Таразда бір топ жасөспірім төбелесіп, 15 жасар бала қаза тапты

16.06.2020, 00:51

19

13 маусым түнде Тараз маңындағы Шөлдала саяжай алқабы жасөспірімдер төбелесіп, ауыр жараланған 15 жасар бала ауруханада көз жұмды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Полицияның хабарлауынша, төбелес салдарынан төрт бала ауруханаға түскен. Ал Оралбек Кетебаев кеуде тұсынан пышақталып, қайтыс болды.

Марқұмның ағасы Төлеби Асылбеков "інісінің өліміне медициналық көмектің дер кезінде көрсетілмеуі де себеп болды" деп санайды.

— [Оралбек Кетебаев] түнде жедел жәрдем көлігімен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Бірақ дәрігерлер әкесі немесе шешесінің қолы керек деп бірден қабылдамады, аурухананың ішінде жатты. Әкесі жұмысынан келемін дегенше 1,5-2 сағат өтіп кетті. Ол көлікке мінгенде есін біліп кеткен еді, кейіннен қайтыс болғанын айтты, — дейді Асылбеков.

Облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Сейдахмет Чинибеков тағылған айыпты жоққа шығарды.

— Өміріне қауіп төніп келген науқастарды күттіріп қою деген болмайды, бірден қабылдаймыз. Ауруханаға түскенде жағдайы өте ауыр болды. Бірден жансақтау бөліміне көтерді, одан ары операциялық блокқа апарды. Ота жасалмас бұрын балаға наркоз беру кезінде жүрегі тоқтаған, барлық көрсетілген реанимациялық көмекке қарамастан сол жерде қайтыс болды, — деді ол.

Дәрігерлердің мәліметінше, науқас ауруханаға 13 маусым түнгі 00:40-та түсіп, 02:40-та "қан жетіспеушілігі" деген диагнозбен қайтыс болған. Марқұмның кеуде тұсының сол жақ бөлігі жарақаттанған, жүрегі мен өкпесіне зақым келген, сол жамбасында жарақаттары болған.

Дәрігерлердің сөзінше, тағы бір жасөспірімнің жағдайы орташа ауыр. Оның мұрны сынған, сол себепті ол отоларингологиялық бөлімге жатқызылған. Өзгелерінің жарақаты жеңіл болғандықтан үйіне қайтарылған.

Полиция Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша тергеу басталғанын, бір адам қамауға алынғанын хабарлады. Полиция төбелеске қанша адам қатысқанын, оқиғаның жай-жапсарын ашып айтпады.

Марқұмның туыстарының сөзінше, жасөспірімдер өзара ерегістен кейін екі топқа бөлініп, төбелескен. Қайтыс болған Кетебаевпен бірге бес балаға оншақты бала жабылған.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Жарты мүшелі жан жұртқа жігер беріп отыр (видео)
    29.09.2020, 10:22
  • Ар сатылды, кен шашылды
    29.09.2020, 09:55
  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16