Жастар шаруа шешу үшін әкімді шайға шақырды
Президенттің биылғы жылды жастардың еншісіне бере салғаны семейлік кейінгі толқын өкілдеріне тамаша мүмкіндік болды. Әйтпесе, әлеуметтің жайын ойлап бірде дүкендегі бағаны бақылап, енді бірде, бірде аулалардағы қоқыстарды қопартып шапқылап жүретін қала әкімі Ермак СӘЛІМОВТІ орнынан ұстау қиын. Қабылдауына кірейін десе, онсыз да қала тұрғындарының қатары көп. Не істемек керек? Ақырында «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық» деп Шәкәрім айтпақшы, өзара ойласа келе, қала басшысын шайға шақырғанды жөн санапты. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, әкім Сәлімовтің өзі тәуелсіздік толқынындағы жастардың шайға шақыруын қуана қабыл алған сыңайлы, «Шақырғанға бармасаң, шақыруға зар боларсың» демей ме, қазақ?.. Оның үстіне шақыру демалыс күніне тап келсе, қалайша бармасқа?..Сонымен өткен жексенбі күні Ермак Бидахметұлы Семейдегі Жастар ресурстық орталығына барып, кездескісі келген бір топ жастармен емен-жарқын әңгімелесіп, ой-пікірлеріне құлақ салып қайтқан жайы бар. Шайға жалғыз барғанды жөн көрмей идеология жөніндегі орынбасары Надежда ШАРОВА мен әкімдіктің жас кадрларының бірі, ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан ЕСЕНЖОЛОВТЫ да ерте шығып, орталықтың төрінен табылды. Өздері «галстуксыз кездесу» деп атаған әкімменен өткізген бірер сағаттан алған әсерлерін қатысқандар әлеуметтік желіде жариялап та жатты. Орталық директоры Олжас СОҒЫМБАЙ да қала басшысын шайға шақырып, біраз шаруаның басын қайырғанын «Фейсбуктегі» парақшасында былайша сипаттады.
-Әдетте аптаның жұмыс күндері әкімнің кабинетіне кіріп, шаруаңды шешу былай тұрсын, әкімді жоспарлы іс-шараға шақыру мүмкін болмай жатады. Қоғамдық қабылдау күндері бізден де басқа жазылғандар жетіп артылады. Біз бүгін басқа жолын таптық. Демалыс күні жастар болып жиылып, Ермак Бидахметұлын шайға шақырып шүйіркелестік,-деп ағынан жарылды О. Соғымбай.Орталық директорының сөзіне сүйенсек, әкіммен дәмдес болғандар әңгіме барысында жылдағыдай студенттерді суық күндері дірдектетіп флеш-моб өткізіп, жаттанды да жасанды әрекетке бармайтындықтарын айта келіп, одан гөрі мәдени-рухани құндылықтарды насихаттауға белсене араласып, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған дарынды жастарға қала әкімінің гранттары мен шәкіртақысын бөлгізуді қарастыру сияқты озат та белсенді студенттердің көбі мұқтаж болатын мәселелерді әкім назарына ұсынған екен. Жөн-ақ, шешімін табуға тиісті жастардың баспаналы болуы, жұмыспен қамтылуы сияқты маңызды жайлар да кездесуде айтылмай қалмағанына күмән жоқ. Қала әкімі Сәлімов те Президент жариялаған жастар жылында (егер жарияламағанда шайға келмейтін бе еді, кім білсін?!) қарайласып көзге түсіп үлгеруді жөн санап, бірін құптап, біріне қолдау көрсететініне уәде бергені түсінікті. Алайда, Олжас Соғымбайдың «Ендігі кезек өзімізде! Басталған іс- жартылай біткен іс. Біткен іске сыншы көп келеді» деген сөзі қайран қалдырды. Қайдағы «ендігі кезекті» айтып отырғанын қайдам, қала әкімін нөкерлерімен қоса бірінші болып шақырып, шай беріп отырған өзі басқаратын «Жастар орталығы» емес пе еді?! Бәлкім, ендігі кезекте, яғни, жыл соңына қарай әкім шайға шақырып қалса, дайын болып баруды көздегені болар. Ал, енді, былай қарсаң, қала басшысымен риясыз әңгіме өрбіген осы кездесудің төркініне зер салайықшы. Әкім Сәлімов жастар өзі бірінші болып шайға шақырмаса, биылғы жылдың маңызы қаншалықты екеніне мән бермейтін бе еді?.. Егер осынау қазақы дәстүрді өзі бастап (орынбасарымен бірге), түрлі салада қаланың атын шығарып жүрген жастарды өзі шайға шақырып, бастарын қосып, қандай проблемалары, жоспарлары бар екенін білсе, кездесу бұдан да әсерлі болып шығар еді. Бәлкім, қалалық әкімдіктің өткен жылдың соңында «Жылдың үздік таңдауы» жастар форумын өткізгендігін көңілге тоқ санаған болар.
Фотоны автор ұсынды.
Тегтер:
Сайт әкімшілігі
26.05.2023, 18:00
Тоқаев Ақордада Абу Даби шейхін қабылдады
Бифат ЕЛТАЕВА
26.05.2023, 15:00
Жамбыл облысы: Отандық БАҚ саясаты
Сайт әкімшілігі
26.05.2023, 12:11
Алматы облысында энергия тапшылығы қалай шешімін табады?
Сайт әкімшілігі
26.05.2023, 11:00
Министр БАҚ пен журналистиканың жайы туралы айтты
Жарас ШӨКЕ
26.05.2023, 09:51
Қазақтың жерін саудалап жүрген кім?
Сайт әкімшілігі
25.05.2023, 12:24
Шымкент – 100 пайыз