«Жасанды жолмен туған бала табиғи жолмен ұрпақ жалғастыра алмайды деген бос сөз»

Бифат ЕЛТАЕВА

29.10.2020, 03:44

2432

Қазіргі уақытта бедеу, белсіз болдым деген ерлі-зайыптылардың мәселесі де шешілгендей. Жыл сайын елімізде бедеу әйел мен белсіз еркектердің көбеюіне байланысты бұл мәселе қоғамдық дертке айналып отыр. Алайда заман ағымына қарай бұл мәселенің де шешімі табылып, ЭКО арқылы немесе суррогат ана арқылы ұрпақ өрбітудің жолдары пайда болды. Соның ішінде ЭКО-ға толық тоқталсақ. ЭКО дегеніміз (экстрокорпаральді ұрықтандыру) –  қарапайым тілмен айтқанда, табиғи жолмен балалы болуға мүмкіндігі жоқ ерлі-зайыптылардың аталық ұрығы мен аналық жасушасын алып, инкубаторда бірнеше күн сақтап, әйелдің жатырына салу арқылы балалы болу мүмкіндігін беретін, бедеуліктің кез келген түрін емдей алатын әдіс. Яғни ер мен әйелдің ұрығы адам ағзасының ішінде емес, сыртында қосылады.

Жалпы, елімізде  алғаш рет жасанды ұрпақ өрбіту 1995 жылы қолға алынып, 1996 жылы дүниеге қыз бала келген. Содан бері Қазақстанда мемлекеттік, мемлекеттік емес 7-8 орталық ашылды.  Мұнда ақылы түрде әрі ақысыз (квота) түрінде емделуге болады.  Ал квотаның өзіндік шарттары да белгіленген. Бұл квотаға кез келген ерлі-зайыптының мүмкіндігі бар деген сөз емес. Бастысы, әйел адам 20-35 жас шамасында болу керек әрі еркекте де, әйелде де ұрық болуы міндетті. Яғни бала көтеруге мүмкіндігі жоқ, ауыр дерті барларға квота берілмейді. Бұған жүктілікке және ұрықтандыруға жол бермейтін жатыр қуысының проблемалары, жүктілік және бала тууға қарсы көрсетілімі бар кез келген органының ауыр ісінуі, сондай-ақ соматикалық және психикалық аурулары бар, аналық жасушалар қоры аз әйелдер жатады делінген.

Жарайды, ЭКО-ға қайта тоқталсақ, бұл жасанды ұрықтандыру ерлі-зайыптыларға ата-ана бақытын сыйлады делік. Бірақ сол жасанды ұрықтан шыққан бала ертең ұрпақ жалғастыра ала ма деген сұрақ та туады. Мәселен, инкубатордан шыққан балапан өскен соң, тек жұмыртқалағыш болғанымен, балапан баспайды. Егер де инкубатордан шыққан жұмыртқаны кәдімгі  тауықтың астына салсақ, балапан басып шығарады. Бірақ ол балапан өскенде бәрібір балапан басып шығара алмайды. Өйткені тұқымы инкубатор болып саналады. Бұл да дәл сол секілді емес пе екен деген сұрақ көпшілікті алаңдатары сөзсіз. Себебі жасанды ұрықтандырумен дүниеге келген бала да инкубаторда өсіп, дамиды. Аты айтып тұрғандай, жасанды болса, ол қалай ұрпақ өрбіте алады?

Бұл жөнінде Адам ұрпағын өрбіту институтының  директоры Салтанат Байқошқарова былай дейді:

— ЭКО әдісімен дүниеге келген балалардың табиғи жолмен туған балалардан еш айырмашылығы жоқ. Бұл дүниежүзінің ғылыми деректері бойынша дәлелденген. 1978 жылдан бастап әлем бойынша 8 миллионнан астам бала дүниеге экстрокорпаральді ұрықтандыру арқылы дүниеге келді. Ең алғаш Англияда Луиза Браун мен сіңлісі Нэнси Браун екеуі де осы жасанды әдіспен дүниеге келген. Қазір әпкесі 42-де, сіңлісі 38 жаста. Луиза екі балалы, Нэнси бір балалы болып, екеуі де табиғи жолмен ана атанып отыр. Ресейде де 1986 жылы ЭКО-мен туған қыз табиғи жолмен босанып, балалы болды. Ал Қазақстандағы, менің қолымнан жасанды ұрықтандыру бойынша туған қыз бала қазір 25 жаста. Әлі тұрмысқа шыққан жоқ. Қазіргі таңда Англияда білім алып жатыр. Оның тұрмысқа шығатын ойы қазір жоқ болса да, біз оның денсаулығын тексердік. Әсіресе УЗД-ға жатырын, аналық бездерін түсірдік, бәрі қалыпты жағдайда, еш мін жоқ. Сондықтан оның табиғи жолмен ана атана алады дегенге сенім артамыз. Одан кейін дүниеге келген 23-24 жас шамасындағы балалар да әлі шаңырақ көтермеді. Жалпы, Қазақстанда осы кезге дейін 25 мыңға жуық бала ЭКО арқылы дүниеге келді деп айтуға болады.

