Жетімдердің жанайқайы мемлекет оларға қашан үй береді?

Мариям МАҚСАТ

17.09.2020, 03:26

674

Павлодарлық жетімдер 10 жылдан астам уақыт бойы өздеріне тиесілі баспананы ала алмай, зар қақсап жүр. Ең сорақысы – пәленбай жыл бойы үй аламыз деп жүрген олар «құпия сиқырдың» күшімен сол кезектерінен де айырылып, үміттері әбден үзілді. Жетімін жылатпаған елдің бұлай еткені  қай сасқаны? Жетімдіктің ащы дәмін татқан жастар мемлекетіне керек болмаса, кімге керек?

Павлодар қаласының тұрғыны Виктор Миковтың әкесі 2002 жылы өмірден өтті. Араға бес жыл салып, анасы одан бас тартып, кейін мүлдем із-түзсіз жоғалып кетті. Содан әкесінен де, шешесінен де айырылған жеткіншек бауырымен бірге жетім балаларға арналған интернаттан бір-ақ шықты. Бұл мекеменің мамандары Виктордың тұрғын үй кезегіне тұруына көмектесті. Бірақ арада бақандай 13 жыл өтсе де, әлі күнге дейін баспанаға қолы жетпей келеді. Ол былай тұрсын, пандемия кезінде «тылсым күштің» әсерінен пәлен жыл бойы тұрған кезегінен де айырылып қалды.

— 13 жыл бойы жыл сайын халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жетім ретіндегі мәртебемді растап жүрдім. Осы уақыт бойы мемлекеттен алатын пәтерді тағатсыздана күттім. Былтыр үй кезегінде 84-ші болып тұр едім. Ал биыл телефоныма менің жеке пәтерім болғандықтан, енді баспана кезегінде тұруыма хақым жоқ екені туралы хабарлама келді. Бірақ ешқашан жеке үйім болған емес. Сонда бұл қалай болғаны? Дереу мәселенің мән-жайын анықтасам, әйелімнің тұрмысқа шыққанға дейін тұрған пәтерін менің меншігіме жазып қойыпты, – дейді Виктор Миков.

Павлодар қаласының қаржы бөлімі бұл мәліметтердің ескі деректер базасынан жаңасына ауыстырғанда орын алған ағаттық екенін анықтап, Викторды қайтадан кезекке қойды. Алайда бұл жолы ол былтырғыдай 84-ші емес, 2281-ші. Көп ұзамай пәтер алуы тиіс болған жас бұл мәселені әлеуметтік желілер арқылы жариялап, құзырлы органдарға шағымданған соң ғана оның кезегін қайта қарап, қыркүйектің соңында 54-ші қылып қоятын болды.

Бұл бір ғана жетімнің басындағы жайт. Тағы мыңдаған жетім 10 жылдан астам уақыт бойы өз үйіне қол жеткізе алмай келеді. Олар да жанайқайын әлеуметтік желілер арқылы айтып, талай жылдан бері келе жатқан түйткілді жалпақ жұртқа жайып салды. Себебі олардың мемлекеттік мекемелердің табалдырықтарын тоздырып, әбден төзімі таусылды. Жетімдер мәселесіне құлақ түріп, шешіп берер шенеуніктер табылар емес. Содан, амал жоқ, жаһандық желінің көмегіне жүгінуге тура келеді.

«Кімге мәселемізді айтып барсақ та, «пәтерлер кезек бойынша беріледі» деп шығарып салады. Біреуі екіншісіне, екіншісі үшіншісіне сілтейді. Былтыр Павлодар қаласында төрт бірдей тұрғын үй ипотека бойынша салынды. Олардың біреуі бізге берілуі тиіс еді. Алайда өткен жылы небары жеті жетім баспаналы болды. Ал қалған мыңдаған адам қайтпек? Тағы 10 жыл күтуіміз керек пе? Ол кезде біз жастар категориясынан шығып, мүлде үйсіз қаламыз», – дейді олар бейнеүндеуде.

Мәселен, Анжела Солдатованың жетім ретінде үй кезегінде тұрғанына 10 жылдың жүзі болды. Оларға не жалдамалы үй, не баспананы жекешелендіру құқығы берілмегендіктен, әркім шама-шарқына қарай күн көруде. Бірақ тұрақты тіркеуі болмағандықтан, көптеген жұмыс орындары сырт айналып, оларды қызметке қабылдағысы жоқ. «Бүгінде жиһазсыз, жөндеудіз пәтерлерді жалдаудың өзіне ай сайын кемінде 50 мың теңге төлеу керек. Ал біздің ондай жалдау ақысын төлейтін шамамыз жоқ. Арамызда жалғызбасты аналар, көпбалалы отбасылар бар. Пандемия кесірінен көпшілігіміз табыссыз қалдық. 42 500 теңге де берілген жоқ. Шенеуніктерге баспана жайын айта барсақ, «үйге ақша жинаңдар», «ипотеканың алғашқы жарнасына ақша жинаңдар» дейді. 100 мыңға да жетпейтін жалақыдан қайтіп жинаймыз? Одан қалса, «бейімдеу орталығына барыңдар» дейді. Түк жағдайы жоқ, қашан барсаң да, орын болмайтын ол жерде қалай тұрамыз?» – деп ашынады ол.

