«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасынан үміт көп

Нұрай РАХЫМ

16.10.2021, 14:34

499

Бүгінде жасыл экономикаға көшу мәселесі әлемге ортақ тақырып болып отыр.Бұл идея 2008 жылы БҰҰ-ның бастамасымен қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы (ЮНЕП) негізінде қабылданған болатын. Әлбетте, жаһандану жағдайында «жасыл» энергия, «жасыл» экономикаға бет бұру сияқты маңызды мәселелер Қазақстанды да айналып өткен жоқ.   

Бұл кезекте, 2013 жылғы 30 мамырда елімізде мемлекеттің инновациялық іскерлігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасы» бекітілді. Ал жақында ғана 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы әзірленді. Елімізді көгалдандыру, шөлейттенуді тежеу мақсатында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бес жылдың ішінде 2 миллиард ағаш егілетін болады.

Бір қызығы, «жасыл экономика» тіркесінің жалпыға ортақ анықтамасы жоқ. БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау ұйымы (ЮНЕП) сарапшылары «жасыл экономиканы» адамдардың әл-ауқатын арттыратын және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін, сонымен қатар, қоршаған ортаға төнген қауіп-қатерді едәуір төмендететін және табиғаттың сарқылуына жол бермеуге ықпал ететін» шаруашылық қызмет ретінде қарастыра отырып, бұл ұғым туралы осындай кең түсінік ұсынған.

Өз кезегінде БҰҰ пандемияның өзін оңтайлы пайдалануға шақырып отыр: «пандемия қаншалықты жойқын болса да, халықаралық қауымдастыққа әлеуметтік әділеттілік пен планетаны қорғау қағидаттарына негізделген жаңа үлгіде экономиканы қалпына келтіруге мүмкіндік берді» деп мәлімдейді.

 Жаһандану кезінде әлемдік экономиканы жаңғырту және жаңа технологияларды пайдалану уақыт талабы. Технологиялық базаны сапалы түрде жаңарту, өндірістің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы адамдардың өмір сүру сапасы мен олардың тіршілік етіп отырған ортасын жақсартуды қамтамасыз ету маңызды. 

Күні кеше экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 26 қаңтардағы кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы әзірленгенін және ол халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруды әрі елдегі экологиялық жағдайды жақсартуды көздейтінін айтты. Ұлттық жоба 4 негізгі бағытты қамтиды екен.   

Мәселен, ондағы «Таза Қазақстан» атты бірінші бағыт бойынша атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, қалдықтарды қадағалау және еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау сияқты негізгі экологиялық мәселелерді шешу қолға алынбақ. Бұл бағыт аясында 5 жылдың ішінде 16 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында шығарындыларды 20%-ға азайту жоспарланып отыр. Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлектеп жинауға арналған 8 мыңнан астам контейнер орнату, сондай-ақ, олардың үлесі мен кәдеге жаратылуын 18%-дан 34% -ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Су объектілерінің экожүйесін сақтау мәселесіне келсек, «Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңі іске асырылмақшы. Сонымен қатар, Балқаш көлінің бассейнінде орналасқан өзендердің су көлемі мен өткізу қабілетін ұлғайту шаралары қарастырылған.

Ал екінші бағыты – «Үнемді Қазақстан». Мұндағы «Суды үнемді пайдалану арқылы өнімділікті арттыру» міндеті аясында еліміздегі 401 арнаны реконструкциялау мен 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезіндегі су ысырабын 4 км3-ке азайтуға көңіл бөлінбек. Суарылатын жерлерді 600 мың гектарға дейін ұлғайту шаралары қарастырылған.  Мысалы, қосымша суару көздерін құру үшін 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында ауқымы жағынан 1,7 км3 су жинай алатын 9 жаңа су қоймасын салу көзделіп отыр екен. Бұл бағыттағы екінші міндет – өнеркәсіптік кәсіпорындардың технологиялық жабдығын жаңғырту және бюджеттік сектордағы жарықтандыруды жаңғырту есебінен, соның ішінде өңдеу өнеркәсібінде энергия тиімділігін арттыру қажет.

