Жұтты мойындамаған үкімет қазаққа құт дарыта ма?

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

20.07.2021, 09:08

1647

Қазір қазақ даласынан қылтанақ шөп таппай, төрт түліктің аштан қырылуы Алаш жұртын қатты алаңдатып отыр.

Ресми дерекке сенсек, Арал ауданында 500 бас мал, таратып айтсақ, 321 бас сиыр, 237 бас жылқы, бір бас түйе өлген. Қорадағы барынан айырылған шаруаларға өтемақы берілер-берілмесі әзірге белгісіз. Қолындағы малын сатып теңге, сауып сүт қылып отырған ағайынға бұл шығын оңайға түспей тұр. Арал ауданының әкімі Серік Сермағанбетов: «Қуаңшылық салдарымен күресу үшін ауданға 2 миллиард теңге қаржы қажет. Елді сумен қамтамасыз ету үшін 15 құдық қазылатын болды. Жайылымдарды ұлғайту үшін сегіз арна қазылып, тазаланады. 1,9 млрд теңге республикалық, ал 250 млн теңге облыстық бюджеттен бөлінеді», – дейді. Бөлінген қаржы мақсатына сай жұмсалсын деп тілейік. Әзірге белгілісі – Арал ауданы 205 мың бас малға қажетті 184 мың тонна шөптің 146 мыңын сырттан тасымалдауға мәжбүр болып отыр. 

Сөйтіп, Арал халқы мемлекеттен бөлінуі тиіс қаржыға үміт артып отыр, ал Маңғыстаудағы  қуаңшылық салдарынан орын алып отырған төтенше жағдайды үкімет әлі мойындар емес. Үкіметтен қайран болмаған соң, қазір халық өз жарасын өзі емдеп, қиындықтан өзі сытылып шығуға әрекет жасауда. Жалпы,  бүгінде мемлекеттен көмек, қаптаған құзырлы орындардан қолдау күтпей-ақ, халықтың өзін-өзі құтқаруы әдетке айналып кетті. Мысалы, бала ауырса да, халық болып ақша жинап ем алып,  былтыр індет дендеп кеткенде де өз күшімен шетелден өкпені желдету қондырғысын алдыртқан халық бұл жолы да қуаңшылықтан өзін-өзі құтқаруға кірісті. Халықтың үкіметтен күдер үзіп, өз күшіне сенгені, бір жағынан, қуантса, екінші жағынан, үкіметтің «өлсең – тұрма» деген  пиғылы мен   бедірейген әрекеттері де мұңайтпай қоймайды.

Осы орайда, қуантатыны – ел ішінде бір министрліктің жұмысын бір өзі атқарып, дипломсыз-ақ талай тірлік бітіріп, қызметтік көліксіз-ақ мәселелерді шешуге білек сыбана кірісе алатын жастардың барына ішің жылиды. Мысалы, бұл жолы Түркістан облысының 24 жастағы тұрғыны Құрмет Талапқазы есімді жігіт  малы аштан қырылып жатқан өңірлерге шөп жеткізу жұмыстарын алғаш болып қолға алды. Құрметтің бастамасына қолдау білдірген еріктілер қазір қуаңшылық жайлаған өңірлерге вагон-вагон шөп жіберіп, қаржылай қолдау білдіргісі келгендердің қаржысын бір жерге жинап, шашау шығармай, түгелдей қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерге жұмсауда.

Бейбіт күннің батырларын біз арнайы іздедік. Құрмет қазір Маңғыстау өңірінде жүр екен. Телефоны сөндірулі. Құрметтің бастамасын іліп әкетіп, осы іс үшін Алматы облысынан Түркістан облысына арнайы барып еңбек етіп жатқан Солтанбай Мұратбекті іздеп таптық.

Солтанбай Мұратбек, ерікті:

               Құрметтің үндеуін естіген соң арнайы келдім

– Мұратбек, еңбек ретті болсын! Елдің көңілі алаң. Қуаңшылық қысқан өңірлерде қазірдің өзінде мал көтерем. Ал қыстан аман алып шыға аламыз ба?

– Алла қаласа, сол қысқа дейін жемшөп азығы қорын жасап алуға тырысып, жүгіріп жатырмыз. Қазір Бейнеу, Қарақия, Жетібай, Шетпе деген аудандардың әрқайсысына 2-3 вагоннан жіберіп жатырмыз. Жалпы, батысқа 21 вагон кетті. Жеті вагон дайын тұр. Әр вагонда 1000 «престен». Шардара, Леңгір, Сарығаш, Өргебас деген ауылдардан еріктілер келіп қосылып жатыр. Қазір тұрақты жиырма шақты ерікті бар. Әзірге Құрмет көрсеткен жерді орып жатырмыз. Сайлаубай ағамыздың есепшотына еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласып, «өзім бара алмаймын, бірақ осы ақшаға шөп сатып алып қосыңдаршы» деп хабарласып жатқандар көп. Сол ақшаға да сатып алып, қосып жатырмыз. Бір вагонға 700 мың теңгенің шөбі кетеді. Кейбір шаруа қожалықтары өз жерінің шөбін тегін ұсынып жатады. Сосын, бұл жақтың малы қамыс жемейді екен. Оны да орып алып жатырмыз.  

– Қазір енді қандай көмек керек сіздерге?

