Жебе ұшындағы бөгет кімнің мүддесін көздейді?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

20.09.2022, 14:47

989

Шығу тарихы мезолит дәуірінің басталған садақты түркі баласы ежелден «бес қару» деп ұлықтап келеді. Айыр қалпақты ағайын мен Босфор бұғазындағы түріктер әлемнің кіл мықты садақшыларын өз елдеріне жиып, арагідік халықаралық чемпионат өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған.

Құралайды көзге атқан мерген бабаларымыздың қасиетті қаруы бізде неге ұмыт қалды? Қарағанды облысында садақтан республикалық, халықаралық дүбірлі жарыстар өткізуге мүмкіндік бар. Өкінішке қарай, ұлттық спорт рухы пәс шенеуніктердің кесірінен төрге озбай тұр.

Балқаштық Жұмағазы Мұхаммеджан аймақта садақ атудың негізін қалаған әрі осы сала бойынша тұңғыш спорт шебері. Төл өнерді төрге шығаруды көксейтін садақшының қолы байлаулы. Оның осынау ұлы мұратын іске асыруға қолдан жасалған кедергі бөгет тудыруда.

              – 2007 жылы Балқаштағы №9 мектепте садақ ату үйірмесін ашып, он жыл бойы шәкірттерді дайындадым. Оларды садақ атудың қауіпсіздік ережесінен бастап, қаруды қолдану, ату және жинау әдісіне дейін тыңғылықты баулып, үйреттім. Жыл сайын зерек көрінген 3-4 баланы республикалық және халықаралық жарыстарға дайындап апарып жүрдім. Ізбасарларымының арасынан садақтан он спорт шебері, он спорт кандидаты шықты. Ұлттық спорттың осы түрін жандандыруға қолдау білдірген бұрынғы мектеп директоры зейнеткерлік демалысқа шыққан соң, 2020 жылы жаңадан тағайындалған (қазіргі) басшымыз Дина Жолдасованың ұйғаруымен үйірме тоқтап қалды. Үйретері көп үйірмені қайта ашылуды сұрап жүрген жасөспірімдер көп. Жеткіншектердің ұсынысын жеткізіп әрі талапкерлердің бойына дара өнерді дарытсам деген тілекпен екі жыл бұрын қалалық мәслихаттың депутаты Қадыржан Телянов, қаладағы білім және спорт  бөлімдері басшыларының және мектебіміздің директорының басын қостым. Ресми өкілдермен кездесуде, үйірмені жабу – ұрпаққа жасалған қиянат екенін айтып, қосымша пәнді сақтап қалу жөнінде ұсыныс білдірдім.

Алайда, олар маған бір ауыздан «авторлық құқың жоқ» деп мін таққан директорымның сылауын қайталады. Менің сала бойынша жоғары білімім мен атақ, марапаттарым барын біле тұра, төртеуінің бірі қолдамады. Қайранға шыққан балықтай күйге еніп, облыстық спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаевтың алдына бардым. Сала басшысы ұлттық спортқа  жанашырлық таныта алмады. Төңіректегілердің әділетсіздігінен бетім қайтпады. Қайта, шәкірттерімнің таудай талабынан демеу алып, сом өнерді жетілдіріп келемін. Қазіргі кезде садақтан ҚР спорт шебері атағын алған кіл мықты екі шәкіртім бар. Оларды қаладағы ашық алаңның бірінде жаттықтырып жүрмін. Бұйыртса, екеуі де, болашақта мемлекетіміздің абыройын биікке көтереді деген сенімдемін. Қаржылық жағдайым қиын бола тұра, шәкірттерімді өз қаражатыммен шетелдегі жарыстарға апарып жүрмін. Биыл Ыстамбұлдағы халықаралық жарыстан олжалы оралдық. Жуырда Қырғызстанда 16 мемлекеттің садақшылары бақ сынасқан халықаралық чемпионатта 3-орынды иелендік. Мұның өзі көңілге медеу емес пе? Бірақ әттең, тас қамалдай тосқауыл болмағанда, талай таланттың қанатын қомдап  қатайтар едім, – деп күрсінді садақшы.