«Табиғат» бағыты аясында ұласып өсуі, яғни жерсінуі кемінде 65%-ды құрайтын 2 млрд ағаш отырғызу, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру көзделіп отыр.

«Экология болашағы» атты төртінші бағыт  халықтың экологиялық білімі мен мәдениеті деңгейін арттыруға бағытталған.

Өйткені дүние жүзі өнеркәсіп пен экономиканы экологиялық тазартуға бет бұрғаны туралы Президент Қ.К.Тоқаев биылғы халыққа жолдауында да атап өткен.

Мысалы, Қазақстанның 2013-2020 жылдарға арналған жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын іске асыру кезінде ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 4,83 есеге өскен, электр энергиясын өндіруде жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) үлесі 3 пайызға, газ электр станцияларының үлесі 20,2 пайызға дейін өсіпті.

Жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жазда өткен Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі диалог отырысында Премьер-Министр Асқар Маминнен де естідік: «Біз, жалпы, энергия өндіруде жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру үшін дәйекті күш-жігер жұмсап жатырмыз. 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 3 пайызды құрады, 2022 жылы оны 6 пайызға дейін, яғни екі есеге арттыру жоспарланып отыр. Ал 2030 жылға қарай Қазақстанның энергетикалық секторындағы жасыл энергияның үлесі 15 пайызға дейін жеткізіледі» деп мәлімдеген болатын.

13 қазанда ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Париж келісімінің мақсаттарына және Қазақстанның көміртегіне бейтараптығына қол жеткізу жолдары» атты халықаралық конференцияда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүргізіліп жатқан газбен қамтудың ауқымды жұмысы, жаңартылатын және баламалы энергетиканы дамытудың әлеуеті мен жасыл экономиканы қаржыландыру, сондай-ақ трансшекаралық өзендердің гидрологиялық және экологиялық мәселелерін шешу шараларына тоқталды. Оған қоса, экономика мен өнеркәсіпте көміртегін аз пайдаланудың  базалық тәсілдерін қарастыратын Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртегінен таза ел болу доктринасын әзірлеп жатқаны туралы айтты.

– Қазірдің өзінде Доктринадағы үлкен мақсатқа қол жеткізу үшін жүйелі күш-жігер қажет екені айқын. Бұл ретте, отын-энергетика кешенін жаңғыртуда, индустриялды және агроөнеркәсіп саясатын қайта қарауда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында, құрылыста және жалпы адамдардың өмір сүру дағдысында жаңа тәсілдер қажет. 2060 жылға қарай жаңартылатын және баламалы энергия көздері еліміздің жалпы энергия балансының 80 пайызынан астамын құрайтын болады. Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін мемлекет, бизнес және тұтас қоғамның бірлескен күш-жігері қажет. Оның сәтті жүзеге асырылуы 1990 жылғы деңгейден 15 пайызға төмендету туралы 2030 жылға дейінгі межеге қол жеткізіп қана қоймай, 2060 жылға қарай парниктік газдың нөлдік деңгейіне жетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде атмосфераға шығарылатын көміртегі қалдықтары 9 миллиард тоннаға дейін азаяды, – деді Мемлекет басшысы. 

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 09:43
Ақмола облысында ауыл тұрғыны көлікке оқ жаудырды
Әділ АҚЫЛБАЙ 09:13
Қазақтардың түсіне де кірмейтін заң
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 14:40
Мұғалімдердің жалақысы қысқара ма, БҒМ пікір білдірді
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 12:35
Тоқаев: Финтех саласындағы аймақтық көшбасшы Kaspi.kz капитал нарығы динамикасын арттыруда
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 11:07
«Іле-Алатау» ұлттық табиғи паркінің басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды – заңгер
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 09:12
Коронавирус жұқтырғандардың саны 900 мыңнан асты

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14