– Әлі де болса еріктілер керек. Өйткені Түркістан облысымен тоқтап қалайын деп тұрғанымыз жоқ. Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарынан, Орал өңірінен хабарласып, шабындық жер, шөп ұсынып жатқандар көп. Соларға еріктілер бөлініп, тезірек шауып, жетер жеріне жеткізіп берсек дейміз. Қостанай облысында «Евразия Груп» деген трактор шығаратын зауыт бар екен. Кеше сол зауыттан хабарласып, «қанша трактор керек болса да алыңдар, тегін пайдаланыңдар» деді. Ертең бір тракторын күтіп аламыз, шөпті престейтін қондырғысын қосып берді. «Кейін қайтарасыңдар, әзірге пайдаланыңдар» деп жатыр. Бұл біз үшін үлкен көмек. Теміржол мәселесі шешілді. Соған қуанып отырмыз. Жаңадан келген ауыл шаруашылығы министрі де «не көмек керек» деп хабарласты. Сондықтан алдағы уақытта мәселе шешілер деп үміттенемін.

Мейірбеков Сайлаубай, ерікті:

        Арасында 200 теңге аударатындар да бар

– Аға, қуаңшылыққа орай, ашылған есепшот сіздің атыңызда екен. Халық «Көп түкірсе – көл» деп, осындайда жинала кететіні сүйсінтіп тұр. Қанша жиналды, қалай болып жатыр?

– Блокнотымды ашсам, нақты айтар едім. Қазір сыртта жүрмін. Бірақ ойымда барын тізуге тырысайын. 13-14 миллиондай ақша кетті, оған 28 вагон шөп дайындадық. Мен ақшаны Мұратбек пен Құрметке жіберем, олар сатып алатын шөпті дайындап, бағасын айтады. Тегін болса, оны өздері дайындай береді. Осы уақытқа дейін 22 вагондай шөп сатып алды. Арасында «көмегім» деп, шөпті тегін бергендері де бар. Кейбіреулер қолда бар шөбін тегін береді екен. Шөптің сондай жолмен жиналып жатқанын да айтып өткен жөн. Алматыдан Айдос деген жігіт жора-жолдастарын ұйымдастырып, 1 млн 600 мың теңгедей ақша аударды. Соның 1 млн 395 мыңдайын алғашқы бес вагонға аудардық. Айдос толық аты-жөнін айтпады. «Бергенімді де айтпа» деп еді, өзің сұраған соң айтып жатырмын. Өскеменнен Сейітжан деген қандас жігіт 200 мың теңге салды. Солтүстік Қазақстаннан Жарас деген жігіт бөліп-бөліп үнемі аударып отырады. Осы уақытқа дейін 70 мың теңгедей салды. Бұлар хабарласып жағдай сұрасқандары. Сосын, танып отырмын. Ал үндеместен аударып қойып отыратындары да бар. Алматыдан «Елге көмек» қайырымдылық қоры 700 мың теңге аударды. Айта берсек, көп. Арасында 200 теңге аударатындар да, 5000 теңгеден жіберетіндер де бар. Әркім қолда барын береді, әйтеуір. Жалпы, 16 млн-нан астам қаржы жиналды. Мен шөп дайындауға араласпаймын. Тек түскен ақшаның шашауын шығармай жинап, жазып, аударыңыз деген уақытта аударып отырамын. Өзім дәулетті адаммын. Өзімдікі өзіме жетеді. Көптің ақшасына тазамын.

– Құрмет өзі немен айналысады?

– Бұрын Түркістан қаласында құрылыс қызу жүріп жатқанда құрылыспен айналысты. Қазір өз кәсібін ептеп бастап жүр. Өскемен жақта бір жігіт 40 вагон шөп беремін деген екен. Осы аймақты болған соң, жігіттер сонда ойысқысы келіп отыр. Бірақ мен «бір нөмірге тағы есепшот ашсаңдаршы, ол жаққа дейін еріп бара алмаймын ғой» деп едім. Өйткені бір күнде бір миллионнан артық аудара алмаймын. Кейде қатты керек деп жатса, ақшаны шешіп алып, Сарыағашқа апарып беріп келемін. Ал Өскеменге сондай шұғыл керек кезде қалай жеткіземін?!  Халықтың жауапкершілігі оңай емес. Сенім артып, қолындағы барын беріп жатқан соң, шырайын шығарып, ретімен жұмсалуы керек. Бастысы, мал басын сақтап қалсақ екен, қазақ таяғына сүйеніп қалмаса екен деп жанталасып жатырмыз.

 Сайлаубай аға «200 теңгелеп аударатындар да бар» дегенін естігенде, қолындағы барын берген, қазақтың қазаққа көмектескісі келген кең пейілін сезініп, елжіреп кетесің. Ал қарапайым халық осылай жұмылып жатқанда  ҚТЖ секілді алпауыт компания қуаңшылықты да пайда көріп, дайын шөпті ел-елге жеткізіп тасуға вагонына ақша сұрапты дегенде, бұдан бөлек, үкімет  жұтты мойындамай, бетбақтырмай отырғанда, «е Алла, бұлардан қайыр жоқ, тек  қазағымның бір-біріне деген пейіліне бере гөр, қиыншылықта басын біріктіре гөр» деп тілеуден басқа бізге амал да қалмаған тәрізді. Үкіметке сенсек, аш қалатын түріміз бар. Одан да осылай өз күшімізбен шаруаны ептегеніміз жөн-ау.

Тегтер: қуаңшылық құрғақшылық мал шаруашылығы мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еңлік АБАҒАН 13:22
Қарасай ауданы: Қоймалжың батпақ пен қою шаң
Нұрболат ӘЛДИБЕК 03.08.2021, 11:01
«Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 03.08.2021, 09:25
«Естімейтін үкімет» пен екпеге сенбейтін халық
Елеусіз МҰРАТ 03.08.2021, 09:20
Еріккеннің ермегіне айналған әлеуметтік желіге тәртіп керек
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 14:30
Қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 21 миллиард теңге салған
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 12:04
Жаңа оқу жылы онлайн бола ма, офлайн бола ма?!

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58