Жасын боп ақты бір дарын...

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

10.09.2020, 10:31

1819

«Әмірхан дүниеден озыпты» деген тосын хабарды естігенде жұмыс орнымда бүк түсіп отырып қалғаным рас. Тамағыма өксік тірелді. Көзіме жас кептелді. Сәлден соң естанды халден арылып, аяңдап машинама бардым. Темекі тұтаттым. Көз алдымда Әмірхан бауырымның бейнесі. Тым жақын араласқан жоқпын. Бірақ аман-сәлеміміз түзу еді. Жолығыса қалғанда амандық-саулықтан кейін әңгімеміз әдебиет, шығармашылық жөнінде өрбитін. Сұрайтын – мен, жауап беретін – ол. Қызметтес жігіттер «екеуің ұқсайсыңдар» дейтін. Бәлкім, сыртқы бейнеміз келіңкірейтін шығар, бірақ Әмірхандағы көл-көсір білім менде қайдан болсын? Ол «Дала мен қалада» мен «Айқында» бір ғимараттың астында біраз жыл бірге жұмыс істедік.

Бірақ Әмірханмен таныстығым сонау 90-жылдардың ортасында, КазГУ-дің (ол кезде солай атаушы едік) журналистер тұратын №5 жатақханасының қабырғасында басталып еді. Жалпы, сол жатақханада оқуға түскен 1986 жылдан 2002 жылға дейін ұзақ тұрған адам мен шығармын. Әрине, оның да өзіндік себептері бар. Өзім оқыдым, әйелім оқыды, сол КазГУ-де жұмыс істеді дегендей. 90-жылдардың ортасында №5 жатақхананың 502-бөлмесінде отбасыммен тұрдым. Әмірхан, Жарас т.б. жігіттер көрші 503-бөлмені мекен етті. Олар студент. Мен ол кезде жастарға арналған «Арай» журналында жұмыс істеймін. Ол тұста Әмірхан мен Жарас (Сәрсек) әдеби ортада керемет танылмаса да, балауса жырларымен жатақханада дүрілдеп жүрген кезі.

Бірде бесінші қабатта дәліздегі орындықта отыр едім, Әмірхан көтеріліп келеді екен. Амандасып, жаныма отырды. Сәлден соң әжік-күжік әңгімеміз поэзияға ауысты. «Көктемде келер» деген өлеңіңіз керемет ұнап еді» деді. (Мектеп қабырғасында жүргенде бір топ өлеңдерім мен әңгімелерім «Қазақстан пионері» (бүгінгі «Ұлан») газеті шығарған «Байғазы» атты кітапқа енген болатын). Әмірхан сондағы бір өлеңді айтып отыр. «Менікі Мұқағалиға еліктеу мен солықтаудан туған дүние ғой» дедім Әмірханның мақтауына ыңғайсызданып. «Ұлы Мұқаңның: «Көктем де келер, От ойнар әлі аспанда, Көгерер әлі кәрі емен, қайың, жас тал да. Дүлейдің шоғы түспесе екен деп тіле, Аспанда апат зарядтар жағаласқанда» деген өлеңі бар емес пе? Менікі соны қайталау ғой. Салыстырып көрші: «Бұл қыс та өтер, шыңылтыр аяз құрсаған, Аңқытып иісін жап-жасыл арша, шыршадан. Көктем де келер, өзгерер әлі барлығы, Бәз қалпында табиғат-ана тұрса аман» деп басталады менің өлеңім. Ұқсастық бар емес пе? Әрине, Мұқаңның өлеңі жанында менікі жай дүние ғой» дедім. «Бәрібір жақсы өлең. Мынаған қараңыз, Мұқағали бұл өлеңін қырық жасында жазды. Ал сіз он алты жасыңызда жаздыңыз. Жас айырмашылығы бар ма – бар. Негізі, жақсы дүние тек жас кезіңде жазылады. Ал жасың біразға келген соң, өлең техникасын меңгеріп аласың. Сосын әр нәрсені қиюластырып шимақтай беруге болады. Бірақ ол кездегі өлеңің жас кезіңде жазғандай болмайды. Жұмыр келгенімен, бір салқындық сезіліп тұрады. Ал жас кезіңде жазған дүниеден жүректің лүпілі, өмірге деген құштарлық есіп тұрары анық. Мына өлеңіңізді Мұқағалимен салыстыруға келмес, бірақ жылу бар» деп өз ойын айтты.

