркі» демекші, мерейлі мекеннің тауына шығып, үңгірін, сулы-нулы табиғатын тамашалады.

        Ертесіне Шерхан Мұртаза атындағы «Тарихтану және руханият» орталығында газетіміздің 100 жылдығына орай кездесу өтті. Айтыскер, «Айтыс ақындары және жыршы-термешілер одағы» Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Ахметжан Өзбеков жүргізген кездесу кешінде бас редактор Қайрат Мәтіреков, басылым редакторының  орынбасарлары Сейсен Әмірбек пен Алмас Нүсіп және жазушы Көсемәлі Сәттібайұлылар қатысып, оқырман сұрақтарына тұшымды жауап берді.

       Бұл күні «Жас Алаш» газетінің 100 жылдығына орай, журналистер арасында бильярдтан республикалық турнир өтті. Бұл додаға бір сәт қаламдарын тастаяққа айырбастаған, Алматы мен Шымкенттен арнайы келген және жергілікті 20-дан астам журналист бақ сынасты.   

       Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде белгілі журналист Көсемәлі Сәттібайұлы, журналистика және театр ардагері Асқарбек Сейілхан, республикалық «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Қайрат Мәтіреков сөз сөйлеп, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ олар өз сөздерінде ғасырлық тарихы бар басылымда ұлт руханиятының талай дарабоздары жұмыс істегенін, бүгінгі жас буын журналистердің де қаламы қарымды екенін тілге тиек етіп өтті.

       Турнир барысында көптеген әріптестеріміздің ойынды стратегиялық жоспармен жүргізуге бейімделіп қалғанын да аңғардық. Олар бильярд үстелінде барын салып, қарсыластарының қателіктерін пайдалануға тырысып бақты. Мұның өзі тілшілер арасындағы бәсекенің қыза түскенін аңғартса керек. Жалпы, жарыс барысында журналистика ардагері Бекет Момынқұлдың да өз шеберлігін көрсеткенін айтып өткен дұрыс. Нәтижесінде Бекет Момынқұл тамаша ойын үлгісін көрсеткені үшін арнайы сыйлыққа ие болды.

       Қалай болғанда да, әр жарыстың өз фавориттері болатыны белгілі. Бұл күні де солай болды. Үздік үштіктің қатарынан жұрт «осылар жүлдегер болады-ау» деген 4-5 жігіттің үшеуі көріне білді. Шымкент қаласынан келген әріптесіміз Самат Мырзалиев турнир басталғаннан-ақ тамаша ойын өрнегін көрсетті. Бірнеше қарсыласын жарыс жолынан ығыстырған ол финалға қиналмай шықты. Ал үздік төрттіктің қатарынан көрінген облыстық «Aq jol» газетінің Мойынқұм және Шу аудандарындағы меншікті тілшісі Ерғали Қартайған да бұл күні әдемі ойынымен көзге түскенін айта кеткен жөн. Ерғали Қартайғанның жүлдегер атануына сәл ғана сәттілік жетіспеді. Финалдық жолдама сарапқа салынған кездесулердің бірінде облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің өкілі Серік Тәжібай мен республикалық «Астана» телеарнасының облысымыздағы меншікті тілшісі Берік Жакулаев кездесті. Тартысқа толы кездесу тағдыры үшінші кезеңде шешілді. Бірнеше мүмкіндігін ұтымды пайдаланған Серік Тәжібай финалдық бәсекеге жолдама алды.

        Шешуші ойында Серік Тәжібай мен Шымкент қаласынан келген Самат Мырзалиев турнир чемпионын анықтады. Екі мықтының арасындағы ойын өте тартысты өткенін айта кеткен жөн. Бірінші кезеңде шымкенттік әріптесіміз Серіктің қателіктерін ұтымды пайдалана отырып, жеңісті жұлып алғанымен, екінші кезеңде Серік Тәжібай өзінің тәжірибелі ойыншы екенін көрсетіп, таразы басын теңестіріп кетті. Шешуші кезеңде Самат барынша сақ ойнауға тырысып бақты. Алайда қиын позициялардан оңай сытылып шыққан Серік бірнеше мәрте тамаша соққыларымен шар біткенді лузаға тоғытып, өзінің шын мәнінде мықты екенін кезекті рет дәлелдеді. Осылайша Серік Тәжібай турнир чемпионы атанса, Самат Мырзалиев – екінші, Берік Жакулаев үшінші орын иегері атанды. Ерғали Қартайғанға ынталандыру жүлдесі бұйырды.

        Турнир соңында жарыс жеңімпазына 100 мың теңгелік сертификат табысталды. Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт бұл жүлдені жергілікті «Aulieata media» ЖШС тағайындағанын атап өтті. Одан бөлек, екінші және үшінші орындар мен өзге де арнайы сыйлықтар бірнеше демеушінің есебімен берілгенін айта кеткен ләзім.

     P.S. Газет ұжымы және Жамбыл облысындағы меншікті тілші Нұрболат Әлдибек «Жас Алаштың» 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған іс-шараларға атсалысқан, қолдау көрсеткен азаматтарға басылым арқылы алғыс айтады. 

    

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 13:06
Баланың мұңын кім тыңдайды?
Жарлы БАЙҒАНИН 10:08
Солтүстік қазақылана бастады
Әдина ЕРҚАРАЕВА 23.09.2021, 17:30
Құл ететін құмар ойындар
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 15:40
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2021, 14:20
Аралас мектептер азаюдың орнына артып кетті. Неге?
Батыр ЖАСҰЛАН 22.09.2021, 12:00
Заң астарындағы «жасырынған жоба»

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39