Желтоқсанның ызғарлы күндері

Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ

16.12.2020, 09:16

1943

Желтоқсан оқиғасы ұлы держава саналған Кеңес Одағының өңешіне қадалған инедей еді. Сол күндерде биліктің байбалам салып жанталасқанын көрдік. «Халықтар достығының зертханасы» атанған Қазақстанға бастарына күн туғанда пана іздеп келген басқа ұлттарды құшақ жая қарсы алған қазақтар Желтоқсан қасіретінде жалғыз қалды. Азаттықты аңсап, алаңға шыққан жастар нашақор, маскүнем деген атаққа ие болды. Дүниені дүр сілкіндірген 86-ның 19 желтоқсанында шұғыл партия жиналысы шақырылды. Қазақстан комсомолы орталық комитетіне қарайтын балалар мен жасөспірімдер басылымдарының журналистерін де ауыздықтайтын кез келді. Жастарға жол сілтеп жүрген ұйым ойламаған жерден нокдаун алғандай еді.

Партия жиналысының күн тәртібінде қаралған мәселе: Желтоқсан оқиғасына партбюроның бағасы.

Таңертең бір жайсыз хабар естігенбіз. Ол М.Ақдәулетовтің партия қатарынан шығарылғаны жайлы-тын. Мейірхан Фурманов көшесімен орталық алаңнан жоғары көтеріліп бара жатқанда солдаттардың қатты соққысына жығылады. Ұзақты күн милицияда қамауда  болады. Оған ешқандай дәрігерлік көмек көрсетілмейді. Ертеңіне Фрунзе аудандық (қазіргі Медеу ауданы) партия комитеті оны сыртынан КПСС мүшелігінен  шығарып тастайды. Біз енді сол мәселені партбюрода қарап, аудандық партия комитетінің шешімін мақұлдауымыз керек.

Әншейінде жайма-шуақ жағдайда өтетін партбюро отырысы өте қатқыл түрде жүрді. Оның барысына аудандық партия комитетінің хатшысы Күләйхан Шойбекова қатысты. Қасында нөкері бар. Мейірханның жағдайына араша түсу мүмкін болмады. Қайта «біздің ұйымға түскен қара дақ» деген сөздер айтылды. Ауданнан келген өкіл: «Ақдәулетовке партиялық кепілдемені кім берді, солардың да мәселесін қарап, олар да партия қатарынан шығарылсын», – деген ұсыныс жасады. Мейірханға кепілдемені бергендердің бірі – Фариза Оңғарсынова, екіншісі мен едім. Факең екеуміз бір-бірімізге таңырқай қарастық. Бірақ іс насырға шапқан жоқ. Әлгі ұсыныс ұйым коммунистерінің табандылығы арқасында қабылданбай қалды. Жиналысты жүргізіп отырған, кеше ғана Мәскеуден «Лениншіл жас» газетіне бас редактор болып бекіп келген Уәлихан Қалижанов Мейірхан жайлы жылы сөздер айтып, қорғап қалуға тырысты. Бірақ ауданнан келген өкілдер бой бермеді.

Әлі есімде, Мейірханды ертіп бірнеше рет аудандық, қалалық парткомиссия отырысына бардым. Оны қорғап, жақсы мінездеме беріп, қайта қабылдануын өтіндік. Бірақ біздің бұл әрекетімізден ештеңе шықпады.

Орталық комитеттің тапсырмасымен жастар басылымының редакторлары күніге кешке қарай студент-жастар жатақханаларын араладық. Ондағы қыз-жігіттермен кездесіп, әңгімелесеміз. Олардың түнде беймезгіл жүрмеуін, алаңға бармауын сұраймыз. Биліктің ешкімді аямайтынын түсіндіреміз. Сондай күндердің бірінде түн ортасы ауа орталық алаңның қасынан жаяу өттік. Қасымда «Дружные ребята» газетінің бас редакторы С.Луценко ханым. Көшеде жан баласы жоқ. Алматы қаңырап бос қалған сияқты. Ал орталық алаңда қадау-қадау жерде от жағып жылынып, бүрісіп отырған солдаттар. Бұл алаңда желтоқсан ызғары, желтоқсандықтардың ызғары, жан даусы басыла қоймағандай. Айнала күңіреніп тұрғандай. Айқайлаған дауыс, иттердің жұлқына үргені, етік дүрсілі естілгендей...

Сол күндері қаншама жастың болашағына балта шабылды. Қазақстан ЛКЖО орталық комитетiнен араша iздеп келген қыз-жiгiттер қолдау таппай, комсомол қатарына қайта қабылданбады. Бюро мүшелерінің бар қоятын кінәлары «алаңға неге шықтыңдар, көшеде не істеп жүрсіңдерден» аспады. Олардың ішінде жазықсыз жастар қаншама еді. Ал партия не комсомол қатарынан шығарылған жастардың алдағы өмірі қыл үстінде тұрғандай еді. Олар жұмыстан қуылды, оқудан шығарылды. Заман солай болды ма, жоқ әлде кей адамдардың пейілдері тарылып, коммунистік идеяға уланғаны ма, сол жастарға бірден қырын қарап шыға келгені жанға бататын-ды.

Қазақта «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деген сөз бар. Кезекті бір партия жиналысының болатынын естіп, қатыспақшы болып,  республика  комсомолы орталық  комитеті баспасөз секторының меңгерушісі  Мақсат Тәжімұратов келді. Ол журналистердің көңіл күйін бақылап, көрші бөлмеден комсомолдың орталық комитетіне, бөлім меңгерушісі Жанболат Байжанов пен орынбасары Ғалым Доскенге баяндаумен болды. Жаңа тапсырма алып, орынсыз шүйлігіп отырды.

Мақсат Тәжімұратов әншейінде жалпақтап жүретін. Бүгінгі сөзі өктем. «Сендер Мейірхан Ақдәулетовті партия қатарына  қайта бекіттіруге әрекет жасап жүр екенсіңдер. Оны жұмыстан аластату керек».

— Сен кімсің өзің? – деді оған «Ақ желкен» журналының бас редакторы Фариза Оңғарсынова ашуланып. – Біздің партия ұйымына ақыл айтатын, жұмысын тексеретін сен кімсің? Жарғының қай жерінде жазылыпты? Енді партия ұйымының ішкі жұмысына комсомол араласып...

 Факең ашуланып, әлгі комсомол шенеунігін жерден алып, жерге салды. Жаңа бір әзірде шегірткенің айғыры сияқты қоқиланып отырған белсендінің енді салы суға кетіп, жиналыс біткенше бұтына жіберіп қойған балаша қозғалуға шамасы келмеді.

Басқа редакторлар орталық комитет жақтан жел соқса, солай қарай икемделетін. Ал Факеңнің кімді де болса қағып тастайтын өр мінезі, сұсы бар-тын. Әсіресе танымайтын, Факеңнің сырын білмейтін адамдар ол кісіден сескеніп жүретін. Бірақ, шындығына келгенде, Фариза Оңғарсынованың жүрегі өте нәзік, мейірім шуағы анқып тұратын.

Желтоқсан оқиғасынан кейін комсомолдың орталық аппаратына бір топ «жаңа күш» келді. Олар колхоздастырудың алғашқы кезіндегідей «шолақ белсенділер» сияқты еді. Жастар идеологиясын, жастар мен балалар журналистикасынан мүлдем хабарсыз, басқа мамандықтардың иелері-тін. Олар газеттен бір әріп қате тапса жерден жеті қоян тапқандай қуанатын. Басқа газет-журналда қызмет істейтін танымал журналистерді жалдап, өтіне сұрап, басылымдарға шолу дайындататын. Сол жылы кезектен тыс аттестация өткізілiп, талантты журналистерге, білгір мамандарға ойына келген сұрақтарды қойып, ар-намыстарына тиді. Олардың ұзақ жылдардағы кәсіби шеберліктеріне күмән келтірді. Кейбіреулерін жұмысқа жарамсыз деп тауып, аттестациядан өткізбей қойған кездері де болды.             

Төле би көшесі, 69-үй. Қазақстан Ленин комсомолы орталық комитетінің ғимараты. Қазір қасынан өтсем жүрегім шымырлап, тұла бойым тітіркеніп кетеді. Кезінде үлкен ғимарат көрінетін. Республика жастарының бас штабы еді. Ал Желтоқсан оқиғасынан кейін қаншама жастың болашағына, тағдырына балта шапқан мекемеге айналды. Шындығында, мен үшін осы ғимарат бақандай он үш жыл, мүшел жас өміріммен тығыз байланысты болды.

