Жасай бер, «Жас Алаш!»

Құрманғазы МҰСТАФИН,ҚР еңбек сiңiрген мәдениет қызметкерi

15.12.2020, 14:48

3343

         Саяхат жасағанды, ел аралап, жер көргендi бала кезден ұнатушы едiм. «Лениншiл жасқа» 24 жасымда жұмысқа тұрғанда осы арманымның өз-өзiнен iске асатынын ойламағанмын. Мұнда редакция тапсырмасын орындайтын iссапарлар болады екен және журналистер сондай сапарға аттануға әрқашан дайын тұруға тиiс екен. Мұны осында орналасқан соң ғана бiлдiм және екi аптадан кейiн-ақ жолға шықтым. Өзiме керегi де сол едi.

         Қай жерде болмадым, қандай адамдарға жолықпадым, қандай хикаяны бастан кешпедiм десеңшi! Республикамыздың барлық облысын дерлiк араладым, екi рет (Лениногорскі мен Қарағандыда) шахтаға түстiм, Өскемен, Павлодар, Темiртау, т.б. қалалардағы заңғар зауыттар мен комбинаттарда болдым, ондаған мақала жаздым (газетте комсомол-жастар және жұмысшы-жастар бөлiмдерiнде iстедім). Тiптi Мәскеу мен Ленинградта да сан мәрте болып қайттым.

         Заманның кеңдiгi ғой, сапарға ылғи ұшақпен шығатынбыз. Бiр жолы, Ұлы Жеңiстiң 24 жылдығы қарсаңында ғой деймiн, шұғыл тапсырмамен Алматы–Қостанай–Арқалық және керiсiнше маршрутпен бiр кейiпкерiмдi iздеп барып, үш тәулiктiң iшiнде «Он алтыда от кешкен» деген очерк жазып (қайтар жолда, яғни ұшақта отырып), редакцияға әкеп тапсырғаным есiмде.

        Жас едiк, көп мәселеде әлi шикi болатынбыз. «Жас Алаш» кең дүниеге көзiмiздi ашты. Ол бiздi, жалғыз менi ғана емес, редакцияның күллi жас толқынын оқытты, тәрбиеледi, баулыды, өмiрлiк бағыт-бағдарымызды анықтауға көмектестi.

        Әлгiнде айтқанымдай, саяхат жасауды бала кезден ұнататынмын. Жасөспiрiм шақта «Кама» велосипедiмен он бес-жиырма шақырым жырақтағы бес-алты ауылды көрiп қайтсам, отыздан асқанда үш аяқты «Урал» мотоциклiмен Орал, Ақтөбе, Атырау облыстарындағы бес-алты ауданды араладым, ал алпыстың ар жақ-бер жағында «боз жорғаммен» – «Нива» автокөлiгiмен туған жерiмiздi оңтүстiгiнен солтүстiгiне, батысынан шығысына қарай дегендей, бес-алты мәрте орағытып өттiм. Жай өткем жоқ, ел мен жердiң жағдайымен таныстым, тарихи орындарды араладым, «Лениншiл жастың» тапсырмасымен біраз жерді шарладым.

        Не көрдiм? «Жас Алаш» күн сайын жазып жатқан жағдаяттарға өз көзiммен куә болдым. Ауылымыздың адам айтқысыз азып кеткенiн, өрiсiмiздiң құлазып қалғанын, ауыл-ауылды жалғап жататын қара жолдарды белуардан шөп басып кеткенiн, көртышқан төбе-төбе топырақ үйiп, ен жайлап жатқанын, ұрлық-қарлық белең алып тұрғанын көрдiм. Өзi тойса да, көзi тоймайтын оңазалық, екiжүздiлiк, алаяқтық, немқұрайдылық, өлiп бара жатсаң, аузыңа қара су тамызбайтын қатыгездiк сияқты «қасиеттер» ауылдық жерде де қалыпты құбылысқа айналғанын байқадым.

        Жас жүректi шиыршық аттырған сол кездегiдей үмiт-арман, сол кездегiдей ынта-жiгер, сол кездегiдей белгiлi бiр мақсатқа жету ынтызарлығы – бәрi дерлiк бәсең тартып, солғындап қалғанын бiлдiм.

       Шатағы iлесе жүретiн шаршаңқы талпыныс қана бар, аштан өлмеудiң, көштен қалмаудың, жан бағудың амалын жасаған арпалыс қана бар. Көңiлiм едәуiр қарайып қалды.

Бұған ендi келешек баға бере жатар.

        Ал «Жас Алаш» журналистерiнiң бүгiнгi буыны бiздiң толқыннан әлдеқайда қарымды, қауқарлы екенiн мойындаймын. Оларға қызыға қараймын, кейде қызғаныш та бiлдiремiн. Олар бiз айтпаған, айта алмаған, жасқаншақтап астарлап қана аңғартқан нәрселердi бетiң бар, жүзiң бар демей, ашықтан-ашық паш етiп жатыр. Халықтың сөзiн жеткізіп жатыр.

       Жасай бер, «Жас Алаш!» Мерейтойың құтты болсын!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15:50
Аурухана лезде толып жатыр – Нұр-Сұлтан дәрігерлері үндеу жасады
Сайт әкімшілігі 14:30
Қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 21 миллиард теңге салған
Сайт әкімшілігі 12:04
Жаңа оқу жылы онлайн бола ма, офлайн бола ма?!
Сайт әкімшілігі 09:19
Қапшағайда демалысқа уақытша тыйым салынды
Сайт әкімшілігі 09:12
Бес қалада жаңа шектеулер күшіне енді
М.СӘУЛЕБЕК 30.07.2021, 12:14
«Қайтыс болғандардың ешқайсысы екпе алмаған»

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15