06.06.2023, 13:46
1087
Астанада қала әкімдігінің ұйымдастыруымен жастарға арналған маңызды шара өтті. Әсіресе жастарға арналған несиелік бағдарламаларға қол жеткізу, несие арқылы кәсіп ашу секілді мәселелерде жастарға көп нәрсе түсініксіз болып жатады. Аталмыш шара осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Атап өтер жайт, Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында конкурстық негізде жас кәсіпкерлерге жеңілдікпен кредит беру мәселесі де тапсырылған болатын. Президенттің осы тапсырмасы аясында ұйымдастырылған шараға келген жастар өздеріне қажетті көптеген сұрақтарға жауап таба алды.
Өйткені шараға арнайы шақырылған Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының директоры Әсет Көшкінбаев; Астана қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Бақытбек Қабжанов; «Студенттік құрылыс және жастар отрядтарының республикалық қозғалысы» ҚҚ төрағасының орынбасары Асылбек Абдурашитов; Астана қаласы Кәсіпкерлер Палатасы директорының орынбасары Нұргүл Ахметова және тағы басқа қала әкімдігінің мемлекеттік органдарының өкілдері жастарға қатысты көптеген сұрақтарға жауап беріп, талай мәселенің көбесін сөгуге мүмкіндік туғызды.
Әсіресе жастарға арналған микрокредиттер бойынша, жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсібін қалай бастау және жүргізу,«Жасыл ел» жобасына қатысты, жастарды жұмысқа орналастыру үшін бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырып, оны кең көлемде насихаттап отыру секілді мәселелер жастарға түсіндірілді. Жастардың көкейінде жүрген сұрақтарға Агрокредиттік корпорацияның, Кәсіпкерлер палатасының және Халықты жұмыспен қамту орталығының өкілдері жауап берді.
Мәселен, шараға қатысқан жастардың бірі 27 жасар Асқар Әлім қалада жедел тамақтандыру орнын ашқанымен, тез аяққа тұрып кету жағынан қиындықтарға тап болып жатқанын жеткізді. Ол өзінің кәсібіне қатысты мемлекеттен көмек алу мүмкіндігі бар екендігін естіп, қуанышын жасырмады. «Шыны керек, жастарға қатысты көптеген қолдау шаралары болғанымен естімей жатамыз немесе естігенмен жүзеге асыру жолдары түсініксіз болып жатады. Өзім де сондай ақпараттың жеткіліксіздігінен көп қателіктерге жол бердім. Бүгінгідей шарада арнайы мамандардың болуы мен олардың осындай сұрақтарға жауап беріп, жол сілтеуі қуантады. Сондай-ақ бүгін өзім секілді кәсіп бастаған көптеген жастармен танысып, тәжірибе алмастым. Сондықтан мұндай шаралардың қала жастары үшін маңызы зор. Жастар несие бағдарлама туралы естігенімен, көпшілігі шарттарын біле бермейді. Сондықтан Астана қаласының жұмыспен қамту орталығы бағдарламаның әрбір тетігін түсіндіру үшін жастармен осы кездесуді ұйымдастырып отырғаны қуантады. Жалпы елімізде жастарға арнап несие беріліп және оны пайдалану жолдарын түсіндіруге тырысу жастар мәселесіне еліміздің бей-жай қарамай отырғанының бір көрінісі. Бұл жастарды жігерлендіреді. 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерге берілетін несие бұл жастарды кәсіпке баулуға берілген үлкен мүмкіндік» дейді.
Астана қаласының әкімдігі алдағы уақытта да мұндай шаралар әлі көп ұйымдастырылатынына сендірді.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР