Жастар елімізден неге кетеді?

Бифат ЕЛТАЕВА

30.06.2021, 17:24

1059

    Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап,  күні  бүгінге  дейін Қазақстаннан кеткендердің саны күрт өсіп,  4,2 миллион адамды  құрған  екен.  Әрине, бұл  түсінікті жағдай. Өйткені  өзге  ұлт өкілдері  болашағын  Қазақстанмен  бірге  елестете алмай, амалсыз  өздерінің  тарихи  Отандарына  бет түзегені  белгілі.  Әсіресе славян жұртшылығы   бетін  Ресейге, Украинаға,  Белоруссияға  һәм  Германияға түзегені  анық.   Хош   делік.  Ал  қазіргі  кетіп жатқандарға  не  жорық?  Не  себеп? Кететін  жұрт  кетіп,  оның аяғы басылуы керек еді  ғой.  Сөйтсек, Қазақстаннан  кеткендердің  көші  әлі де  жалғасуда.

 Қысқасы, қазақстандықтардың елден кетуі жыл санап толастамай отыр.  Ресми дерек бойынша, биыл жыл басынан бері 43 мың адам елден кеткен. Статистикаға сүйенсек, ағымдағы жылдың басынан бері Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы көші-қон қызметі органдарына сілтеме жасап мәлім етуінше, 2021 жылғы қаңтар-наурызда 2066 адам елімізде тұрғылықты тұру үшін тіркелген. Қазақстаннан кеткендер саны 5519 адамды құраса, көші-қонның айырымы 3453 адам  болып  отыр. Ең бір қынжылтатын мәселе – көшіп кетіп жатқан азаматтардың көбісінің еңбекке жарамды жастар болуында. Әсіресе елімізге ең керекті техника саласы бойынша, педагогика, медицина, сәулет-құрылыс мамандарының кетіп жатқаны өкінішті. Еліміз маман тапшылығымен қатар, еңбек ресурсы мен демографиялық жағынан зардап шегіп отыр десек, артық айтқанымыз емес. Осыған байланысты экономист Бауыржан Ысқақов қазақстандықтардың елден кету себептерінің бірі лайықты өмір сүруге талпыну екенін айтады.

–    Қазақстандықтардың өзге елге көшу тенденциясы жыл өткен сайын артып бара жатқаны белгілі.  Мәселен, бізден кететін адамдардың басым бөлігі, яғни 85 пайыздан жоғарысы ТМД мемлекеттеріне барады екен. Сол 85 пайыздың ішіндегі жартысынан көбі Ресейде қалып қояды. Бұған әртүрлі факторлар берілуі мүмкін.  Көбісі тарихи Отанына кеткісі келеді, кейбірі сапалы білім алуға, жұмысқа орналасуға кеткісі келеді деген секілді факторларға байланысты. Бір өкініштісі, 2019 жылы шетелге кеткен азаматтардың жалпы санының 50 пайыздан астамы жоғары санатты мамандар екен. Ал 2020 жылы  пандемияға қарамастан, елден кетушілердің саны 54 пайызға артып кеткен. 2019 жылмен 2020 жылды салыстырғанда жоғары техникалық мамандық иелері 58 есеге, мұғалімдер төрт есеге және дәрігерлердің кету саны үш есеге көбейген. 

     Әсіресе кетіп жатқандардың ішінде жастар өте көп. Осыған байланысты үш факторды айтар болсақ, бірінші – қазақстандықтардың өмір сапасының төмендігі мен ертеңгі күнге сенімінің төмендігі деуге болады.  Сондай-ақ елімізде білім алудың қолжетімді болмауы. Яғни жастар өзге елге басында білім алуға барады да, сол елдегі экономикалық жағдайдың тұрақтылығына, адамдардың мүмкіндіктерінің тең ашылуына, беріліп жатқан мүмкіндіктердің барын ескеріп, олар сол жерде қалып қояды. Сол үшін осындай мәселелердің алдын алу үшін  бірінші кезекте әлеуметтік жағдайды дамытуымыз қажет. Және біздегі білім беруді жетілдіру керек. Мәселен, Ресейге көбінесе отбасымен көшіп баратындар көп. Оларға жақсы ипотека, балаларының білім алуы үшін мекемелердің қолжетімділігі, ана капиталы, отбасыларды қолдау секілді бағдарламалар бар. Ал бізде ештеңе жоқ. Мұның барлығы, айналып келгенде, бізден кететін мамандардың бізге келетін мамандарға қарағанда санының артып кетуіне әкеліп отыр, – дейді экономист маман. 

