Жесірді жылатқан жер дауы

Айжан БҮРКІТБАЕВА

27.10.2020, 04:19

754

Жер теліміне байланысты дау қоғамда көп кездесетін мәселеге айналғаны  қашан! Олай  дейтініміз, Үкіметтің үй кезегінен үміт үзіп, қалтасындағы бар қаражатына жер алып, соңында сорлап қалып жатқандар қарасы көп.

Соның бірі – жалғызбасты ана Жарасбаева Ұлбала Бақытқызы. 2015 жылы Алматы қаласына қарасты Шаңырақ ықшамауданы, Өтемісұлы көшесінен жер сатып алған.  Бизнес ашу мақсатында басындағы баспанасын сатып, жер телімдерін иелену үшін 81 мың АҚШ долларын төлеген. Құжатта көрсетілген жеке тұрғын үй құрылысын (ИЖС) жеке қосалқы шаруашылыққа (ЛПХ) ауыстыру үшін 2 миллионнан аса қаражат жұмсаған.  Сол жылы, қызыл белгі жоқ екені анықталып, сәулет басқармасынан құрылыс жұмыстарын бастауға рұқсат берілген. Алайда 2018 жылы жер телімінде қызыл белгі бар екені ескертіліп, ғимарат тұрғызуға болмайтындығы айтылған. Осы тұста Ұлбала Жарасбаева үй салуға берілген 3 жылдың соңғы жылын рұқсат алу үшін жоғалтып алғанын айтады:

— Сатып алынған жерге құрылыс жұмыстарын бастау үшін 3 жыл уақыт берілді. 2 жыл уақыт ішінде ғимарат тұрғызуға  қаржы жинап, 2018 жылы құрылыс бастайын десем, сәулет басқармасы қызыл белгі бар деп, СТЖ бермей қойды. Сондықтан жерді игере алмадым. Рұқсат алу мақсатында талай мемлекеттік органның есігін қақтым. СТЖ биылғы жылдың 6 наурызында бір-ақ берілді.  3 жыл жер игерілмеген деген сылтаумен талай жыл тер төгіп алған жерімді тартып алмақшы. Жерге құрылыс жұмыстарының уақытылы басталмағандығы менің қателігім болып тұрған жоқ, –  дейді Ұлбала Жарасбаева.

«Кәсіби заң кеңесшілерінің палатасы» мүшесі Тойбек Жалғасбаев көбінесе қателік нотариус тарапынан кететіндігін айтады:

«Бүгінде қоғамда жер мәселесі өткір тақырып болып отыр. Алматы қаласында жер дауы мәселелері өте көп. Қазірдің өзінде осы мәселе тұрғысында Түркісіб ауданы бойынша – 22, Бостандық ауданы бойынша – 42 арыз келіп түскен. Көбіне, СТЖ берілмеуі себеп болып отыр. Себебі, жер телімдері жерлеу, аса қорғалған, қауіпті аймақтарда орналасуы мүмкін. Мысалы,  2019 жылы Bek Air ұшағы құлаған Талғар ауданындағы жерлер, Түрксіб ауданындағы ұшақ қонатын орынға жақын жерлерге үй тұрғызуға рұқсат берілмеу мәселелері туындаған. Бұл жерде  уәкілетті органның ешқандай кінәсі жоқ. Себебі,  мәслихаттың жоспарлау туралы бекітілген шешімі, архитектуралық заңнамасы бар. Сондықтан үй салуға рұқсат берейін десе, заң шеңберінен шыға алмайды. Сотқа жүгінгеннің өзінде олар мемлекеттік органдарды былайшы айтқанда «ренжіте» алмайды.

— Жерді заңдастыру үшін сатып алушы алдымен, нотариусқа жүгінеді ғой. Олар өздерінің базасы арқылы қызыл белгі, қауіпті аймақты қарайды. Алайда оларда, көп жағдайда мемлекттік қорғаудағы аймақтар, қызыл белгісі бар, қауіпті деп танылған жерлер көрсетілмеуі мүмкін. Сондықтан олар қол қойып береді. Алайда уәкілетті органдардан үй салуға рұқсат ала алмай жатады. Көп жағдайда қателік осы жерден кетеді. Нотариус базасында мемлекеттік қорғалған аймақтар көрсетілуі тиіс, – дейді Тойбек Жалғасбаев.

Заңгер Назгүл Сарке: «Егер жер нысаналы мақсатта пайдаланылмай жата берсе, ол жерлер комитеттің есебіне бос жерлер ретінде қайта кіреді. Кейін, ол жерлер басқа азаматтарға бөлініп берілуі мүмкін.  Сотқа арыз түсіргеннің өзінде азаматтарға жекеменшікке берілген жерлер уақытылы және нысаналы пайдаланылмаса, заң талаптарына сәйкес заңдастырылмаса, мемлекеттік акт алынбаса және құжаттар тіркеу орындарынан өтпеген жағдайда сот арызды қанағаттандырмайды», – дейді.

Елімізде жер дауы мәселесі бойынша түсетін талап-арыздарға көз сүрінеді. Кінәні кімнен іздейміз? Жеке азамат сатып алған жерін өз атына заңдастырып алғандығына қарамай, әкімдік кейде өз құзыретінің шегінен шығып, жер иесіне ескертусіз қызыл белгі орнатқаны шектен шығу емес пе? Жерді игеруге берген уақытты өздері алып отырған құзыретті органдар  неге адамның құқығы мен мүддесін аяқасты етіп отыр?

Тегтер: жер дауы мәселе сот жекеменшік үй қызыл белгі құқық мүдде

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айжан БҮРКІТБАЕВА 12:54
«Мен орысша сөйлеуге міндетті емеспін»
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 12:41
Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10:53
Әкімдік мамандары жәрдемақы есептерде жіпке тізгендей тергеп түгендейді-көп балалы ана
Сайт әкімшілігі 09:40
Ақмола облысы коронавирус бойынша "қызыл" аймаққа кірді
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 15:58
Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылысқа қатысты жаңа деректерді жарияланды
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 13:40
Нұр-Сұлтандағы дәмханада болған жарылыс: үш адам жансақтау бөлімінде жатыр

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56