АҚШ сенаторлары Тоқаевқа хат жазып, Макс Боқаев пен Әсет Әбішевті дереу босатуға шақырды

01.07.2020, 07:38

33

АҚШ конгресінің 12 сенаторы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, “сөз еркіндігіне және жиналу еркіндігіне құқығын пайдаланғаны үшін” сотталған белсенділерді және адам құқығын қорғаушыларды дереу босатуды сұрады. Сенаторлар осылардың арасынан азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Әсет Әбішевті ерекшеледі.

“Адамдар бейбіт жиналу, топтарға бірігу және ойын білдіру еркіндігіне құқығын пайдаланғаны үшін ешқашан сотталмауы тиіс. Біз сізді осындай заңды әрекеттері үшін сотталған азаматтарыңызды босатуға шақырамыз” деп басталған сенаторлар хаты.

АҚШ заң шығарушылары аталған азаматтарды COVID-19 пандемиясына байланысты дереу шығару керегін айтқан. Олардың сөзінше, түрмеде вирусты жұқтыру қаупі жоғары, ал жазасын өтеушілерді ертерек шығару коронавирустың тарауын тоқтатуға көмектеседі.

Сенаторлар азаматтық құқығын пайдаланғаны үшін сотталды деп тапқан адамдардың арасынан Макс Боқаев пен Әсет Әбішевті ерекшелеп отыр.

Атыраулық белсенді Макс Боқаев 2016 жылғы жер митингісіне қатысып, "әлеуметтік араздық тудырды", «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу заңдарын бұзды» деген айыппен бес жылға сотталған.

Ал Алматы тұрғыны Әсет Әбішев Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысына қатысы бар деп айыпталып, 2018 жылы төрт жылға сотталған. 2019 жылы 13 ақпанда апелляция соты үкімді өзгеріссіз қалдырған. Бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Аблязов жетекшілік ететін ҚДТ-ны Қазақстан соты “экстремистік ұйым” деп таныған. Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында бұл ұйымды “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атаған. Құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі былтыр Әсет Әбішевті Қазақстанның саяси тұтқындар тізіміне қосқан.

Хатты жазған демократ сенатор Боб Менендес. Оған республикашыл сенаторлар Мит Ромни мен Том Тиллис және демократ сенаторлар Дик Дурбин, Ричард Блументал, Роджер Уикер, Боб Кейси, Кирстен Джиллибранд, Шеррод Браун, Патрик Лехи, Бен Кардин және Крис Ван Холлен қол қойған.

Дәл осындай хат Орталық Азияның өзге үш елі – Түркіменстан, Өзбекстан және Тәжікстан президенттеріне жіберілген.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56
  • "Көлігім жоқ болса да қарыз төледім" - салық органдарына шағымданатындар көп
    21.11.2020, 11:05
  • Билбордтардан не пайда, жемқорлар саны азаймаса?
    21.11.2020, 10:52