Тағы біраз оны-мұны түртпектедік. Біраздан соң «өлең оқыңыз» деді. (Бір қызығы, Әмірханмен сөйлесе қалсам, «өлең оқышы» деп жабысатын. Мен көбіне «ара-тұра түрткенім болмаса, жаттамаушы едім» деп құтылатынмын). Бұл жолы олай болмады. Соңғы кезде шимайлаған «Өлген адамның монологы» деген дүниемді оқып бердім. Сәл ойланып отырып қалды. Сосын барып «Қап-қара түн (болмайтын атар таңы), Суық сыз ғой, денемнің татар дәмі. Ай мен жұлдыз ол да жоқ жымыңдасқан, Мұңым шағар дос та жоқ қатардағы. Өксік-өксік үн шығып, бұлақ жақтан, Кім болды екен төбеме шырақ жаққан? Су тамады… Сәулемнің көз жасы ма, Қабірімді құшақтап жылап жатқан» деген шумақтарды қайыра күбірледі де, «мұндай өлең жазу тым ерте емес пе» деді. Іле: «Жалпы, көптеген ұлы тұлғалар атын шығарған ұлы дүниелерін жас кезінде жазған. Мәселен, он бес пен отыз бестің арасында. Осы аралықта ең бір керемет жалынды шығармаларды өмірге әкелуге болады. Бұған мысал көп», – деп, Әмірхан ерте кеткені бар, тірісі бар – әлемдік деңгейдегі біраз ұлы тұлғалардың аттарын атады. «Жалпы, жас кезіңде барыңды сығып бер де, тыныш өмір сүр. Не болмаса жалпақ дүниемен қош айтысып кете беруіңе де болады. Өйткені сені сол туындың асырайды, атыңды шығарады. Елдің есінде қаласың… Ал қара сақал, ақ сақал болған кезде қанша күшенсең де, ұлы дүние тудыра қою өте сирек». Сол отырған жерде Әмірхан өмірден ерте кеткен тұлғалар, олардың шығармалары жөнінде біраз әңгімелеген еді. Әңгімесінен аңғарғаным, жазарың болса жас кезіңде жазып таста. Сосын тыныш жүр не болмаса жасындай жалт ет те, бақилыққа кете бар. Қадіріңді кетіріп, сақалың сапсиып, ұзақ өмір сүру міндет емес. 

Арада талай жыл өтті. Жиі кездесуге мүмкіндік болмады. Араға ондаған жылды салып барып, бір ғимараттың астында жолықтық. Ол «Дала мен қала» газетінде, мен осы «Айқында». Бұл кезде Әмірхан танылған. Бірнеше кітабы шыққан. Зерттеулердің авторы. Қысқасы, дарынды ақын, мықты сыншы, ғұлама ғалым. Қысқа уақыт ішінде өзін танытты, мойындата білді. Сондықтан болар, өз қатарластарынан оқ бойы озық тұрды. Бірде «газетке сұхбат берсеңші» деп едім, «сұрағыңызды даярлай беріңіз» деп бір қайырды. «Сұрақ даяр, не істейміз?» деймін тағы бір жолыққанда. «Асықпаңыз, қол тимей жатыр» дейді ол. Әне-міне деп жүргенде ол «Дала мен қаладан» кетіп тынды. Дегенмен ұялы телефон бар, ара-тұра хабарласып қоямын. Неге екені, ол ұзаққа созып жүріп алды.

