Денсаулық басқармасы Шамахайұлының өлімі жайлы мәлімдемеде "науқасқа берген дәріні" атамады

30.06.2020, 03:00

4

Нұр-Сұлтан қаласының денсаулықты сақтау басқармасы 29 маусым күні қалалық ауруханада қайтыс болған журналист Қуандық Шамахайұлы туралы мәлімдеме жасап, "өлімнің себебі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр" деді.

Басқарманың мәліметінше, Шамахайұлы 23 маусымда жедел жәрдем қызметі арқылы COVID-19 деген күдікпен ауыр хәлде №1 көпсалалы қалалық ауруханасына түскен.

«Ауыр дәрежедегі анықталмаған этиологияның екі жақты полисегменталды пневмониясы диагноз қойылды. Диагностика мен емдеу клиникалық хаттамаға сәйкес жүргізілді. Емдеу кезінде науқастың жағдайы бірнеше рет нашарлады. 29 маусымда жүрегі тоқтады, реанимация шаралары жүргізілсе де, науқас қайтыс болды. Өлімнің себептері бойынша тергеу жүргізілді, нәтижесін туыстарына хабарлайды” делінген мәлімдемеде.

Марқұмның ұлы Берік Қуандықұлының айтуынша, аурухана қызметкерлері таңғы сағат 9:00 шамасында қоңырау шалып, әкесінің 7:20-да қайтыс болғанын хабарлаған.

Одан үш сағат бұрын Қуандық Шамахайұлының өзі Facebook-те дәрігерлердің түн ортасында бір қағазға қол қойдырып, артынан дәрі бергенін, сол дәріге күдіктеніп отырғанын жазған еді.

“Шырт ұйқыда жатыр едім, сағат 2:00-де дəрігер мен мейіргер келіп, қағазға қол қойдырды да кетті. Сəлден кейін мейіргер келіп, аузыма бір ақ дəрі салды да, су ішкізді. Менен басқасына бермеген. „Не зат?“ десем вирустан сақтайды дейді. Қастандық деп күмəнданамын. 3 литр су іштім. Неге маған арнаған? Əрекеттері күмəнді. Ештеңе түсіндірмейді» деп жазды Шамахайұлы Facebook желісінде.

Азаттықтың журналиске қандай дәрі берілгені жөніндегі сұрағына басқарма өкілі “вирусқа қарсы препарат” деп дәрінің нақты атауын айтпады.

Берік Қуандықұлының айтуынша, дәрігерлер түн ортасында оятып дәрі берген соң Шамахайұлы отбасына хабарласып, жағдайды баяндаған.

– Таңғы 4:30 шамасында ауруханаға бардық, палатаға күшпен кірдік. Қарасақ, жап-жақсы ұйықтап жатыр екен. Оятып алып, сөйлестік. Жағдайының жақсы екен, көңілі көтеріңкі. Бір күн бұрын, дене қызуы төмендеп, тәбеті ашылғанын айтты – деді Қуандықұлы.

Ауруханаға ұлымен бірге барған Айша Тұрмағамбетова күйеуін ауруханадан алып кеткісі келгенін айтады.

– Үйде өзім қарайыншы дегенде “жұрттар осы ауруханаға жете алмай жатыр ғой, мен жата берейін, емделіп шығып жатыр ғой” деді ғой. Кеше шығарып алып кетуім керек еді, – деді марқұмның жұбайы.

Туыстары жазылып келе жатқан жақынына түн ортасында барып, қолхат алдырып, дәрі беруге не себеп болды деп алаңдап отыр. Жұбайының айтуынша, Шамахайұлының денсаулығы жақсы болған, коронавирус жұқтырып қайтыс болғанның көбінде бар қант диабетімен ауырмаған.

– Арақ ішпеген, темекі тартпаған адам. Дәрігерлер басында екі өкпесінде кішкентай ғана қабыну бар, бірақ тез жазылып келе жатыр деп айтып, таңданыс білдірді. Бір күн бұрын менен қойдың сорпасын әкеп беруді сұрады. Сондай адамға қалайша түнде барып дәрі береді? Қасында жатқан екі адамға бермеген, – дейді Айша Тұрмағамбетова.

Марқұмның туыстарына адвокат қызметін ұсынған Ләззат Ахатова Айша Тұрмағамбетовамен бірге ауруханаға барғанын айтты.

– Бас прокуратураға іс қозғау жөнінде, денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға қандай дәрі берілгені және қандай қолхат ұсынылғаны жөнінде сауал жолдадым. Өйткені аурухана қолымызға ешнәрсе бермеді. “Ауыру тарихы, қолхат, болмаса телефонын беріңіздер” деп сұрадық. Қайтыс болар алдында бір нәрсе жазып, қалдырды ма екен? Әзірге COVID-19 ауруымен ауырса, жеке заттарын бермейді екен, – деді Ахатова.

Ахатованың айтуынша, Шамахайұлының туыстары ауруханаға марқұмның денесін алып қайту үшін барған.

– “Сараптама өткізуіміз керек. COVID-19 ауруынан қайтқан болса, басқаша жерлейміз” деді. Сөйтіп марқұмның денесін бермей қойды, – деді адвокат.

Қуандық Шамахайұлы – Қазақстанның мәдениет қайраткері әрі филология ғылымының кандидаты. Ол 1961 жылы Моңғолияда туған. Сол елдің мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алып, көркем аудармамен айналысқан. Шамахайұлы – қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көтеріп, сыни көзқарасын ашық білдіріп жүрген журналистердің бірі. Ел астанасындағы Қаржы академиясында журналистика пәні бойынша сабақ беріп келген.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27
  • Емханаға тіркелу науқаны басталды
    18.09.2020, 14:13
  • Мегаполистің білім саласы автоматтандырылды
    20.09.2020, 13:46
  • Интернетте балаларға қауіпті тағы бір ойын пайда болды
    20.09.2020, 13:34