1987 жыл. Қаңтардың соңғы күндерінің бірі. Желтоқсан ызғары әлі басыла қоймаған. Мәскеуден, ВЛКСМ орталық комитетінен арнайы топ келіп, Желтоқсан оқиғасын тексерді. Оның шығу себебін емес, қатысқан жастардың қалай жазасын алғанын, оқудан, жұмыстан шығарылғанын анықтады. Партия не комсомол қатарынан аластатудың орындалу барысын мұқият қадағалау еді. Қазақстан ЛКСМ орталық комитетінің хатшысы Нұрлан Дәненов шақырып, Мәскеуге тез аттануым керегін айтты. Әшірбек Көпіш жаңа ашылғалы тұрған «Арай–Заря» журналына, мен «Ұлан» («Қазақстан пионері») газетінің бас редакторлығына беку алдындағы пікірлесуге баратын болдық. Ол кездерде республикалық газет-журналдардың басшылары Мәскеудің рұқсатынсыз тағайындалмайтын.

 Қазақстан комсомолы орталық комитетінің бірінші хатшысы Серік Әбдірахманов орталықтан тексеруге келген қызметкерлерге: «Желтоқсан оқиғасының ызғары әлі басылмай тұр. Сондықтан біздің жігіттердің жұмысын тездетіп бітіріп, бір-екі күнде қайтарыңдар. Кезек күттірмейтін жұмыстар көп. Жастар толқуы әлі басылмауда», – деп өтініш айтқан еді. Біз Мәскеуге келсек, орталық комитеттегі комсомол шенеуніктері түгелдей қырын қарап қалыпты. Сол жігіттердің біразын бұрыннан танитынмын. Олар Алматыға іссапармен келген сайын күтіп алып, талай рет тұз-дәмдес болғанбыз. Сөйтсек, сол күнгі орталық газеттердің бірінде «Шырмауық» мақаласы жарияланып, онда Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Д.Қонаев жайлы ауыр-ауыр сындар айтылыпты. Орталық комсомол комитетінің ғимаратында бір апта күтумен жүрдік. Таңертең келісімен «күтіңдер» деп ескертіп кетеді де, кешке «ертең келіңдер» дейді. Сөйтсек, «үш әріп» Әшірбек екеуміздің жеті атамыздан бастап тексеріп жатыр екен. Қазақ емеспіз бе, соңымыздан бір-екі домалақ арыз да келіп жетіпті.

Туған қаламыздай бауыр басып кеткен Мәскеу бірден жат болып, үнемі  құшақ жая қарсы алатын орекеңдер бізді енді қас дұшпанындай шеттетіп шыға келді. Бірақ бір қуанғанымыз – басқа одақтас республикалардан келген комсомол қызметкерлері, әсіресе журналистер біздің Қазақстаннан екенімізді біліп, әңгімеге тартып, «Жарайсыңдар, қазақтар!» деп, ыстық ықыластарын білдірумен болды. Шет жерде жабырқап жүрген біз үшін бұдан асқан демеу жоқ еді. Шындығына келсек, одақтас республикалар арасында егемендікке ұмтылған, ұлт-азаттық көтерілісіне шыққан алғашқы мемлекет біз екенбіз.

