Оралда өгей қызына "жыныстық зорлық көрсетті" деп айыпталған ер адамға үкім шықты

13.06.2020, 11:52

4

Оралда «Кәмелетке толмағандарға жыныстық сипатта зорлық-зомбылық көрсетті» деп айыпталған Жақсыбай Сұлтанов 22 жылға бас бостандығынан айрылды. Онлайн өткен сот екі айға созылды. Сұлтанов кінәсін ішінара мойындады.

Іс материалдарына сәйкес, Жақсыбай Сұлтанов үш жыл бойы кәмелетке толмаған өгей қызына «жыныстық сипатта зорлық-зомбылық көрсеткен». Алғашқы эпизод кезінде жәбірленуші 8 жаста болған. Тергеу орындары 7 эпизодтың анықталғанын мәлімдеді. Сұлтанов тергеу кезінде бес эпизод бойынша кінәсін мойындаған, бірақ сот кезінде оларды айтудан бас тартты.

«Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстың сипаты мен қоғамға қаупін, айыпталушының мінезін, бірнеше рет сотталғанын, айыпталушының кінәсін жеңілдететін немесе күрделендіретін жағдайларды, прокурор мен жәбірленушінің анасының пікірін ескерді. Жәбірленушінің анасы 20 жылға соттауды сұрады» деді мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Бақыт Ермаханов.

Судья сонымен бірге сотталушының әлі өтелмеген екі жыл түрме жазасы бар екенін де айтты. Ақпарат бойынша, ер адам бұрын "Ұрлық" және «Тонау» баптары бойынша сотталған. Сот оған 22 жыл түрме жазасын берді. Үкімге сәйкес, алғашқы бес жылда Сұлтанов жалғыз адамдық камерада отыруы тиіс. Кейіннен қауіпсіздігі жоғары колонияға ауыстырылуы керек.

Сот сонымен бірге прокуратура өкілдеріне жеке қаулы шығарды.

«Прокурорлар қыз оқыған мектепте тексеріс жүргізуі керек. Себебі педагогтар педофилия туралы білгенмен полицияға айтпаған» деді судья Ермаханов.

Сот үкімі әзірге күшіне енген жоқ. Тараптар оған қатысты шағым түсіре алады.

2019 жылы желтоқсан айында Қазақстан билігі жыныстық сипаттағы қылмыс жасағандарға жазаны күшейткен. Оған сәйкес, тараптардың келісуіне тыйым салынады және жаза мерзімі ұлғаяды. Егер жәбірленуші кәмелетке толмаған болса, айыпталушы 20 жылдан бастап өмірлік түрме жазасына дейін сотталуы мүмкін.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Коронавирус жұқтырған 4 адам қайтыс болды
    11:31
  • Кәдеге аспаған диплом
    17.09.2020, 11:16
  • Бетпердені автобуста сатып алуға болады
    20.08.2020, 16:26
  • Өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан тағы 6 адам қайтыс болды
    16.09.2020, 09:45
  • Жәрмеңке қайта жалғасады
    11.09.2020, 21:58