Жетім бала елге аманат

Сайт әкімшілігі

13.10.2020, 10:33

1506

Қазір біздің қоғамда жәбір көрген жесір дауы, жылаған жетім зары жиі бой көтереді. Баласын қоқысқа, әжетханаға тастай қашып, күнә арқалап жүрген «көкек» аналар да елде баршылық. Осындайда «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» бабалар даналығы еріксіз еске түседі.

Жалпы, осы мәселеге қатысты 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  VІІІ Азаматтық форумда сөйлеген сөзінде «елімізде балалар үйі болмауы керек» дегенді нықтаған болатын. Содан бері сең қозғалып елде жетім балаларды  асырап алушылардың саны артқан.  Мысалы, алғаш Тәуелсіздік алған жылдары елімізде 100 мыңнан астам жетім балалар болса, қазір олардың саны 5040 балаға дейін төмендепті. Соңғы бес жылда республика бойынша 50 жетім балалар үйі жабылған. Осы саланы жіті бақылап жүрген сала мамандарының пайымдауынша, бүгінде қазақ қоғамында жетім балаларды бауырға тарту, асырап алу мәселелері жан-жақты талқыланып, шешімін тауып келеді.

         Үлкен жүректі Тұяқ апа

Мәселен, біздің көтерген тақырыбымызға орай пікір білдірген бір өзі 700 баланы асырағанТұяқ Қазкенқызын күллі жұрт біледі. 20 жыл бұрын жеке баспанасын сатып, балалар үйінің қазығын қаққан ардақты ана осы аралықта 700-ге жуық жетімді бауырына басып, бағып қақты. Бүгінде сол ұл-қыздарының көбісі отбасын құрып, өз алдына отау тіккен.  Қайырымды ана қазірде Алматы облысының Талғар ауданындағы «Нұр» қайырымдылық үйінде 54 баланы тәрбиелеп жатыр.

– Үйімізді сатып, балалар үйін аштық. Алла өзі қолдайды. Бірінші – Алла, екінші – халқым осылай мені жарық дүниеге жеткізіп жатыр. Сондықтан ашқаныма өкінбеймін. Жеті жүз бала тәрбиелеп шығардым. Жеті жүз баланың үш жүз елуі жоғары білімді. Қалғаны колледж бітірді. Біздің үйде 8 ұлт өкілінің балалары тәрбиеленеді. Мен ешкімді бөлмеймін, барлығы маған бірдей, туған балаларым деп санаймын,  – дейді Тұяқ Қазкенқызы.

Тұяқ апаның орталықты ашқанына да  20 жылдан асты. Үлкен жүректі анаға осы жылдар ішінде көбінесе жомарт жандар қол ұшын созып, көмек көрсетіп келеді. Ол кісі мемлекеттің тарапынан емес, тек қана демеушілердің, мейрімді жандардың бергенінің арқасында балаларды жеткізіп отыр.

    Батыл да қайсар Жанар

Негізінде, елімізде жетім балаларды асырап алып, бауырына тартқан біршама қарапайым адамдар бар.  Мысалы, өзінің қолында мүмкіндігі шектеулі баласы бола тұра жетімдер үйінен сегіз бала асырап алған  Жанар Байжұлдинованың әрекеті кімге болса да үлгі. Ол бүгінде өзінің үш баласымен қоса сегіз баланы асырап алып, 11 бала тәрбиелеп отыр.

— Бала асырап алмас бұрын өзімде екі балам болды – Аружан мен Даниал. Даниалға эпилепсия диагнозы қойылған болатын. «Егер бір баланы асырап алсам, Алланың сауабы тиеді» деп ойладым. Сөйтіп, «баламның денсаулығы да жақсарады» деп сендім. Ол кезде жалғызбасты ана едім. Алғашқы баламды сондай ниетпен асырап алғанмын. Бала асырап алуға құжаттар дайындап жатқанымда, Даниалдың да беті бері қарай бастады. Кейін сырқатынан толық айықты. Сөйтіп, төрт айлық орыс қызды асырап алдым. Есімін Дарьяжан деп қойдық. Кейін Аружан қызым «Даниал мен Дарьяжан – тетелес, екеуі бірге ойнайды. Ал мен жалғызбын. Сондықтан менімен жасты тағы бір бала алсаң жақсы болар еді» деп ұсыныс жасады. Солай біртіндеп сегіз баланы асырап алдым», – дейді Жанар.