Тек облыс орталығындағы Аналар үйі жетімдер үйінен шыққан қыз-келіншектерге пана бола алады. Аналар үйінің үйлестірушісі Әсел Әбішованың айтуына қарағанда, орталық ашылған алты жыл аралығында мұнда жетімдер үйінің 21 тәрбиеленушісі тұрыпты. Осы уақытқа дейін олардың бірде-бірі мемлекеттен үй алған жоқ. Не үйі, не жұмысы жоқ, олар кейін өмірде адасып, жаза басып жатады. Мысалы, пәленбай жыл үй кезегінде тұрып, Аналар үйін уақытша паналаған жетімдер үйінен шыққан келіншек бүгінде темір тордың ар жағында отыр. Ал оның үйі түрме емес, мемлекеттік қордан берілуі тиіс баспана болуы керек еді.

— Жетімдер үйінің барлық тәрбиеленушісі жеңілдік ретінде біздің орталықта бір жарым жылға дейін тұра алады. Кейде олардың жағдайын түсініп, екі-екі жарым жылға дейін тұруға рұқсат береміз. Біз оларға құжаттарды рәсімдеп, кәсіптік білім алып, жұмысқа орналасуға көмектесеміз. Өйткені өмір бойы жетімдер үйінде мемлекеттің есебінен еш уайым-қайғысыз тұрған қыздар сол интернаттардан шыққан соң, қайда барарын білмей, дұрыс жолдан жаңылысып жатады. Олар ақша табу, үнемдеу сияқты қарапайым қағидалардың өзін біле бермейді. Қазір Павлодар қаласындағы Аналар үйінде екі жетім қыз тұрады. Олар да жақын күндері баспаналы бола қоймас, – дейді Әсел Әбішова.

Павлодар қаласы қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Бектасова жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғын үйлердің кемінде 20 пайызы берілетінін айтты. Бүгінде облыс орталығында тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелген жетімдер саны – 2410. Олардың ішінде 2162 адам – 29 жасқа дейінгілер, 248-і – 29 жастан асқандар.

— 2010-20 жылдар аралығында коммуналдық тұрғын үй қорынан жетімдерге барлығы 173 пәтер берілді. Оның жетеуі былтыр сатып алу құқығымен жалға үлестірілді. Биыл жекешелендіру құқығынсыз тағы 27 үй тапсырылды. Жыл соңына дейін әлеуметтік тұрғын үйлерді беру жоспарда жоқ. Тек келесі жылы «Достық» шағынауданында салынатын көпқабатты баспаналардан қарастырылуы мүмкін», – дейді Алтынай Бектасова.

Яғни жергілікті биліктің жетімдерді баспанамен қамтуға қатысты нақты жоспары жоқ. Келесі жылы пәтерлерді беру қарастырылуы да, қарастырылмауы да мүмкін деген сөз ғой. Жыл сайын жетімдерге 10-20 пәтер ғана берілетін болса, әзірше кезектің соңында тұрған 2410-шы қазақстандық азамат қашан үй алады? Екі ғасырдан астам уақыт өткен соң ба? Балалары мен немерелері түгіл, шөберелерінің өзі жетпейтін сияқты ғой бұл баспанаға. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, ата-ананың аялы алақаны мен ыстық махаббатын сезінбей өскен жетімдерді баспанамен қамти алмасақ, «жыл сайын Қазақстанда тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді» деген бос сөздер кімге керек? Қазақта «Жетімді жылатудан сақтаныңдар, жетімнің көз жасы жібермейді» деген аталы сөз бар еді. Өкінішке қарай, мұны біздің биліктегілер ұмытып кеткен сыңайлы.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш Зарыққанқызы 17:05
Оқушының үндеуіне министрліктегілер жауап берді (видео)
Айжан БҮРКІТБАЕВА 16:52
Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
Сайт әкімшілігі 11:09
Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
Сайт әкімшілігі 10:54
Алматы "сары" аймаққа кірді - Сағынтаев
Бифат ЕЛТАЕВА 27.11.2020, 16:22
Атыраудағы зейнеткердің жанайқайы: емхана емдемейді, әкімдік тыңдамайды
Сайт әкімшілігі 27.11.2020, 11:31
Жексенбі күні қоғамдық көліктердің жүрмейтіні мәлім болды

Аңдатпа


  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    11:09
  • Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
    16:52
  • 30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады
    13:30
  • Солтүстік Қазақстанда бүтін бір ауыл қар суын ерітіп ішіп отыр (видео)
    27.11.2020, 09:35
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    27.11.2020, 09:16