Жатырын жатқа жалға берген

Бифат ЕЛТАЕВА

03.02.2021, 08:41

2263

    Соңғы жылдары өзге ел түгіл,  өз елімізде құрсақ аналардың саны қарқынды артқан. Сондай-ақ елімізде «құрсақ ана» қызметі дамығаны соншалық – шетелден тапсырыс берушілер де көбейген. Қазақ қыздарының жатырын жат елге жалға беретін орталық ашылмаса да, бұл жасырын жасалынып жатқан кәсіп. Яғни шетелге жеке барып, келісіммен жұмыс жасап жүрген қыздардың кәсібінің түрі десе де болады. Осы мәселеге байланысты «Экомед» адам ұрпағын өрбіту емханасының ғылыми директоры, биология ғылымының докторы Салтанат Байқошқаровамен сұхбаттасқан едік.

— ­­­­­­Қазақстанда қазақ қыздарының жатырын шетелге жалға беретін орталық ашылғаны рас па?

— Қазақстанда ондай орталық ашылыпты деген ақпаратты білмеймін әрі сенбеймін. Оның үстіне Қазақстанда шетелдіктерге құрсақ ананың жатырын жалға беруге ешқандай рұқсат берілмеген. Мұндай орталық Ресейде болуы мүмкін. Себебі жақында ғана Ресейде жатырын жалға беріп жүргендердің арасында қазақ әйелдері де жүргені туралы үлкен мәселе туындаған болатын. Оны ғаламтордан оқып, қатты таңғалдым. Ол әйелдер құрсақ ана болуға мұқтаждықтан барды ма, әлде мұны кәсіпке айналдырып алды ма, ол жағын білмедім. Біздің елімізде құрсақ ана тек Қазақстанның азаматтарына ғана арналған, заң бойынша жасалған бағдарлама. Мұның өзі тек жұбайлар бедеу болғанда немесе әйелдің жатыры болмаса, жүктілік өміріне қауіп төндірсе, медициналық көрсетіліммен ғана жасалады.

Ал жатырын шетелге жалға береді деген мәселеге келетін болсақ, алдыңғы жылдары «Qazaqstan» арнасындағы «Niet» деген бағдарламасы мені бала көтере алмай жүрген бір келіншекке көмектесіңіз деп шақырған болатын. Сол кезде тікелей эфирде өзін тараздықпын деп таныстырған әйел хабарласып, құрсақ ана болғанын айтты. Айтуынша, өзінің бір баласы бар екен. Ең алғаш астанада бір орталықта қазақ отбасына бала туып бергеніне 2 миллион төлепті. «Бірақ ол мен үшін аздық етті, сосын, Ресейге барып, қытайларға 4 миллионға бала туып бердім. Қазіргі уақытта Санкт-Петерборда тағы бір қытайлық отбасыға 5 миллионға құрсақ ана болып жалданып отырмын» деді. Міне, бұл келіншек мұны кәсіп көзіне айналдырып алған. Осы келіншектің сөзін кейбіреулер шалыс естіп, Қазақстанда орталық ашылыпты деп ойлаған шығар. Сонда «біздің қазақтың келіншектері не болып кеткен» деп қатты таңғалдым.  Өз туған баласын тастап, Ресейде ақша табамын деп, қытайға жатырын жалға беріп жүр.

— Кәсіп түріне айналған бұл қызметке көбіне қай елдің адамдары жүгінеді?

— Олардың көпшілігі Қытайдан, Филиппиннен келетін біржынысты отбасылар. Яғни екі еркек не болмаса екі әйел құрған жанұялар жасатады. Орыс келіншектерге ақшасы болса болды, кімге туып берсе де бәрібір. Ал шетелден келетіндер өте бай адамдар. Тіпті үкімет басында отырған адамдар да бар ішінде. Үлкен кәсіпті не мемлекетті басқарып жүрген адамдар да кездеседі. Соны естіп біз шошыдық. Құдайға шүкір, біздің Қазақстанда ондай жағдай жоқ.

— Сіздердің орталықтарыңызға шетелден құрсақ анаға тапсырыс бергендер болды ма?

— Осыдан бірнеше жыл бұрын біздің орталыққа да, өзге орталықтарға да қытайлықтар қайта-қайта келумен болды. «Қытайлық бір отбасыға құрсақ ана керек» деген секілді сөздерді көп айтатын. Бір түсінбейтінім, олар бізге неге келеді? Оларда да ЭКО орталық бар емес пе? Бір жағынан, Қытайда ол заңсыз немесе біздікіндей кедергілер көп шығар деп ойладым. Екіншіден, кім кіммен келіп жатыр, шынында да, ерлі-зайыптылар ма деген күдік те басым болды. Әрі олардың жазуын да, тілін де білмегендіктен, бірден бас тарттық. Сол секілді Испаниядан да, Украинадан да «құда түскендер» көп болды. Бірақ мен басқа да әріптестеріме «бастарыңа бәле тілемей, мұндай тірлікке араласпаңдар, өз мемлекетімізде тыныш өз тірлігімізді жасайық» деп ескерттім. Ал бірақ Қытайдан болсын, Германия т.б. жерден болсын жатыры бар, ұрығы бар ерлі-зайыптылар келсе, оларға тек ЭКО жасауға ғана құқығымыз бар. Тағы бір айтарым, шетелден ерлі-зайыптылар өздерімен бірге құрсақ ана ретінде шетелдік әйелді алып келсе де жарамайды. Себебі ертеңгі күні ол бала ол жақта азаматтық ала алмайды. Ал азаматтық ала алмай жүрген бала кімге керек?

