Нұр-Сұлтан изоляторындағы белсенді Өмірбаев "денсаулығына байланысты аштығын тоқтатты"

11.06.2020, 15:50

32

6 маусымдағы митингіден соң 15 тәулікке қамалып, сот шешіміне келіспей аштық жариялаған астаналық белсенді Дархан Өмірбаев 10 маусымнан бері аштығын тоқтатқан. Бұл туралы оның әйелі хабарлады. Ал түрме қызметкерлері оның денсаулығы бақылауда екенін айтады.

40 жастағы Өмірбаевты 6 маусым күні оппозициялық топтардың митингіне бару үшін үйінен шығып кетіп бара жатқанда ұстап әкеткен. Кейін оның «митингіге қатысу тәртібін бұзды» деген айыппен 15 тәулікке қамалғаны белгілі болды. Оның жақтастары белсендінің аштық жариялағанын айтып, денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, наразылық акциясына шыққан еді.

— Дархан жақында ишемиялық инсульт алған еді. Сондықтан оған күйзелуге болмайды әрі қан қысымы бар. Түрмеден медбике хабарласып оның дәрілерін әкеліп беруді қайта-қайта сұрады. Олар Дарханның аштық салдарынан денсаулығы нашарлаған соң аштығын қоюға көндірген, кешеден бастап тамақ іше бастады, — дейді оның жұбайы Динара Өмірбаева.

Дархан Өмірбаевтың аштығын қойғанын уақытша қамау изояторындағылар да растады. Түрме кезекшісі Нұржан Аманбаев белсендіні қарны ашқан соң аштығын тоқтатқан болар деп топшылады.

— Қарны ашқан болар, тамағын ішіп жатыр. Ол кісінің денсаулығы күшті, кітабын оқып жатыр. Кешке қарай дәрігерлер тексеріп отырады. Алдында бірнеше рет жедел жәрдем шақырғанбыз, қазір бәрі жақсы, — деді түрме кезекшісі.

6 маусымда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы митинг өтіп, полиция алаңға келген наразыларды ұстап, қарсылық шарасына кедергі жасады.

ІІМ наразылық кезінде полиция 53 адамды ұстағанын хабарлаған. Ал бақылаушылардың есебінше наразылықта полиция кем дегенде 311 адамды ұстап әкеткен. Министрлік наразылықтан кейін қамалғандар жайлы ештеңе айтпады. Бірақ Нұр-Сұлтанда кем дегенде үш адам «бейбіт митинг заңын бұзды» деп 10-15 тәулікке қамалған.

Билік 6 маусымдағы митингіні заңсыз деп санайды. Қазақстанда жаңа қабылданған Бейбіт митинг туралы заңға сай, елде жұрт митинг өткізу үшін жергілікті әкімдікке алдын ала ескерту жасауы тиіс. Билік ескертілмеген митингіні заңсыз деп таниды.

Наразылыққа бір-бірін сынап жүрген тіркелмеген екі оппозициялық топ — шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (Қазақстан соты «экстремистік» деп танып, қызметіне тыйым салған, ал Еуропарламент «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атаған) мен «Демократиялық партия» құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі, оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай шақырған.

Митингіге келгендер несиеге жаппай амнистия жасауды, саяси тұтқындарды босатуды, жерді шетелдіктерге сатпауды әрі жалға бермеуді талап етті.

8 маусымда Нұр-Сұлтанда белсенділер митингіден кейін уақытша қамау изоляторына барып, қамалғандарды босатуды талап еткен. Олар 10 маусымда Еуропа елдері елшіліктері ғимараты алдына барып, қамауға алынғандарды босатуды талап қылып, билікке сын айтқан акция өткізген. Бұл шараға жиналғандарды арнайы жасақ күштеп әкеткен.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Мұғалімдер vs Кітапханашылар: Аймағамбетов кім жағына шығады?
    01.12.2020, 10:11
  • «Утемисов», «Датулы», «Клышев» көшелерінде тұрамыз
    30.11.2020, 14:35
  • "ХҚКО-ның санитарлық тораптарында «жағдай» айтарлықтай мәз емес"
    30.11.2020, 13:59
  • COVID-19: қай өңірлердің "қызыл аймаққа" енгені белгілі болды
    30.11.2020, 13:04
  • Көлік қаққан балалардың құқы аяқ асты таптала бере ме?! (видео)
    29.11.2020, 10:26