      Сұраққа қайта оралсақ, дүниежүзілік ғылыми деректердің статистикасы бойынша, 8,5 миллион баланың денсаулығы табиғи жолмен туған балалардан ешқандай айырмашылығы жоқтығы дәлелденген. Оның бір дәлелі – Луиза Браунды дүниеге алып келген физиолог, биолог Роберт Эдвардқа 2010 жылы көзі тірісінде Нобель сыйлығы берілді. Нобель сыйлығын ол кісіге 32 жылдан соң берген. Себебі 32 жылдың ішінде бірнеше миллион бала дүниеге келіп, барлығының денсаулығын тексере келе, олардың ұрпақ жалғастыруға еш кедергі жоқтығына көздері жетіп, Нобель сыйлығын тапсырды. Еңбегі жемісті болмаса, сыйлықты жайдан-жай бере ме?!

Сондықтан жасанды жолмен туған бала табиғи жолмен ұрпақ жалғастыра алмайды деген – бос сөз.  Егер ер адамда ұрық жоқ болса, оның бірді-екілі  ұрықтарын тауып, содан ұл бала дүниеге келтіретін болсақ, әрине, ұл балаға әкесінің бедеулігі берілуі мүмкін. Бірақ 100 пайыз емес. Сонымен бірге қазіргі таңда ғылым күннен-күнге дамып келе жатыр. Алдағы уақытта мүлдем ұрығы жоқ адамның өзінен, яғни басқа бір денесіндегі жасушасынан генетикалық материалын алып, ұрпақ жалғастыратындай жағдайға жетеміз.  Біз оған сенімдіміз.

    Бұл жағдайға қатысты өзге елді айтпағанда, өз елімізде ЭКО-ға жылына 20 мың адам кезекке тұратын көрінеді. Осыған қарап бедеулік пен белсіздіктің белең алып бара жатқанын аңғарамыз. Бұған айтатын себептер де өте көп.

— Табиғи жағдайда дүниеге келген балаға олардың ата-анасы аса жауапкершілікпен қарай қоймайды. Мүмкін, жастықтың әсері шығар. Бала жеңіл дүниеге келген соң, ата-анасы да олардың тәрбиесіне, дамуына аса мән бермей жеңіл қарайды. Ал ЭКО жасатуға келгендердің көбісі жасы егде жастағылар. Олар балаларына зарығып қолы жеткен соң, үлкен жауапкершілікпен, бар махаббатымен тәрбиелейді. Сол себепті ол балалар еркелеу болғанымен, саналы, өмірге деген көзқарастары өзгеше келеді. 

  Сөз төркінін жас ата-аналарға бұратын болсақ, балалары бедеу болмау үшін тәрбиесіне, киім киісіне аса мән беруі керек. Жас кезден аяққа суық тигізіп не болмаса инфекция жұқтырып, шалыс басып түсік жасатып, салауатты өмір сүрмеу, уақытында үйленбеу, уақытында балалы болмау – мұның барлығы бедеулікке алып келеді. Оған ата-аналары баса мән беріп, қадағалап отыруы қажет. Сонымен қатар бедеулік емделетін ауру ғой деп, жеңіл-желпі қарамау керек. Егер уақытында емделмесең, бәрі кеш болады, – дейді дәрігер Салтанат Берденқызы.

Жас кезде тілеп алған аурудың кейін өкінішке алып баратыны бесенеден белгілі. Сол себепті көп отбасылар бала болмауы себебінен де ажырасып жатыр. Қоғамның дертіне айналған бұл жағдайға ел президенті де бейжай қарамады. Осыған орай, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Сонымен қатар квота санын 7000-ға дейін көбейту міндетін қойды. Бір қуаныштысы, бағдарламаға бала сүюге үмітті кез келген отбасы қатыса алады. Мемлекеттік тегін медициналық көмек жылына бір рет ЭКО үшін квота беріледі. Дегенмен де жүктілік сәтсіз аяқталған жағдайда кезекке қайта тұруға мүмкіндік бар.

Тегтер: медицина жасанды ұрықтандыру біліктілік дәрігер бала дамуы инкубатор

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айжан БҮРКІТБАЕВА 12:54
«Мен орысша сөйлеуге міндетті емеспін»
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 12:41
Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10:53
Әкімдік мамандары жәрдемақы есептерде жіпке тізгендей тергеп түгендейді-көп балалы ана
Сайт әкімшілігі 09:40
Ақмола облысы коронавирус бойынша "қызыл" аймаққа кірді
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 15:58
Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылысқа қатысты жаңа деректерді жарияланды
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 13:40
Нұр-Сұлтандағы дәмханада болған жарылыс: үш адам жансақтау бөлімінде жатыр

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56