Алматы тұрғындары Қытай елшілігі алдында пикет өткізіп, туыстарын елге қайтаруды талап етті

26.06.2020, 09:02

68

26 маусымда күндіз Нұр-Сұлтанда Қытай елшілігі алдында жалғыз адамдық екі пикет өтті. Олардың бірін Алматы тұрғыны Ақиқат Қалиолла өткізді. Ол Қытай билігінен сол жақта заңсыз ұсталған төрт туысын босатуды талап етті.

Пикет кезінде Қалиолла аяқ-қолына шынжыр байлап, "Қытай үкіметі, отбасымдағы төрт адамды Қазақ еліне дереу жібер" деген жазуы бар, туыстарының суреті басылған плакат ұстап тұрды.

— 2018 жылы 15 наурызда Қытайда отбасымдағы төрт адам: әке-шешем және екі інімді заңсыз ұстап әкеткен. Содан бері олармен хабарласа алмай отырмын. Бірінші талабым олармен дереу хабарластырсын. Екіншіден, әкемді өлімші етіп ұрып, сабаған. Із-түзсіз жоғалып кетті. Оны тығып отыр. Әкем дереу шартсыз босатылсын. Қытайдан дереу Қазақстанға жіберілсін, — деді Ақиқат Қалиолла пикет кезінде.

Елшілік алдындағы шарбаққа өзін шынжырмен бекіткен екінші наразы тұрғын Жеңіс Зарқын да бұл жерге Қытайда қалған әйелі мен ұлын елге қайтаруды талап етіп, келіп тұрғанын айтты.

— Қытайдағы отбасымды көрмегеніме үш жыл болды. Мынау менің әйелім — Сәуле Ертайқызы, ұлым — Мұхтар Жеңісұлы (плакаттағы суреттерін көрсетті). "Қытай, отбасымды жібер" деп келіп отырмын. Үш жылдан бері Қытай консулдығына арыз жазып келеміз. Елеген жоқ. Әйелімді бір жыл саяси үйрету лагеріне қамап, мүгедек қылды. Соған қарамастан балам мен әйеліме тағы қысым жасап жатыр. «Сендерді қайта қамаймыз, сендер Қазақстанның тыңшысыңдар» деп қоқан-лоқы көрсеткен, — деді Жеңіс Зарқын.

Бұл екі азамат бір апта бұрын да елшілік алдында пикет өткізген. Сол кезде Қытай елшілігі өкілдері оларды қабылдаған. Елшілік өкілдері «біздің бұдан хабарымыз жоқ. Қытай жақпен сөйлесеміз. Біздің қолымыздан ештеңе келмейді» деген.

26 маусым күнгі пикет кезінде полиция қызметкерлері келіп, «пикеттің заңсыз» екенін ескертті.

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. 2018 жылы жазда БҰҰ «Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр» деп мәлімдеген. Қытай билігі басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді «терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық» деп сипаттаған.

Қытайда туыстары қалған азаматтар 2018 жылдан бері жиындар ұйымдастырып, пикеттер өткізіп, туыстарын елге қайтаруды талап етіп келеді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Қазақ тілінің мәртебесі неге нашар? (видео)
    04.12.2020, 09:08
  • Әріптесіміз "Жас Алаштың" мерейін өсірді
    03.12.2020, 13:28
  • Тоқаевқа жаңа өкілеттілік берілді
    03.12.2020, 12:05
  • Нұр-Сұлтанда тағы бір қоғамдық орында жарылыс болды
    02.12.2020, 09:13
  • Коронавирус 2003 жылы өршіген бе, ақиқаты қайсы?!
    02.12.2020, 11:11