Жоғалғандар неге оралмайды?

Айнұр ӘЛИ

17.09.2021, 12:40

1043

Бұрын жайлаудағы мал жоғалса, оған іздеу салатын. Тіпті бір үйдің жалғыз сиыры жоғалып, бақсы-балгерді аралағандарды талай көз көрді. Ал қазір мал түгіл, адамның жоғалғаны жайындағы желдей ескен жаңалыққа етіміз үйреніп кеткендей. Селт етпейміз.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш уақытта жүздеген, мыңдаған адамның жоғалып жатқаны алаңдатарлық мәселе. Олар неге оралмайды? Жоғалғандарды іздеу қанша уақытқа созылады? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Статистика бойынша жыл сайын 2500-3000 адам жоғалады екен. Оның 300-ге жуығы із-түзсіз кеткендер. Мысалы, ең қайғылы статистика 2015 жылы тіркелген. Ол кезде жоғалған 2989 адамның 448-і табылмады, 2228-і тірі күйінде, ал 253-інің мүрдесі табылды. 2016 жылы 3004 адамға іздеу жарияланып, оның 2617-сі табылған. 2017 жылы республика бойынша хабар-ошарсыз кеткен 2677 адамның 2358-і үйіне қайта оралыпты. Ал 319 адам іздеуде болған. Сол уақыттардан бері 1547 адам іздеуде болса, соның 338-і  2018 жылы табылыпты.

Бас прокуратура комитетінің мәліметінше, 2015 жылдан бастап, 2019 жылға дейін барлығы 13 085 адамға іздеу жарияланған. Олардың 1066-сы өлі күйінде табылған.  2019 жылы 2361 адам із-түзсіз жоғалып кетсе, оның 251-і табылмаған. 176-сы қайтыс болып, 1934 адам тірі күйінде табылыпты. 2020 жылғы статистика бойынша 1200 адам хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде тұр. Оның 22-сі балалар.

Мамандардың айтуынша, көбіне қолайсыз отбасылардың балалары жоғалады. Олардың кетуінің негізгі себебі – ата-аналарымен арада болған жанжал, алкогольдік ішімдікке салынғаны үшін олар отбасымен бірге өмір сүргісі келмейді. Криминалдық полиция басқармасының айтуынша, 100 жағдайдың 80-нен астамында жоғалып кеткен азаматтар табылып, туыстарына қайтарылады. Оларды кім іздейді?

Дерексіз кеткен мұндай іспен біздегі ішкі істер органындағы іздестіру бөлімінің қызметкерлері айналысады. Алдымен полиция қызметкерлері азаматтардың жоғалғаны туралы түскен әрбір арыз бен хабарлама бойынша дереу анықтау шарасын қабылдайды. Мәселен, іздестіру кезінде жоғалған адамның жоғалу мән-жайлары, өмір сүру салты, туыстық және өзге де байланыстары, оның түр-әлпетінің белгілері, жоғалған адамның соңғы болған орны туралы мәлімет жинайды. Сонымен қатар жоғалған адамдарды іздеу кезінде аурухана, мәйітхана мен басқа да арнайы мекемелер тексеріледі. Дегенмен хабар-ошарсыз кеткендердi жылдар бойы  iздей беруге мүмкiндiк жоқ. Азаматтық кодекстің 28-бабына сәйкес, хабар-ошарсыз кетті деп тану үшін заң бойынша бір жыл уақыт керек. Егер осы уақыт ішінде адам табылмаса, хабар-ошарсыз кетті деп есептеледі. Ал үш жылдан кейін жақындарының өтінішімен, сот шешімімен өлді деп жарияланады. Егер сот қайтыс болды деп таныған адам табылып жатса, сот шешiмi қайта бұзылады.

Ал статистика бойынша әйелдерден гөрі ерлер жиі жоғалады екен. Оны мамандар ер адамдардың қызметтік іссапарға, уақытша маусымдық жұмыстарға, автокөлік не жүк тасымалына байланысты алыс жолға жиі аттануымен байланыстырады. Әрі солай жұмыс істеймін деп жоғалғандар көптеп кезігетінін көріп-біліп жүрміз. Балалардың да жоғалатыны бар. Көп жағдайда берекесіз отбасыларда балалар қараусыз жүріп, кетіп қалады. Ондай отбасында ата-аналары балаларының жоғалғанын кеш байқап жатады. Онымен қоса, ғаламторға жегіліп, ойынға әуестенгенінен опық жеп жататыны тағы бар. Әсіресе кәмелеттік жасқа толмаған қыздар әлеуметтік желінің құрбанына айналады. Әртүрлі танысу сайттары арқылы табысып, кездесіп, біраз уақыт сол адаммен бірге тұрып қалатын жастар да бар. Әке-шешелері бұл туралы білмей де қалуы мүмкін. Бірақ жоғалғандарды іздеуде көбіне осы интернеттің көмегі тиетінін де айтқан жөн.

Көбінде бір сауал болады. Ол жоғалғандардың отбасына қандай көмек беріледі? Мамандардың айтуынша, әлеуметтік көмек бәріне бірдей берілмейді. Мәселен, біреуі жоғалған адам статусын иеленген бес адамнан тұратын отбасының күнкөріс деңгейі 50 пайыздан төмен болса ғана атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматына үміткер бола алады екен.

Айта кеткен жөн, еліміздің заңы бойынша із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру 10 жыл өткен соң тоқтатылады.

Тегтер: қо

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрай РАХЫМ 22.10.2021, 19:23
Қуатты өңірлерді дамытудың міндеті айқын
Сайт әкімшілігі 22.10.2021, 19:16
QAZFORUM-2021 басталды
Сайт әкімшілігі 22.10.2021, 09:08
Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев
Еңлік АРЫҚБАЙ 21.10.2021, 15:00
Тегің қазақ па?
Еңлік АБАҒАН 21.10.2021, 13:27
Ана мен бала өліміне кім кінәлі?
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 10:50
Nur Otan сайлауалды бағдарламасының 24,8% орындалып үлгерді

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31