Бас санитарлық дәрігер жұмысшылардан ПТР тестінің нәтижесін талап етпеуге шақырды

23.06.2020, 21:28

6

Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова жұмыс берушілерді жұмысқа үзілістен шыққан қызметкерлерінен ПТР тестінің нәтижесін талап етпеуге шақырды.

“Өкінішке қарай, бүгінде мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, жұмыс берушілердің көбі іс-сапардан, еңбек демалысынан, ауыруға байланысты үзілістен шыққан қызметкерлерінің бәрінен міндетті түрде ПТР анализін талап етіп жатыр. Құрметті жұмыс берушілер, бұл талап инфекцияның ұжымыңызға кіруінен қорғамайды” деді Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Дәрігердің айтуынша, егер жұмыс орны ашық болып, қызметкерлері кіріп-шыға алса, тапсырылған ПТР тестінен пайда жоқ.

“Таңертең жұмысқа келерде және жұмыс орнынан үйге қайтарда біз адамдармен байланысқа түсеміз – қоғамдық көлікке мінеміз, дүкенге барамыз, жақындарымызбен және достарымызбен кездесеміз, белгілі бір қызметке жүгінеміз. Мұндайда вирус жұқтыру қаупі әрдайым болады” деді ол.

Есмағамбетованың сөзінше, жұмыс берушілердің бұл талабы ПТР талдауын жүргізетін зертханаларға артық салмақ түсіріп отыр.

“ПТР анализін оны расымен қажет ететіндер ғана тапсыруы тиіс. Ал жұмыс берушілер қызметкерлерін профилактиканың өзге түрлерімен қамтамасыз ете алады. Мысалы, жұмысқа кіреберіске контактісіз термометрия қою, санитайзерлермен қамтамасыз ету, маска тағу, әлеуметтік қашықтықты ұстану” деді Есмағамбетова.

19 маусым күні денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева елде ПТР талдауын 56 зертхана жүргізіп жатыр деген болатын. Вице-министр күніне 28 мыңға жуық ПТР талдауы жасалатынын, бұл көрсеткішті 35 мыңға жеткізу жоспарланып отырғанын айтқан. Талдаудың басым көпшілігін Ұлттық экспертиза орталығы, “Олимп”, “МПК” мобильді орталығы, Invitro, Репродуктивті медицина облыстық орталығы және Invivo зертханалары жүргізіп отыр.

Тұрғындар анализ тапсыруда қиындыққа тап болып жатқанын айтып, шағымданып жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының дерегінше, коронавирус пандемиясы басталғалы Қазақстанда 1,37 миллион ПТР анализі алынған.

19-20 маусымда бір күнде 30 мыңнан астам анализ алынса, 22-23 маусым күндері бұл көрсеткіш 24 мыңға жетпей қалды.

Қазақстанда коронавирус 28 856 адамнан анықталған. Ресми статистикаға оның 18 231-і ғана кірген.

Қазақстан билігі 3 маусымнан бері коронавирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есептеп келеді. Ауру белгілері барын “ауырғандар”, жоғын “тасымалдаушы” деп атады. Билік соңғысын вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына кіргізбей отыр. Ал коронавирустың таралуын бақылап отырған әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары мен орталықтары биліктің ресми дерегіне сүйеніп, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың санын көрсетерде ауру белгісі жоқ жағдайларды ескермей отыр.

Барлығы 11 158 адам жазылып шығып, коронавирустан 127 адам қайтыс болды.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27
  • Емханаға тіркелу науқаны басталды
    18.09.2020, 14:13
  • Мегаполистің білім саласы автоматтандырылды
    20.09.2020, 13:46
  • Интернетте балаларға қауіпті тағы бір ойын пайда болды
    20.09.2020, 13:34