Жоқ мемлекеттің азаматтары

Айжан БҮРКІТБАЕВА

08.01.2021, 09:44

1818

Елімізде жарамсыз және жоқ елдің құжатымен жүргендер саны жетерлік. БҰҰ босқындар ісі жөніндегі басқарманың мәліметінше, 2014 жылдан бері Қазақстанда азаматтығы белгісіз 6000 адам анықталған. Ресми деректерге сәйкес, 2019 жылы КСРО төлқұжатымен жүрген 1727 адам құжаттандырылса, 2020 жылы тағы 867 адамның қызыл төлқұжатпен жүргені белгілі болды. Алайда бұл нақты статистика емес көрінеді. Себебі елімізде қызыл паспортын қимай жүрген азаматтар әлі де көп.

Осы тұрғыда мигранттар мәселесі бойынша жұмыс істейтін заңгер-адвокат Мүсіреп Ақсұңқар адамдардың ескі төлқұжатпен жүруінің себебі  құқықтық сауаттылығының төмендігі дейді. Айтуынша, бірі қайдан жасату керегін білмесе, бірі әдейі құжат ауыстырмайды екен. «ҚР Әкімшілік кодексінің 490-бабына сәйкес, егер азамат бір айға дейін құжатсыз немесе жарамсыз құжатпен жүретін болса, алдымен ол адамға ескерту жасалады. Кейін бір ай уақыт ішінде құжатын жаңартпаса, 7 АЕК көлемінде айыппұл салынады. ҚР азаматтығын алмай, ескі құжатпен жүргендердің көбі қайда бас сұғарын білмейді немесе жұмысы көп шаруа деген желеумен кейінге қалдырып жүре береді. Сондықтан алдымен елді құлағдандырып алу керек. Үкіметтің 2013 жылғы 26 тамыздағы №852 қаулысының талаптарына сәйкес, 1974 жылғы куәлікпен жүрген азаматтар Алматы қалалық ПД көші-қон басқармасы азаматтық және иммиграция бөліміне анықтама беру арқылы ҚР азаматы екені расталғаннан кейін төлқұжат беріледі», – дейді заңгер.

БҰҰ босқындар ісі жөніндегі басқарма жүргізген зерттеу көбінесе оңтүстік өңірлерді қамтыған. Мысалы, 2020 жылы Алматыдан қызыл төлқұжаты бар 71 адам, Түркістан облысынан 133 азамат анықталған.   Демек, қалған солтүстік, батыс, шығыс, орталық өңірлердегі КСРО төлқұжатымен жүргендердің санын қоса есептесек, басқарма көрсеткен статистикадан кем дегенде екі еселенуі мүмкін.

ҚР ІІМ көші-қон қызметі комитетінің хабарлауынша, ел аумағынан шықпаған жағдайда ескі құжатпен жүргендерді мектеп, институт, жұмыс істейтін жерінен іздестіреміз делінген.  Ал заңға сәйкес, жеке куәлігі жоқ жандарға зейнетақы және медициналық, әлеуметтік жәрдемақылардың берілмеуімен қатар, ресми жұмысқа, мектепке, ЖОО-ларға қабылданбайтыны айтылған. Сонда көші-қон комитеті заңнан хабарсыз ба? Әлде Қазақстанда құжатсыз-ақ ресми қызметке орналасуға бола ма?

Бұл туралы әлеуметтанушы Елнұр Бөкейқызы өткен ғасырдың куәлігімен күн көріп жүргендердің азаймауына халық санағының дұрыс жүргізілмейтіні себеп екенін айтады. «Бізде халық санағы үшін мемлекеттік бюджеттен миллиардтаған ақша бөлінеді. Қадағалау қатаң болады деп те айтылады. Алайда әлі күнге дейін өте көп шикілік орын алып келеді. 1974 жылғы құжатпен жүргендердің көптігі де осының дәлелі. Мысалы, мен Алматы қаласында тұрақты мекенжайда тұрып жатқаныма 15 жылға таяп қалды. Осы уақытқа дейін есігімді біреу қағып, «үйіңіздегі адамдарды санап алайын» деп айтқан емес. Ал ендігі санақ онлайн түрде өткізілсе, онда мүлдем құрдымға кеттік деген сөз. Себебі біреу ғаламторды пайдалана алса, бірі мүлдем телефонды қолдана алмайды. Оның үстіне ауылдық жердегі азаматтар не істемек? КСРО құжатымен жүргендердің дені ауыл-аймақтың тұрғындары», – дейді әлеуметтанушы.

2014 жылдан бері жүргізілген зерттеулер бойынша  төлқұжатсыз жүргендердің 60 пайызы Қазақстан азаматтары болса, 10 пайызы мүлдем азаматтығы жоқ тұрғындар, ал 30 пайызы өзге елге тиесілі адамдар екені анықталған. Өкінішке қарай, қызыл паспорттылардың ресми статистикасы мүлдем жоқ. Бұл – талай азамат мемлекеттік жәрдемақы мен медициналық көмектен қағылды деген сөз.

Тегтер: төлқұжат азамат анықтама өңір азаматтық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 30.07.2021, 12:14
«Қайтыс болғандардың ешқайсысы екпе алмаған»
Сайт әкімшілігі 30.07.2021, 11:34
Вирус жұқтырғандардың саны 7778-ге жетті
Дайындаған Айдын ОЛЖАЕВ 30.07.2021, 09:00
Ей, енді не істейміз?
Дарын ЗАМАНБАЙ 29.07.2021, 08:41
Жалқау қазақтың ғалымдары да жалқау болды
Еркежан АРЫН 28.07.2021, 08:45
Заң көмегінің сапасы артуда
Сайт әкімшілігі 26.07.2021, 14:54
Нұр-Сұлтанда жаңа қаулы күшіне енді

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15