Біз садақ үйірмесінің жабылу себебін білу үшін мектеп директоры Дина Тұрсынқызына хабарласқанымызда: «Сіздерге ол шағым жасады ма? Қазір онымен сөйлесейін!» – деп шамдана бастады. Біздің «этикалық талапты сақтаңыз» деп ескертуімізден кейін: «Мен келгелі үйірме болмады. Ешкім жапқан жоқ, жұмысы жүріп жатса, ешкім жапқызбайды», – деп ақталды.  Кейіпкеріміз директордың уәжі жалған екенін айтты. Одан әрі мән-жайды анықтау мақсатында облыстық білім басқармасының жауапты  мамандарының бірі – Гүлдана Ерболатқызына қоңырау шалғанымызда, жеке телефонын көтермеді. Ол ватсап арқылы жолдаған сауалымызды жауапсыз қалдырды. Облыстық спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев болса, бізбен байланысқа шығуға құлықсыздық танытты. Аз уақыттан соң, орынбасары хабарласып, ұлттық спорттың жанашырына келер жылы жағдай жасалатынын жеткізді. Онысына да шүкір, дедік. Тек, уәде сылдыр сөзге айналмаса дейміз.  

              Аймақ түгілі, аядай шаhардан араша таппаған Жұмағазы Мұхаммеджанов төл дәстүрді түлетуге барын салуға әзір ұлт жанашыры. Бірегей бапкер 2007 жылы облыстық олимпиадалық резервтегі мектептен садақ ату бөлімін ашуға ұйытқы болған. 2012 жылы ол тұңғыш рет Алматыда садақ атудан өткен Азия чемпионатына төрешілік еткен. Дәстүрлі спортты өрге сүйреп жүрген азамат осы кезде Балқаш қаласындағы жоғарыда аталған білім ордасында асық ату және суда жүзу үйірмесінде балаларға дәріс береді. Мұндайда, «жоқтан бар жақсы» деп қанағат айту жарамас. Олай етсек, көне қарудың қасиеті мен қадірін ұмытқанымыз.

   Осындайда көкейді бір сауал мазалайды: дамыған және дамушы елдер өшкенін оралту жолында өрелі қадамдарға барады, еңселі істерді еңсереді. Біздің басшылар –  ұлттық құндылықтарға келгенде неге жаппай үрке қарайды?  Құлқынның қамы мен құлдықтың табынан арылатын кез келді емес пе?..

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 30.09.2022, 08:50
Билік халыққа жау ма?!
Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ 30.09.2022, 08:48
Тоны тозған қазақтың – тойы бітпес
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 29.09.2022, 16:05
Бөкейхан ауданында Әлиханды еске алу неге ұмыт қалды?
Сайт әкімшілігі 29.09.2022, 15:15
ЕЛІМІЗДЕ ОҚУШЫЛАР БОТАНИКАНЫ ҰНАТАДЫ
Сайт әкімшілігі 29.09.2022, 10:51
БҚО Үйлестру кеңесінде шекарадағы ахуал талқыланды
Сайт әкімшілігі 28.09.2022, 16:20
«ҚазМұнайГаз» бен «Шеврон» ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Аңдатпа


  • Даниалдар «дань» төлемейді!
    30.09.2022, 08:34
  • Билік халыққа жау ма?!
    30.09.2022, 08:50
  • «Қуантыров қуантпайды, Пірматовтан пайда жоқ...»
    30.09.2022, 08:49
  • Тоны тозған қазақтың – тойы бітпес
    30.09.2022, 08:48
  • Әй, Әлихан, ер жігіттің екі сөйлегені өлгені!..
    29.09.2022, 08:37