29.06.2020, 21:00
68
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәли Әлиев пен «басқа да жауапкерлер» Ұлыбританияның қылмыспен күрес ұлттық агенттігінен (NCA) 1,5 миллион фунт стерлинг (шамамен 1,85 млн доллар) шығынды өтеуді талап етті. Бұл туралы Reuters ақпарат агенттігі хабарлады.
Нұрәли Әлиев пен оның шешесі Дариға Назарбаева сотта жеңіске жеткен соң осы шағымды түсіріп отыр. 8 сәуірде Лондонның жоғарғы соты Әлиев пен Назарбаеваның үш элиталы үйіне қойылған ордердің күшін жойған. NCA бұл үйлер «шығу тегі белгісіз байлыққа» алынған деп күдіктенген. 17 маусымда жоғарғы инстанция NCA апелляциясын қолдамай, офшор компанияларға тіркелген үйлерге қатысты алғашқы сот шешімін күшінде қалдырған.
Reuters Әлиевтің ресми өкілінің «Жауапкер деп танылған негізгі иелері, фондтар 1,5 млн фунт қаржы талап етеді. NCA құжаттарының бәрі болжамға құрылған және дәлелдердің көбі расталмаған ашық дереккөздерден алған» деген сөзін келтірді.
Reuters шығын өндіруді талап еткендер арасында Дариға Назарбаеваның бар-жоғын жазбаған.
Reuters агенттігінің жазуынша, NCA ресми сауалдарға жауап бермеген.
Көктемде Лондон Жоғарғы сотында өткен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың (президенттіктен кетсе де, биліктің бір тармағын ұстап отыр) отбасының қымбат үйлеріне қатысты сотқа әлемдік БАҚ-ның назары ауған.
Тергеу орындары сотқа Лондондағы екі зәулік үй мен элиталы аудандағы пәтер «лас ақшаға» алынған деп мәлімдеп, сотқа берген. Сот кезінде мүліктердің негізгі иелері мен офшор компанияларының аты аталған. Сот NCA дәлелдері сенімсіз деп, Назарбаевтардың үйіне қойылған бұғатты алып тастаған. Қылмыспен күрес агенттігі апелляциялық сотқа шағымданғанымен, олар да бұл арызды қанағаттандырмады. Осыдан кейін Дариға Назарбаева мен Нұрәли Әлиевтің өкілдері «апелляциялық сот шешіміне риза екендерін» айтып, өздерін «толық ақталдық» деп санайтындарын жеткізген.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР