Қазақстан КВИ жұқтырғандарды симптомы бар-жоқ деп екі санақ жүргізуді тоқтатты

01.07.2020, 08:25

18

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырғандарды симптомы бар-жоқ деп екі бөлек санау әдісінен бас тартып, статистиканы біріктіріп жариялауға көшті. Екі санақ жүргізу 3 маусымда басталған.

Билік вирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай “ауырғандар” және “тасымалдаушылар” деп екі санақ жүргізген. Бірақ COVID-19 ауруына шалдыққандардың негізгі статистикасына тек “ауырғандарды” қосып отырды. Вирустың әлем бойынша тарауын зерттеп отырған ұйымдар мен институттар Қазақстанның ресми дерегіне сүйеніп, “ауырғандардың” санын вирус жұқтырғандардың жалпы саны ретінде көрсетіп отырды.

Кей сарапшылар Қазақстан билігі мұны коронавирустың тарауын жағымды етіп көрсету үшін жасап отыр деген пікір айтты.

Денсаулық сақтау министрлігі ауру белгісі барлар мен жоқтарды бөлек санау “халықаралық тәжірибе” деп сипаттаған болатын. Азаттық министрлікке бірнеше рет сауал жолдап, мұндай тәжірибе қай елдерде қолданылатынын сұрады. Министрлік атынан пікір берген Қазақстанның бас инфекционисі Динагүл Баешева «симптомы жоқтарды статистикаға қоспау әлемнің көп елінде, соның ішінде Швеция, Беларусь, Италияда бар» деп айтқан болатын. Азаттық Швеция мен Италияның денсаулық сақтау министрлігіне хабарласып, инфекционист сөзінің рас-өтірігін сұрады. Екі ел де вирус жұқтырғандарды симптомы бар-жоқ деп бөлмей есептейтінін мәлімдеді.

Ал Беларусь денсаулық сақтау министрлігінен Баешеваның айтқанына қатысты қандай да бір пікір алу мүмкін болмады. Кейбір сарапшылар коронавирусқа байланысты карантин жарияламаған, шекарасын жаппаған Беларусьтегі коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар санына қатысты көп күдік келтіреді.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің бүгінгі дерегінше, 30 маусым күні елде 1604 адамнан коронавирус анықталды. Бір тәулікте 550 адам жазылып шықты. Қайтыс болғандардың саны әлі айтылмады. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны – 41 055.

Әлем елдерін вирус жұқтырған адамдардың санына қарай нөмірлеп отырған worldometers.info сайты Қазақстан дерегін әлі жаңартпады. Қазіргі дерек Қазақстанның осыған дейінгі әдісі бойынша саналған статистиканы көрсетіп тұр. Ол бойынша Қазақстан әлем елдері арасында 51-орында. Жаңа мәлімет бойынша, республика 37-орынға шығады.

18 маусымда денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне кірмеген 54 өлім тіркелгенін айтқан. Оның айтуынша, бұл науқастар коронавирус жұқтырғанмен «инфаркт, инсульт, онкологиялық аурулар секілді өзге негізгі дерттерден қайтыс болған». Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдеріне коронавирус жұқтырған марқұмдарды (жазатайым оқиғадан және инфарктен қайтқандардан басқасын) ресми статистикаға қосуды ұсынған.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    25.11.2020, 10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57
  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    24.11.2020, 12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42