Трамп кей шетел жұмысшыларының АҚШ-қа келуіне тыйым салды. Арасында hi-tech мамандары да бар

23.06.2020, 21:28

7

АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирус пандемиясына байланысты жұмыссыздықтың күшеюіне байланысты кейбір шетел мамандарының АҚШ-қа келіп жұмыс істеуіне тыйым салатын бұйрыққа қол қойды. Шектеуге түскендер арасында АҚШ-тағы кремний алқабы жиі сүйенетін технология индустриясының мамандары да бар.

22 маусым күні қол қойылған бұйрық жылдың соңына дейін жарамды болып, 525 000 шетел жұмысшыларының грин-картасына (АҚШ билігі беретін ықтияр хаттың атауы – ред.) әсер етпек.

«Еліміздің иммиграциялық жүйесін жүзеге асыруда біз шетел жұмысшыларының АҚШ-тың еңбек нарығына әсерін, әсіресе қазіргі жоғары деңгейдегі ішкі жұмыссыздық пен еңбек етуге деген сұранысты ойда ұстауымыз қажет» деді Трамп бұйрықтың түсіндірмесінде.

Бұйрық шетел жұмысшыларының сәуір айында енгізілген шектеуін ұзартты. Ол қатаң карантин шараларына байланысты жұмыссыздық едәуір артқан болатын.

Жаңа бұйрық біліктілігі жоғары жұмысшыларға арналған H-1B визасына, ауыр шаруашылығынан тыс саладағы маусымдық жұмысшыларға арналған H-2B және J-1 визаларына әсер етпек. Компания қызметкерлерінің L-1 визасымен АҚШ-қа ауысуы да келесі жылға дейін тыйылды.

Бұл шектеулер азық-түлік өндіру саласындағы жұмысшыларға әсер етпеуі тиіс. Олар H-2B визасын алушылардың 15 пайызын құрайды.

Мамыр айында АҚШ-тағы жұмыссыздық 13,3 пайыз болды. Бұл жыл басындағы көрсеткіштен шамамен 10 пайызға көп (ол кезде жұмыссыздық 3,5 пайыз болатын). Коронавирустың тарауына байланысты көптеген штаттың басшылығы дәмхана, дүкен секілді кәсіпкерлік орталықтарын жауып тастап, жұмыссыздық күрт артты.

Өткен айда жұмыссыз америкалықтардың саны 21 миллион болды. Штаттар шектеуді біртіндеп ала бастағанымен, жұмыссыздықтың осы деңгейі жыл соңына дейін сақталады деп болжанып отыр.

Қарашада қайта сайлануды көздеп отырған Трамптың рейтингі жұмыссыздыққа байланысты төмендеген болатын. Осыған орай ел астанасы Вашингтонда Трамптың иммиграцияны шектейтін жаңа бұйрық шығаратыны туралы қауесет тарады. Мұндай шектеулер оның негізгі жақтастарына оң әсер қалдырады.

Ірі бизнес иелері Трампты шетел жұмысшыларына тыйым салмауға шақырды. Олардың айтуынша мұндай тыйымдар ел экономикасының дамуын тежейді.

Америка саясаты жөніндегі ұлттық қордың (сауда, иммиграция, білім беру секілді тақырыптарда зерттеу жүргізетін үкіметтік емес ұйым – ред.) атқарушы директоры Стюарт Андерсон Wall Street Journal басылымына виза шектеулерінің жұмыссыздыққа оң әсер ететіні туралы ешқандай дәлел жоқ деді.

AP, AFP, dpa, Reuters және Wall Street Journal материалдары негізінде дайындалды.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39