Арада жыл өтті. Бірде өзі телефон шалды. Сенбі еді. Газетке даярлап жатқан дүниемді бітіріп тастайын деп, жұмысқа келгенмін. «Кел, жұмыстамын» деп едім, жарты сағат болар-болмастан жетіп келді. Сәл қызулау екен. Терезені ашып қойып, темекі шекті. Сұрақтарды көрді. Сосын, «білмеймін, ештеңеге құлқым жоқ, уақытым тек сенделіспен өтіп барады» деп күрсініп қойды. «Осы сұхбатты, ренжімесеңіз, келесі жолға қалдырсақ қайтеді» деді де, менің жазып отырған дүниеме үңіле қарады. «Дүние – жалған» деген айдармен өмірден ерте кеткен қазақтың біртуар ұлдары жөнінде қолдан келгенше зерттеп, естеліктер жазып жүр едім. Бүгінгісі өмірден 43 жасында жасындай жалт етіп ағып өткен талантты, белгілі ақын Нұрлан Мәукенұлы жөнінде болатын. «Мәңгілікке ұласатын ұлылық – жалған дүниені майша шылқыған жалпақ табанымен жалпағынан басу емес, тіпті ілініп-салынып алжығанша жасау да емес, артыңа өшпес із қалдырып, арғымаққа мінгендей асығыс зулап өте шығу, яғни өз өміріңді оқыс әрі әдемі аяқтау» деген Оралхан Бөкейдің сөзін келтіргенмін. Ол соны дауыстап оқыды. Сонан соң, «Ораш аға дөп айтқан. Жүз жасау мақсат емес. Ең бастысы – артыңа өшпес із қалдыру. Болды. Барыңды бердің бе, кет. Өміріңді оқыс аяқтау дейді, ә» деп ойланып қалды. Күрсінді. Тағы темекі алып шекті. «Ораш ағаның аяқасты кетіп қалатынын ешкім білмеді. Өзі жазғандай, өмірден арғымаққа мінгендей асығыс зулап өте шықты, өмірін оқыс әрі әдемі аяқтады. Бәлкім, бұл кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін «бақ» шығар...» Орнынан тұрды. Қойын қалтасынан бұдан екі-үш ай бұрын сұрап алған, менің ертеректе шыққан «Бозбала дәурен» атты өлең кітабымды үстелге қойды. «Кейбір жерлерін сылып тастап, қайыра басуыңызға болады. Өлеңдеріңіздің дені мектеп қабырғасында, студенттік кездің алғашқы жылдары жазылса да, қазір «ақынбыз» деп кеуде қағып, жыл сайын жинақ шығарып жүргендерден әлдеқайда мықты» деп, қолымды алып, қоштасты. Есікке дейін шығарып салдым. Содан қайтып кездесе алмадық. Ендігісі міне...

Құлағыма «әй, Секе, бір өлең оқыңыз енді» деген Әмірханның даусы келгендей болды. Темекі тартып отырып Әмірхан бауырымның   журналистердің №5 жатақханасында айтқан, одан кейінгі соңғы жүздесуімізде тілге тиек еткен «барыңды сығып, жас кезіңде бер… жақсы дүние жас кезіңде туады… одан кейін қара сақал, ақ сақал болып қадіріңді қашырып жүре берудің жөні жоқ» дегені оралды. Қайдан білейін, білімі абыздыққа пара-пар, дарынды ақын бауырым өмірден ерте кетуге сонау студенттік жылдардан бері даярланып жүрді ме екен? Қаламының құрышы қанғанша жазды, зерттеді. Танылды. Ықыласқа бөленді. Оның біліміне тәнті болғандар «ғұлама» десті. Қырық бес жасқа дейін бойындағы барын сарқып беруге тырысты. Берді де. Сонан соң жасындай жалт етіп кете барды...

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 13:50
Қазақстанға құс тұмауын жабайы құстар әкелген болуы мүмкін
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 11:16
Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 09:34
Өткен тәулікте пневмониядан 1 адам қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:38
Ұшақ құлап, 25 адам қаза тапты
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:35
Пневмония: науқастар саны тағы артты
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:26
Өткен тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43