  Аптаның соңына қарай Алматыдан Әділ Жүнісов досым келді. Ол Қазақстан комсомолы орталық комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары болып қызмет істейтін. Амандықтан соң, әңгіменің мән-жайын айттық. Әдекең ашуланып бұлқан-талқан болды. Бізге «күте тұрыңдар» деді де, хатшыларға ашу-ызасын білдіруге кетті. Түстен кейін жұмысымыз оңдалып, бөлім меңгерушілері, одан соң хатшылар қабылдай бастады. Сөйтсек, Желтоқсан оқиғасының жаңғырығы сонау орталықтағы шенеуніктерді де бейжай қалдырмапты. Біз сол Желтоқсан оқиғасының бел ортасында жүріп, оның соншалықты құдіретті, тамырының тереңде екенін байқамаппыз. Бірақ сол алып империяның енді төрт-бес жылда күйрейтініне, ол  күннің енді қайтып оралмайтынына, шыны керек, сол кезде сену қиын-тын. Екі күнде комсомолдың орталық комитетіндегі барлық бөлімдерден, КПСС орталық комитетіндегі тиісті бөлімнен пікірлесуден өттік. Мен оған қоса, В.И.Ленин атындағы Бүкілодақтық пионер ұйымы орталық кеңесінде болдым. Олармен де жарты күн «шүйіркелесуге» тура келді. Ал Алматыға келген соң, «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторлық орынтағына отыру үшін әлі де Қазақстан комсомолы орталық комитетінің секретариатында, бюро отырысында, пленумда, одан кейін республика  комсомолының кезекті съезінде бекітілдім. Осы бір алақандай балалар газетінің бас редакторлығы қызметіне тағайындалу жолында осыншама азаптан өттім. Екі айдың ішінде тозақ пен жұмақтың ортасындағы қыл көпірдің үстінде жүргендей әсерде болдым. Қазір есіме түссе тұла бойым шымырлап, үрей шарпып өткендей әсерде қаламын.

… Алматыдағы Республика сарайы. Қазақстан Ленин комсомолының кезекті съезі. Президиумда Желтоқсан оқиғасынан кейін саясат аренасына шыққан «көсемдер». Ортасында Қазақстан компартиясы орталық  комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбин. Залда ине шаншыр орын жоқ. Жастардың көңіл күйі мерекелік. «Ленин, партия, комсомол!» ән-айқайы. Жүзі бал-бұл жайнаған Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы Серғазы Қондыбай. Мен тойған қозыдай үнсіз, үшінші қатарда отырмын. Тіпті Желтоқсан оқиғасы болмаған сияқты. Орталық алаңда қан төгілмеген, көз жасы егіліп, қанмен араласа мұз боп қатпаған, оның ізін қалдырмау үшін ондаған көлік, жүздеген адам күндіз-түні ыстық сумен жумаған сияқты.

Республика комсомолының орталық комитетіне қарайтын газет-журналдар: «Лениншіл жас» («Жас Алаш»), «Ленинская смена» («Экспресс К»), «Қазақстан пионері» («Ұлан»), «Дружные ребята», «Арай–Заря», «Білім және еңбек» («Зерде»), «Ақ желкен», «Балдырған» басылымдарының бас редакторларын жеке-жеке орындарынан тұрғызып, таныстырып, одан соң съезд делегаттарына дауысқа салды. Делегаттар әрбір газет-журнал басшысына қол көтеріп, қызметтеріне бекуіне қарсы еместерін білдірді. Түрлі себептермен «Білім және еңбек» журналының бас редакторы Ақселеу Сейдімбеков ағамыз бекітілмей қалды. Бұл қолайсыз оқиға әріптестердің бәріне оңай тиген жоқ.

                                                        ***

   Республика комсомолы орталық комитетіндегі бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан жігіттердің көпшілігі жұмыстан босады не басқа қызметке ауысты. Қазақстан комсомолына бірінші хатшы болып келген Серғазы Қондыбай бұрынғы жылдары Павлодар облыстық комсомол комитетіне жетекшілік еткен. Ал соңғы кезде сол өңірдегі аудандардың бірінде  партия комитетінің екінші хатшысы кызметінде жүрген болатын. Сөзі аузынан түскен, қазақшасы амандасудан әрі аспайтын, әркімге жалтақ-жалтақ қарайтын, өзіндік ой-пікірі шамалы, момындау келген жігіт-тін. Қазіргі қиын кезде Қазақстан жастарына дәл осындай жігерсіздеу жетекші керек еді. Бұл жағынан орталық партия комитеті қателеспепті.