2017 жылы 10 баласымен тұрмысқа шыққан Жанар қазір тағы бір баласын дүниеге әкеліп, 11 баланы тәрбиелеп отыр.

Тізе берсек, қарапайым жандардың мұндай батылдықтары, жауапкершілікті мойындарына ала білу жайттары жетіп-артылады. Дегенмен, қарапайым жандардан бөлек біздегі шенділер, әкімдер, мемлекеттік қызметкерлер, абыройлы меценаттар бала асырап алу жағына қалай қарайды. Олардың арасында кімдерді мысал ете аламыз?! Біз осы сауалға жауап іздеп, мемлекеттік қызметте жүріп, сауапқа кенелгендерді санамалап көрдік. Санамалап көрелік...

Алты баланы асырап алған экс-әкім

Мысалы, Алматы облысы Жыланды ауылының әкімі болған Әнуарбек Жүнісовтің осыдан үш жыл бұрын жетімдер үйінен алты баланы асырап алғанын БАҚ өкілдері жарыса жазды. Осылайша, бұл экс-әкім Атыраудағы балалар үйінің жабылауына септігін тигізген еді.

Әнуарбек Жүнісовтің бала асырап алу тарихы да өзгеше.  2017 жылы меценат Бауыржан Оспановтың қолдауымен Алматы облысы, Лепсі ауылынан спорт мектебі ашылады.  Міне, осы мектепке Атыраудан Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйінің балалары  жатқызып оқытуға келісім беріледі.  Спорт мектебі ауылдық жерде орналасқандықтан, балаларды демалыс күндері ауыл тұрғындары үйлеріне шақырып, қонақ етеді екен. Балалар сонымен демалыстарда үй режимінде болып, ішкі жұмыстарына да көмектесіп жүреді. Сондай бір демалысты ауыл әкімі болған Әнуарбек Жүнісов Жеңісгүл, Ақбота есімді қыздарды үйіне қонаққа шақырады. Олар сол үйде жиі уақыт өткізіп, дастарқан әзірлеу, сиыр сауып, құрт жасауды да үйренген. Әкімнің жолдасы мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары қызметін атқарады екен. Қыздарымыз тіпті оларға бауыр басып, бірін папа, бірін мама деп атап кеткен. Қыздар оларға, үй йелері қыздарға да ұнаған соң жақында Әнуарбек Жүнісбеков атыраудағы білім бөліміне хат арқылы шығып, екі қызды қамқорлығына  алуға өтініш білдірді. Алайда  балалар үйінде Жеңісгүлдің екі сіңілісі, Ақботаның екі інісі болған.  Білім бөлімі бауырларды бір-бірінен айыра алмайтындығын айтып, алса бәрін де бірге алу керектігін айтқан. Осылайша, Әнуарбек Жүнісов алты баланы бөліп-жармай, алты баланы бірдей асырап алуды жөн көрген.

«Жас Алаштың» өзін іздегеніне риза болған экс-әкім:

– Қазір 10 балам бар. Мен оларды асырап алдым деп айта алмаймын. Алтауы өсіп ержетті. Төрт балам – студент. Өзім мемлекеттік қызметтен өз еркіммен кеттім. Үй шаруасымен айналысамын, жеке кәсібім бар, балалардың тәрбиесін бақылаймын. Барлығы жақсы. Баларым аман-есен дені сау. Өзіме қолғанат, – деді.

Осылайша, Әнуардың балалары өсіп, өздеріне қолғанат болуда. Ал сол балалардың балалығы өткен Сабыр Қазыбаев атындағы Атыраудағы балалар үйі дарынды балаларға арналған лицей интернатына пайдалануға берілген.

   Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметкерлердің ішінде біз  жетімдерді бауырына басқан Зағипа Бәлиеваны білеміз. Бұл ретте Зағипа Яхиянқызы:

– Барлығын байыптап, сараптап алған жөн. Себебі, баланы отбасына алып, оны тәрбиелеу – бұл үлкен жауапкершілік. Егер олар дайын болса, бір минут та ойланбай, тиісті органдарға барып, өз ниеттерін білдіруі тиіс, қажетті құжаттарды жинаулары қажет. Қамқоршылық органдары баламен танысуға барлық жағдайлар жасауға міндетті. Бүлдіршінді отбасыға қабылдап, оның өз елінің нағыз азаматы болып шығуы үшін, оған барлық қажеттіні беру керек, –дейді.

 Үш балаға рахымы түскен Рахымбаев

Еліміздегі жетімдерге мерейі түсіп, қамқорлығына алып жүргендердің тағы бірі –  BI Group компаниясының ірі акционері Айдын Рахымбаев. Ол әйелі екеуі үш жетім баланы қалай асырап алғандары жайлыәлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазады:

4 жыл бұрын осы күнде біз Анар екеуіміз төрт жасар кенже қызымызбен жасты қыз баламен танысуға балалар үйіне барғанбыз. «Асырап алғанға қолайлы жас» деп есептедік, себебі кенже қызымыз да сол жаста болатын, бірге апалы-сіңлі болып өседі деген ойда едік. Кездесуді күтіп отырған кезімізде бізге қателік жіберілгені жайлы хабарлады: біз танысайық деген қыз баланың 8 жасар ағасы мен 11 жастағы апайы бар екен. Әрине, біз бұндай өзгеріске дайын болған жоқпыз.Үшеуінің кездесу бөлмесіне кіріп келгені әлі де есімде. Шашы қысқа алынған ұл мен бантик киген екі қыз да ұқыпты, мектеп киімін киген. Олардың не үшін мұнда келгенін, өздерін қалай ұстау керектігін білгендігі анық көрінді. Біз одан әрі абыржып кеттік. Өз көзімізге өзіміз сенбей, талай сезім мен ойға баттық. Кездесу кезінде жұбайым көз жасын тыюға тырысқанмен, тоқтата алмады. Мен болсам, осындай ұқыпты, зерек, әп-әдемі балалардан қалай бас тартуға болатынын түсінбей, жүрегім шаншыды. Не істерімізді білмей, кездесуден кейін ойлануға уақыт сұрадық, бірақ қандай шешім қабылдайтынымызды ішімізден алдын ала сездік. Кешке үйде бәріміз ақылдасып, үшеуін де алып кетуді шештік. Бар күшімізді салып, бір апта ішінде балаларымызды қамқорлыққа алып, үйге алып келдік.

Міне, үш балаға рахымы түскен Рахымбаев өз тәжірибесімен осылай бөлісті. Қазірде оның қолдауымен Қазақстанда бала асырап алғысы келетіндерге қолдау беретін «Ана үйі» қоғамдық қоры бар, қор бюджет қаржысына мұқтаж емес. Осы қордың қолдауымен мұқтаж аналарға көмек беріліп, қолдау көрсетіліп отырады.

«Балалар үйінсіз Жетісу» жобасын қолдаған Оспанов

2017 жылы Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Алматы облысының прокуратурасы және әкімдігі «Балалар үйінсіз Жетісу» жобасын қолға алғаны бізге белгілі.

Аталған жобаның мақсаты – 2020 жылға дейін жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемеде тәрбиеленушілердің санын 50 пайызға дейін төмендету. Соның нәтижесінде, балалар үйінің санын азайтып оларды отбасын қолдайтын  орталықтар етіп қайта құру. Осы тұста бұл жобаға бірінші болып белгілі меценат Бауыржан Оспанов бірінші болып үн қатып, 15 баланы қамқорлығына алған.  

Міне, мұндай азаматтардың игі ісі қай кезде де қоғамға үлгі. Осындай жандардың артынан еріп, олардан үлгі алып, қарапайым азаматтардың да халыққа пайдасын тигізгісі келетіні белгілі. Содан болар, қоғамда қарапайым халықтың арасынан суырылып шығып, сауапқа кенеліп жүргендер баршылық.  