Ал бұған білім саласындағы сарапшылар не дейді деген мақсатпен сарапшы Гүлмира Сұлтанбаеваның пікірін сұрап көрдік.

–    Бұл мәселе тек бір-екі жыл дейтіндей соңғы жылдың мәселесі емес, бұл ұзақ уақыт қалыптасып келе жатқан үрдіс. Әр азамат конституциялық құқық бойынша өз еркімен білім алуға, өз кәсібін жалғастыруға қай елде болсын құқылы. Сол секілді Қазақстан азаматы да шетелге барып, білім алуы заңды құбылыс. Ал мәселенің екінші жағына келсек, Қазақстанның білім беру жүйесі соншалық төмен деп айта алмаймын. Әсіресе еліміз математика жағынан жақсы көрсеткіштерге жетуде. Орта білім беру саласында, халықаралық олимпиадалар мен жоғары білім беру жүйесінде айтарлықтай жетістіктер көп. Ал шетелге кету жағына келсек, көбінесе жас азаматтар білім іздеп барады.

 «Болашақ» стипендиясы шетелде білім алудың үлкен бір көзі әрі үлкен мемлекеттік инвестиция деп айтуға болады. «Болашақтың» тарапына алғашқы жылдары кандидаттарды іріктеу жағынан біраз сын айтылды. Бірақ қазіргі уақытта халық сенетін, жастарға мүмкіндік беретін стипендия платформасына айналды. Бұл платформа өзін толықтай ақтауда, халыққа кері капитал болуда. Білімді азаматтардың шетелге білім іздеп, жұмыс іздеп кетуі сонау Кеңес Одағы ыдыраған кезде де болды. Бірақ бұл тек бір ғана Қазақстанға емес, ТМД-ға ортақ үрдіске айналды. Мәселен, қазақстандықтардың 80 пайызы Қазақстанның университеттерін таңдайды. Ал белсенді жастарға келсек, олар бізге жақын Ресейге кетіп жатады. НИШ-тің түлектері мен қазақ-түрік лицейінің түлектері Түркия, АҚШ пен Ұлыбритания университеттеріне өте жақсы көрсеткішпен қабылданып жатады.

Тағы бір айта кететін жайт, шетелде оқығысы келетін әрбір азамат алдына мақсат қойып, түрлі мүмкіндікті қарастырады. Сол себепті біз шетелге кететіндерге еш тосқауыл қоя алмаймыз. Керісінше, өзіміз білімді, дарынды азаматтарды алып қалу үшін тек білім гранттарының ғана емес, академиялық ықпал етудің жолдарын қарастыруымыз керек. Яғни студенттеріміз өз елімізде білім ала жүріп, әлемдік университеттерде академиялық ұтқырлық бағдарламалармен, қосдипломды бағдарламалармен білім алу сияқты механизмдерін күшейту керек, – дейді Гүлмира Серікбайқызы.

 Қорыта келгенде, сарапшылар айтпақшы, жергілікті басқарушы органдар шетелге үдере көшудің алдын алып, жастардың білім алуына, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына барынша көңіл бөліп, осы  саладағы жұмыстарды күшейтуі  керек. Олай болмаған жағдайда еліміздегі жастардың білім алу мақсатында шетел асуы ешқашан толастамайды.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 12:14
«Қайтыс болғандардың ешқайсысы екпе алмаған»
Сайт әкімшілігі 11:34
Вирус жұқтырғандардың саны 7778-ге жетті
Дайындаған Айдын ОЛЖАЕВ 09:00
Ей, енді не істейміз?
Дарын ЗАМАНБАЙ 29.07.2021, 08:41
Жалқау қазақтың ғалымдары да жалқау болды
Еркежан АРЫН 28.07.2021, 08:45
Заң көмегінің сапасы артуда
Сайт әкімшілігі 26.07.2021, 14:54
Нұр-Сұлтанда жаңа қаулы күшіне енді

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15