Жат жерде белгісіз жағдайда көз жұмған қандастар

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

14.05.2021, 09:19

1069

Бүгін Грузияда, күні кеше Түркияда, Ресейде, Арабияда белгісіз жағдайда қайтыс болған қазақ бауырларымыздың оқиғасы қай-қайсымыздың да жанымызға батпай қоймайды. Бірі білім-ғылым қуып, екіншісі жұмыс бабымен мол табысқа кенелем деп, шетел асып жатқан қазақстандық азаматтарымыз көп, бірақ соңғы кездері жат жерде жан тапсырған қандастарымыздың тағдыры бір-екі отбасының ғана емес, бүтін бір мемлекетімізді алаңдатуы тиіс мәселе.

Биыл сәуір айында ғана Грузияға жұмыс істеу үшін барған 26 жасар қазақ қызы Әсел Айтбаеваның бір ай өтер-өтпестен жұмбақ жағдайда көз жұмуы қазақ қоғамының алаңдаушылығын туғызып отыр. Марқұмның анасы қызының өзіне қол жұмсауы мүмкін еместігін, әлдебір қасқөйдің қолынан қайтыс болғанын айтады. Грузия прокуратурасы 5 мамырда Тбилисиде өзіне қол салған 26 жастағы қазақстандық Әсел Айтбаеваның зорланғанын мәлімдеді. Марқұмның әпкесінің сөзінше, Әсел қайтыс боларының алдында құрбысына аудиохабарлама жіберіп үлгерген. Аудиода белгісіз ер адам оған қоқан-лоқы көрсетіп жатқаны естіледі. Қазір бұл іске қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Шамамен бір жарым жыл бұрын Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің қызметкері Еламан Жолдасовтың өлімі де біраз күдік ұялатқан. Марқұмның туыстары Еламанның өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес, біреу қастандық жасады деген пайымын жеткізген болатын. Сол кездегі елшілік қызметкерінің денесі таңғы уақытта өз үйінің алдынан табылған. Алайда артынша Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдемесінде марқұм өз-өзіне қол салғаны айтылыпты. Ұқсас жағдай, дәл солай Әсел Айтбаеваға қатысты да әуелде өзіне-өзі қол жұмсағаны туралы хабар тараған, бірақ марқұмның жақындары мұнымен мүлдем келіспейді.

Екі жыл бұрын Түркияда қайтыс болған 21 жасар өрімдей қазақ қызы Елдана Қаһарманды да суицид жасады деп шығарған сол кезде. Марқұм бұл елде білім алып, сондағы телеарналардың бірінде жұмыс істеп жүрген әрі танымал видеоблогер болған. Түркияда бұл іс енді қайта қозғалып жатыр. Қазақстандық қызды Түркия жоғарғы ұлттық мәжілісі ак партия депутаты Толга Ағыр өлтірді деп айыптап жатыр. Депутаттың әкесі бұрынғы ішкі істер министрі екен. Соның кесірінен қылмыс ашылмай келеді деген күмән бар. Марқұм депутаттың үйіне сұхбат алуға барғанда зорлық-зомбылыққа душар болған. Құқығын қорғау үшін қыз прокуратураға арызданған. Алайда бір күннен кейін өз үйінде өлген күйі табылған. Енді аталған істі қайта қарауға Twitter желісіне Елдана Қаһарманның мәйіті туралы есепті жариялаған Барансел Ағжа есімді журналистің жазбасы себеп болып отыр.

Бұдан бөлек, Елдананың әлеуметтік желідегі парақшасында қыздың психологиясына әсер ететін және тұтас қазақ халқының намысына тиетін былапыт сөздерді айызы қанғанша жазған «Elider Elider» аккаунтымен тіркелген фейк парақшаны көруге болады. Жарайды, аузынан мұндай балағат сөздер шығып отырған фейктің өресі төмен, ойы таяз біреу дей салармыз,

бірақ өзге ел азаматтарының отандастарымызға деген мұндай қарым-қатынасының арты жауыздыққа, зұлымдыққа апармасына кім кепіл? Кім көрінгенді басымызға секіртіп қоя бермекпіз бе? Бұл жағдайлар ес жиып, етек-жеңімізді жинауымыз керегін көрсетіп отырған жоқ па?

