"Үй, балабақша, несие бер!" Алматыда бір топ әйел билікке талабын айтты

09.06.2020, 22:53

6

9 маусымда Алматы қаласы әкімдігіне баспана, балабақша, жұмыссыздық проблемаларын шешуді сұрап келген Медеу ауданында тұратын онға жуық көп балалы ананы ғимарат күзетшілері ішке кіргізбеді. Наразылар өздерін басшылардың қабылдауын талап етіп, әрқайсы басындағы ауыр жағдайын айтып, шағынды.

Өзін он баланың анасымын деп таныстырған Гүлмира Әлижанова биліктен баспана кезегін тездетуді, балаларын балабақшаға кезектен тыс қабылдауды, көп балалы аналардың жеке кәсіп бастауына қайтарымсыз қаржы бөлуді талап етті.

Жазира Әлдибекова есімді тұрғын 2014 жылдан бері үй кезегінде тұрғанын айтады.

— Жылына бес жүз адамға ғана жылжиды. Қазір кезекте 2282 боп тұрмын. Мына түріммен қай уақытта баспана аламын? Қызым екінші топтағы мүгедек. Кезекке соның атынан тіркелдік. Бірақ кезек келгенше ол он сегіз жасқа толып кетеді. Одан кейін басқа бір заң шығады ғой, — дейді ол.

Қасына әкімдік жанынан құрылған «Бақытты отбасы» ұйымының бірнеше өкілін ертіп келген Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов наразы әйелдердің сөзін үнсіз тыңдады. Оның орнына наразыларға өзін «Бақытты отбасы» ұйымының мүшесімін деп таныстырған Аида есімді әйел жауап беріп, «мәселенің барлығы біртіндеп шешіліп жатқанын» айтты.

— Көп балалы әйелдерге күніне төрт сағаттық жұмыс ұсынып отырмыз. Бүгін бес әйел келді. Аналарға кезегімен үй алып беріп жатырмыз, — дейді «Бақытты отбасы» ұйымының өкілі.

Наразы әйелдердің талабын тыңдаған әкім барлығын көлікке отырғызып, Медеу аудандық әкімдігіне алып кетті. Арада біраз уақыт өткенде Азаттық тілшісіне хабарласқан әйелдер "әкім ештеңені шешпей, құр қайтарғанын" айтты.

Бұл уақытта Нұр-Сұлтанда Министрлер үйінің алдына көп балалы отбасыларға баспана беру бағдарламасының дұрыс жұмыс істемейтініне шағымданып келген бір топ әйелдің үкімет өкілдерімен кездесуді талап етіп тұрғанына екінші күн болды. Дүйсенбіде үкімет шенеуніктерімен кездесе алмаған олар өткен түнді осы жерде өткізген.

Оқи отырыңыз: «Тоқаев, талабымызды орындаңызшы!» Министрлік алдында түнеген наразы әйелдер билікке шарт қойды

Былтыр наурызда Қазақстанның әр аймағында мемлекеттің мұқтаж жандарға әлеуметтік жәрдемді күшейтуді талап еткен көп балалы аналар наразылығы ұлғайған тұста үкімет әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» жаңа тұрғын үй бағдарламасына тұрғындардан өтініш қабылдауды бастаған. Аналар наразылығына 2019 жылдың ақпанында ел астанасында бір отбасындағы кәмелетке толмаған бес қыздың уақытша баспанада шыққан өрттен қазаға ұшырауы түрткі болған. Бағдарлама шарты бойынша, жеңілдікпен 18 жылға берілетін ипотекалық несиенің жылдық өсімі — 2 пайыз, бастапқы жарна — 10 пайыз. Жобаны сынаушылар көп баласы бар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ондай қарызды төлеу қиынға соғатынын айтады.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Ахметовтің кадр саясаты ақсай бастады
    21:08
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27
  • Емханаға тіркелу науқаны басталды
    18.09.2020, 14:13