Азат Еуропа/Азаттық радиосы президенті Джейми Флай қызметінен кетті

18.06.2020, 20:10

2

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті әрі бас директоры Джейми Флай АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігінің (USAGM) жаңа басшысы Майкл Пэктің пәрменімен қызметінен босатылғанын хабарлады.

«Азат Еуропа/Азаттық радиосынан кетіп бара жатқаныма қатты қынжыламын. Радионы басқарған бір жыл – өмірімдегі құрметті кезең болып қалады», — деп жазды корпорация қызметкерлерге жолдаған хатында Флай.

Бірнеше күн бұрын USAGM құрылымына кіретін «Америка дауысы» медиакомпаниясының басшысы мен орынбасары да қызметтен кететінін жариялаған.

АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі басшысы болып тағайындалғанына екі апта болған Майкл Пэк USAGM-ге қарасты тағы бірнеше ұйым – Азат Азия радиосы, Таяу Шығысқа хабар тарату желісі мен Кубаға хабар тарататын бюроның басшыларын жұмыстан босатқан хабарлады Associated Press агенттігі. Бұған қоса, USAGM қызметіне бақылау жасайтын Ашық технологиялар қорының жетекшісі де қызметінен алынған.

Сонымен бірге Пэк Азат Еуропа/Азаттық радиосы, Азат Азия радиосы мен Таяу Шығысқа хабар тарату желісінің директорлар кеңесінің құрамын жаңартып, өзін төраға етіп тағайындады.

USAGM қызметкерлеріне электрон поштамен жолдаған хатында Пэк АҚШ-тың халықаралық хабар тарату жүйесіне кіретін және күллі әлемдегі аудиториясына жан-жақты әрі тексерілген жаңалық, ақпарат ұсыну міндетін атқаратын медиа ұйымдардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету принципіне адал болатынын мәлімдеген.

АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі (USAGM) Азат Еуропа/Азаттық радиосы, «Америка дауысы», Азат Азия радиосы, Таяу Шығысқа хабар тарату желісі, Кубаға хабар тарататын бюро тәрізді медиакомпаниялар мен интернеттегі технологиялар мен еркіндікті қаржыландыратын Ашық технологиялар қорының жұмысын үйлестіреді.

USAGM құрылымына енетін бұл ұйымдардың жиынтық жылдық бюджеті – 798 миллион доллар. Олар дүниежүзінде 100-ден астам елдегі миллиондаған аудиторияға демократиялық құндылықтарды қолдау және тәуелсіз ақпарат жеткізу мақсатымен сандық, телевизия және радио хабарларын таратады.

Арасында Қазақстан да бар әлемнің 23 еліндегі 37,6 миллион адамға 27 тілде хабар тарататын Азат Еуропа/Азаттық радиосын Джейми Флай 2019 жылдың тамыз айынан бері басқарып келген. Флай кеткеннен кейін компанияның вице-президенті әрі бас редакторы Дейзи Синделар уақытша президент міндетін атқарады.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Кәдеге аспаған диплом
    17.09.2020, 11:16
  • Бетпердені автобуста сатып алуға болады
    20.08.2020, 16:26
  • Өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан тағы 6 адам қайтыс болды
    16.09.2020, 09:45
  • Жәрмеңке қайта жалғасады
    11.09.2020, 21:58
  • Сылтауы бітпейтін әкім
    15.09.2020, 11:04