Өзгелер жетім жесірін қалай демейді?

Міне, біздегі жағдай осындай. Ал өзге елдер жетім-жесірін жебеуде қандай әрекеттер жасайды. Бұл да бізді қызықтырды. Өркениетті елдерді мысал етсек, Уругвайдың президенті  болған Хосе Мухиканы замандастары әлемнің ең кедей президенті санайды. Сексенге тақаған Мухика президенттік айлығының барлығын түгелдей дерлік жетімдерді қолдайтын қайырымдылық шараларға аударып отырған. Осынысы үшін әлемдегі ең кедей әрі қайырымды президент саналған.  Ол ай сайынғы алатын 12 500 доллардың тек 10 пайызын, яғни 1250 долларын ғана қалтасында қалдырып қалғанын қайырымдылыққа жұмсайды. Ирландиялық Чак Фини 81 жасқа келген Чак Фини The Atlantic Philanthropies қорының негізін қалаған кәсіпкер. Ол сырт көзге ештеңесі жоқ, бақыр тиынын санаған сараң болып көрінеді. Ол тіпті соңғы 30 жылда мейрамханаға барып түстенбеген, ірі супермаркеттерден сауда да жасаймайды, қымбат бағалы заттарды мүлдем сатып алмайды. Оның жеке қазынасында 7,5 млрд доллар қаржысы бар.  Ол соның 6 млрд долларын жетім балаларға баспана әперуге жұмсаған.  Американдық Джек Килби заманға сай калькулаторды ойлап тапқан Джек Килби де әлемдегі қайырымды адамдардың қатарында. Джек  Килби алғашқы микрочипті ойлап тауып  калькулатор мен есептеуіш машиналарды қолдануға болатынын дәлеледеді. Ол жыл сайын 10 млн долларын жетім балаларды демеуге жұмсайды. Қаржы саласының корифейі атанған Эндрю Карнеги – ол өзінің өмірінің бірінші жартысын ақша жинауға жұмсаған. «Ал өмірімнің екінші жартысында сол жинаған ақшамды жетімдерге таратып беруге арнаймын» деген екен. Карнеги алға қойған осы мақсатымен жігерленіп, өмірінің бірінші жартысында 450 млн доллар қаржы жинаған екен. Сөйтіп, расымен де, өмірінің соңғы кезінде сол жиған қаржысының игілігін халыққа көрсету мақсатында әке-шешесіз панасыз қалған балаларға арнап  баспаналар, кітапханалар мен театрлар салған.Міне, өркениетті елдердегі қайырымдықтың деңгейі осындай. Ал біздің қоғамда кейде «жерде бір жетім жыласа, көкте мың періште күңіренеді» дегенді ұмытып жетімнің көз жасына, қалып жататындар да бар екені жасырын емес. Ал оларды демеп, қамқорлығына алып жетімнің елге аманат екенін ұмытпай, шапағатын мен шарапатын тигізіп жүргендердің ісі кім-кімге болсын үлгі екені даусыз...

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 24.10.2020, 10:21
Өткен тәулікте 164 адамнан коронавирус табылды
Сайт әкімшілігі 24.10.2020, 10:16
Пневмониядан тағы екі адам қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 24.10.2020, 09:11
ДДҰ басшысы "аса қиын" кезеңіне дайындалуға шақырды
Сайт әкімшілігі 23.10.2020, 13:27
Қазақстанның бас санитарының жаңа қаулысы шықты
Сайт әкімшілігі 23.10.2020, 11:11
Мысырдан келген астаналықтар ПТР-тест тапсырмай қашып кеткен
Сайт әкімшілігі 23.10.2020, 10:13
Биылғы қыс қазақстандықтарға жайлы бола ма? Қазгидромед жауап берді.

Аңдатпа


  • Қымбатқа түскен «ноу-хау»
    22.10.2020, 10:52
  • Д. Ахметов: «Азаматтың қазасына себепкерлер жазасыз қалмайды»
    22.10.2020, 09:42
  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16