Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.

Ерзия ЕРСҰҢҚАР

02.02.2023, 07:20

2524

Қит етсе, шетелден көшіріп ала қоятын заңдар мен реформалар күнделікті тұрмыс салтымыз бен еліміздің дамуына үйлесе қоймаса да, басқалардың «қаңсығын» таңсық көруді қоймай келеміз. Соның арқасында, былтырдан бері көшедегі бұралқы иттерге шейін құқығы қорғалып, талай бала таланып, тіпті, өліп жатса да еш әрекет ете алмай отырмыз. Балаларымыз да мектептегі «шетелдік озық жүйенің» құрбаны болуда. Отыз жылдың ішінде ұлттық білім беру жүйесін еш қалыптастыра алмаған министрлер шетелдік реформа енгізуге келгенде, бірінен-бірі асып түсуде. «Шетел көрген» жастарымыз да елдің дамуы мен халықтың таным түсінігін ескерместен, шетелдік жүйені енгізуге барынша, тырысуда. Ал зардабын қара халық сезініп отыр.

Соның бір мысалы – өткен аптада еліміздің ең жас министрі Зүлфия Сүлейменова халықты көшедегі бұралқы ит пен мысықтарды асырап алуға шақырды. Ет жемейтін, аң терісін кимейтін экология және табиғи ресурстар министрінің өзі де мысық асырап алған көрінеді. «Мен адамдарды мәжбүрлей алмаймын. Алайда үйлеріңде артық орын болса, көшеде қалған иесіз иттер мен мысықтарды асырап алуға шақырамын», деген министрдің сөзі көпшілік арасында көп талқылануда. Халық таным түсінігі қазақы ортамен еш қабыспайтын, сондықтан қазақ қоғамының мәселесімен де таныс емес министрдің қалай тұтас бір министрлікті басқаратынына үлкен күмәнмен қарап отыр.   

Осы орайда, атап өтер жайт, 2021 жылдың 30 желтоқсанында өте асығыс қабылданып, былтыр наурыз айынан қолданысқа енген шетелден көшіріп алынған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның залалы бір жыл өтпей, басымызға таяқ болып тиюде. Нормативтік-құқықтық актілері әзірленбей, асығыс қабылданған заңның зардабын осы бір жыл ішінде анық сезініп отырмыз. Тіпті, жауапкершілікпен қарағанның жөні осы екен деп ит пен мысықты беталды қараусыз қалдырдық. Басы бар, аяғы жоқ осы заңның негізінде иттерді қалай ұстайды, кім бағады деген мәселелер анықталмады. Осы шала заңның салдарынан, елімізде бұралқы ит қаптап барады. Бүгінде қалада да, далада да күрт көбейіп кеткен аш иттер біресе, адамды талап, енді бірде қораға кіріп, малға шауып, «иттігін» жасауда. Онсыз да халық шуламаса, ештеңе істемейтін әкімдіктер заңды алға тартып, иттерді бетімен жіберді.

Осы орайда, айта кетсек, өткен жылы жазда БҚО Қызылтал ауылында қораға шапқан иттер 24 бас қойды жайратып салған. Былтыр тамыз айында  Ақтөбе облысы Байғанин ауданында да бірнеше рет қораға шапқан ит малдарды жайратып кеткен. Жеме-жемге келгенде, кімді кінәларын білмегендіктен, ауыл халқының малы да сұраусыз қалып отыр. Мал түгілі, адамы да сұраусыз қалған қоғамымыз – осылай иттен зардап шегуде. Тізе берсек, республика бойынша ит талаған адам саны өте көп. Бір ғана Атырау облысында былтыр – 100-ге тарта баланы ит талаған.

Бұрынғыдай ата салуға заң рұқсат етпейді. Ал қамап, оларды зарарсыздандыруға тиісті орындардың мүмкіндігі жете бермейді. Тіпті, қамап ұстайтын жері жоқ. Көзін жоя да алмайды. Бұрынғыдай емес, ит-мысық біреуге қауіп төндіргенде ғана көзін жоюға болады. Онда да ветеринар мамандарға учаскелік полиция инспекторы ұсыным берсе ғана шара қолданылады. Әйтпесе, уақытша қамап ұстаған соң, қайта босатуға мәжбүр. Ал олар күн санап көбейе түсуде.

Әрине, бұл шара басқа бір дамыған елде біршама нәтижелі шығар. Ал иті түгілі, адамы әзер тамақ тауып жүрген біздің қоғамда оларды аштан аш беталды жіберіп, «жануарларға жауапкершілікпен қарап отырмыз» деуіміз ұяттау секілді. Адам құқығы артығымен қорғалып қойған шетелде енді жануарлардың құқығын талап ету қалыпты жайт болғанымен, сол жүйені көшіріп әкеліп, дамыған қоғам жасай салуға тырысып жүрген «шетел көргендердің» әрекеті күлкілі-ақ! Нәтижесінде, адамынан итінің құқығы жақсы қорғалған қоғам болып шыға келдік. Былтырдан бері ит құрлы қадіріміз жоқ қоғамда өмір сүрудеміз. Адам өмірі, құқығы, тұрмыс-тіршілігі деген тақырыптан гөрі, жан-жануарлар мен аңдардың мәселесі маңыздырақ екенін күн сайын айқын сезіне түсудеміз. Заң иттің жағында, министр бұралқы иттің қамын ойлайды. Ал адамдары таланып, малын ит жеп қойып жатса да ара түсер ешкім жоқ.

Шын мәнінде, ауасының сапасы жыл санап нашарлап бара жатқандықтан, тұрғындарының да денсаулығы кері кетіп бара жатқан Алматының жайы, суы тартылып жатқан Сырдың мәселесі, Каспий лайланып, былтыр ғана ормандары өртенген аймақтар мәселесі де жас министрге аз мәселе емес еді… Бірақ оны түсінер министр қайда?!

Қысқасы, көшіріп алған заң – еліміздің мәселесін шешудің орнына одан әрі күрделендіре түсуде. Ал шетел көргенімен, ел мәселесін анық білмейтін министр экологияны көгертер ме екен?..

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:59
Алматыдағы тұрғын үйлерде заманауи экопункттер пайда болады
Сайт әкімшілігі 15:47
Мақсат – елдің дамуын үдету
Әділ АҚЫЛБАЙ 15:01
Офицерлердің еңбегі ерен
Б.НҰРМАХАН 13:23
Кітап оқу – мәдениет кілті
Сайт әкімшілігі 09:24
ҚазҰУ – ғылым мен білімнің ордасы
Арайлыи ЕРКЕБАЕВА 09:15
«Дені сау ұлт» жобасы аймақтарға қандай мүмкіндік береді?

Аңдатпа


  • Үкімет кетті, «Халық әртісі» мен Қошанов қайта оралды
    05:37
  • Айтыскер, блогер һәм тренер
    05:34
  • Кәсіптік білім. Диплом тарату – маман дайындау емес
    05:32
  • Жетісайдың «күрескер» әкімі Жыңғылмен күресіп жүр
    29.03.2023, 05:46
  • Нұртай Базарұлы, зейнеткер: Қарағұсованың заңына қарсылық білдіремін
    29.03.2023, 05:44