Алматыда, Нұр-Сұлтанда суррогатты ана орталықтары бар. Дәл осы сұрақты соларға да қойып көрсеңіздер болады. Бірақ бір айтарым, шетелге өздері кетіп, өз еркімен жатырын жалға беріп жүрген қазақтың келіншектеріне ештеңе дей алмаймыз. Тіпті осыған маман болып алғандар да жетерлік.

— Не себепті шетелдіктер қазақ қыздарының жатырына құмар?

— Қазақ қызының жатырын таңдайтын себебі – арзан. Қырғызстанда да арзан. Бұған көбіне күнін көре алмай жүргендер мен санасы тек осы арқылы ақша табуға жететіндер барады. Біреулер айлығы аз болса да, өз жатырым өзіме, бала-шағамды асырайын деп қанағат тұтып жатса, кейбіреулер бәріне түкіре қарап, осылай ақша тапқысы келеді. Ал бұл ақша өмірі жетпейді ғой. Азар болса, бір бөлмелі үйді Тараздан алар. Шындығында, тоғыз ай бойы шетелде өзгенің баласын көтеріп жүру оңай нәрсе емес. Шетелдің тағы бір қызығатыны – дүниежүзі бойынша бізде ЭКО жасату да, жатырын жалға беру де арзан. Жалпы айтқанда, біз арзандап кеткенбіз. Қай жағынан болса да,  адамдар аз ақшаға бәрін сатуға бейім. 

— Бұған тек «арзандау» себеп деп ойлайсыз ба? Қазақтың шығу тегіне,  тазалығына қызыққанынан да емес пе?

— Оларды шыққан тегі ғана қызықтырмайды. Қазақтың қыз-жігіттері сұлу, бойшаң. Сол себепті де қазақтарға қызығады деп ойлаймын. Шетелде бірнеше конгреске қатыстым. Әр конгреске қатысқан сайын, шетелдіктер қазақтың сұлулығын алға тартып, осы ұсынысты тастайды. Бірақ оларға әрдайым үзілді-кесілді қарсы болып келемін және бұған біздің елімізде заң бойынша тыйым салынған. Жалпы, мұндай ұсыныстар алдағы уақытта түссе де, мен өз қарсылығымнан қайтпаймын. 

— Ал өз елімізде құрсақ ана жайы қалай? Оған сұраныс көп пе?

— Біріншіден, құрсақ ана болуға кез келген әйел жарамайды. Алдымен оның денсаулығын толықтай тексереміз. Міндетті түрде ол әйелдің бір баласы болуы шарт. Осы тақырып бойынша журналистер менен жиі сұхбат алады. Бірақ осыны базарда жүрген, жағдайы жоқ, ажырасқан әйелдер «құрысын, құрсақ ана бола салайын» деп, ақша табу үшін келгісі келеді. Бірақ біз оларға алдымен құрсақ ананың қиындығын айтамыз. Өмірде өзіміз куә болған қиын жағдайлардың ешбірін жасырмай, толық ақпарат беруге тырысамыз және кез келген әйелді әкеліп, «сенен жақсы суррогатты ана шығады» деп мақтап, алдап кіргізуге де болмайды. Олар психологиялық тұрғыдан бәріне дайын болуы шарт. Сол себепті қай жағынан болсын қиындығын білген соң, көбісі бас тартады. Ал сұраныс жағынан келетін болсақ, қазір бедеу әйел, белсіз еркектер көбейіп келеді. Өйткені қазіргі таңда экология нашар, тұтынып жүрген тағамның көбі табиғи емес. Өмір сүру салтымыз да өзгерді. Жалпы, біз табиғаттан алыстап кеткендіктен де, осындай жағдайлар көп.

Тегтер: жасанды ұрықтандыру медицина мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:29
ҰБТ-ны алып тастау қажет — Талғат Нәрікбаев
Сайт әкімшілігі 10:20
«Атамекен» рейтингі университеттің потенциалын анықтамайды – Олжас Ордабаев
Еламан СЕРІК 11.06.2021, 12:07
Мектептерде парақор директорлар әлі отыр
Сайт әкімшілігі 11.06.2021, 10:49
«Жастар-Отанға!» 5 бағытты қамтиды
Еркежан АРЫН 11.06.2021, 10:23
Қазақстан БҰҰ-ның экологиялық бастамасын қолдайды
Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 11.06.2021, 09:02
Егемендік халыққа не берді?

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02