Мен Серғазы Қондыбайды алғаш рет 1982 жылы Павлодар қаласында «Комсомольская правда» газетінің күндерінде көргенмін. Бір топ қазақстандық журналист сол кездесуден көңіліміз толмай қайттық. Сонда Серғазы Мәскеуден келген үш-төрт журналист пен Ауған соғысынан осы кездесуге арнайы келген, Кеңес Одағының Батыры Руслан Аушевты бір-екі рет қонақ етуден әрі аса алмады. Біз, республикалық газет-журналдардың қызметкерлері, Павлодар өңірін, Баянауыл мен Жасыбайды өзімізше тамашаладық. Сол кездегі «Балдырған» журналының бас редакторы Мұзафар Әлімбаев елінің тамаша табиғатымен, ауылдың жайсаң азаматтарымен таныстырды. Зеріктірген жоқ. Мұзағаңның қасында жүрген бізді  қайда барсақ та, әдебиетсүйер қауым құшақ жая қарсы алумен болды.

Біз Қазақстан комсомолы орталық комитетіне ұзақ жылдар бойы жетекшілік еткен Қуаныш Сұлтанов, Серік Әбдірахманов, Нұрлан Дәненов, Бірғаным Әйтімова сынды жастар жетекшілерімен бірге қызметтес болдық. Олардың бәрі үлкен жүректі азаматтар, жастар басылымдарындағы журналистермен еркін сөйлесетін, жазған мақалаларын жүрегімен түсінетін комсомол жетекшілері еді. 

Әлі есімде, 90-жылдың басында Алматы облыстық «Полиграфия» өндірістік бірлестігі «Газет» баспасының директорымын. «Желтоқсан» қозғалысының жетекшісі Хасен Қожахмет мырзаның өзі іздеп келмесі бар ма? Желтоқсан ызғары әлі басылмай тұрған кез. Қоғамдық ұйымдар бас көтеріп, жер-жерден шерулер ұйымдастырып жүрді. Билік шайқалудың аз-ақ алдында. Олар Кеңес Одағын қалай сақтап қаламыз деген ойда. Ашу-ызасы қайнаған халыққа тосқауыл болып, наразылық туғызған жетекшілерді қамауға алуда еді.

— Бейсеке, – деді Хасекең, – бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. «Желтоқсан» газетін шығарсам ба деймін. Қаржы да табылмады. Басатын баспахана да жоқ. Бәрі қорқады. Маңына жолатқысы да келмейді. Соңғы үміт өзіңде.

        Газетін аппақ офсет қағазына, таралымын молдау етіп шығарып бердім. Сондағы желтоқсандықтардың қуанғаны-ай!

       Қазақ «Ит үреді, керуен көшеді» дейді. Сол жылдардағы оқиғалардың барлығы тарих қойнауына кетті. Желтоқсан көтерілісіне қатысқандар ерлігімен ел аузында қалды. Бір өкініштісі – құрметке де, қошеметке де бөленген жоқ. Мұндай жағдайда жүректегі дақ жазылмайтын жараға айналып кетуі де мүмкін ғой. Ал сол бір күндерде кінәсіз жастарға тізесін батырғандар әлі де жер басып жүр. Оларға тарих әлі толық бағасын берген жоқ. Біз, қазақтар, «кешірімді халықпыз» деп, өзімізге-өзіміз басу айтамыз. Осы бір тарихи оқиғаның мәніне терең үңілмейміз. Тек желтоқсан айы келген сайын есімізге түседі, маза бермейді. Бұл – қанмен жазылған тарихи оқиға. Ешкім де, еш уақытта да ұмытылмауы керек. Бұл – келер ұрпақтың борышы.

  

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:28
«Өтірік мәлімдеме». Бауыржан Байбек Жанболат Мамайдың айыптауларына жауап берді
Самал МАЕМГЕНОВА 13:51
Тәуелсіздік не берді?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.04.2021, 15:29
Тұңғыш ғарышкер Тоқтарды неге табандап таптаймыз?
Сайт әкімшілігі 19.04.2021, 09:43
Бір күнде коронавирус пен пневмониядан 23 адам қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 19.04.2021, 09:11
Нұр-Сұлтанда тасжол опырылды: мердігер компания жауапқа тартылады
Еркежан АРЫН 18.04.2021, 02:26
Қазақстан Қарулы Күштерінде бақылау тексерісі жүргізіліп жатыр

Аңдатпа


  • Жыры бітпеген электронды жүйе
    10:10
  • Артық мұнай қоры бітуге жақын - БАҚ
    19.04.2021, 10:25
  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08