Осыдан үш жыл бұрын Ресей Федерациясы СІМ Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында (МГИМО) төртінші курста оқып жүрген Томирис Байсафаның да белгісіз жағдайда қайтыс болуы бәрімізді алаңдатқан болатын. 2018 жылдың сәуір айында төртінші қабаттан құлап кеткен Томирис Байсафаның өлімі бойынша Дағыстан азаматы Муртузали Меджидов күдікті ретінде ұсталған. Ол – дағыстандық танымал саяси қайраткер, экс-премьер және бизнесмен Мұхтар Меджидовтың ұлы. Алайда бұл оқиға бойынша да ресейлік мамандар марқұм өзіне қол жұмсады деп тануын сұраған. Қыздың ата-анасы баласы өзіне қол жұмсады деген тергеу қорытындысымен келіспейтінін, оны жігіті терезеден итеріп жібергенін айтып мұңын шаққан еді. Амалы таусылған ана сот ісінің әділ қаралуы үшін 2019 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Содан соң барып іске ерекше мәртебе берілді. Қазір күдіктіні қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасы ұзартылған.

Бұл оқиғалар нені көрсетеді? Бұл біздің сыртқы істер министрлігінің селқос жұмыс жасауы ма? Әлде 30 жылдан бері білім және ғылым министрлігі мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Қазақстан азаматтарын тиісті білім, табысты жұмыс орнымен қамтамасыз ете алмай отырғанының салдары ма?

Әлеуметтік желідегі жазбасында саясаткер Әміржан Қосанов отандастарымыз жетімнің күйін кешпеуі керегін алға тартады.

‒ БАҚ-та Грузияға жұмысқа барып, ол жақта теперіш көріп, қаза тапқан қазақ қызы туралы ашық жазыла бастады. Атын да атап жатыр, Әсел Айтбаева деген қызымыз екен. Бір нәрсе айқын: кез келген Қазақстан азаматы шетелде өз мемлекетінің қолдауы мен қорғауын, қамқорлығын сезінуі тиіс. Шетелдерде қаншама жастарымыз оқып, жұмыс істеп жүр.

Осы қарындасымызға қатысты тергеудің орны бөлек, өйткені осыдан барып әр қазақ жасы Қазақстан Республикасының өзіне деген көңілін сезеді. Ең бастысы – қазақ жастарына қаскөйлік жасамақ ойы бар кез келген шетелдік соны сезінуі тиіс.

Еске сала кетейін, Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатында (паспортында) «Паспорт – Қазақстан Республикасының меншігі, ал оның иесі Қазақстан Республикасының қорғауында болады» деп, тайға таңба басқандай жазылып тұр. Яғни «қазақ деген ерекше намысшыл халық бар екен, ол елдің ұлы не қызына қиянат жасасаң, ол жақтың өкіметі міндетті түрде араласып, айыптыны тауып, әкеңді танытады екен» деген халықаралық пікір қалыптасуы керек, – дейді ол.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:29
ҰБТ-ны алып тастау қажет — Талғат Нәрікбаев
Сайт әкімшілігі 10:20
«Атамекен» рейтингі университеттің потенциалын анықтамайды – Олжас Ордабаев
Еламан СЕРІК 11.06.2021, 12:07
Мектептерде парақор директорлар әлі отыр
Сайт әкімшілігі 11.06.2021, 10:49
«Жастар-Отанға!» 5 бағытты қамтиды
Еркежан АРЫН 11.06.2021, 10:23
Қазақстан БҰҰ-ның экологиялық бастамасын қолдайды
Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 11.06.2021, 09:02
Егемендік халыққа не берді?

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02