Қапшағай соты саяси тұтқын деп танылған Алмат Жұмағұловтың жазасын жеңілдетпеді

01.07.2020, 15:43

20

Қапшағай қаласының соты 1 шілде күні онлайн режимде өткізген отырысында қазақстандық құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған, қазір түрмеде отырған 45 жастағы белсенді Алмат Жұмағұловтың жазасының қалған бөлігін бостандығын шектеуге ауыстыруға келіспеді.

Алматы облысының Заречный кентіндегі жалпы режимдегі колониядан видеобайланыс арқылы өткен сот отрысына қатысқан Жұмағұлов өзінің өтінішін қанағаттандыруға толық заңды негіз бар деп санайтынын мәлімдеген.

Оның адвокаты Айнұр Омарова соттағы сөзінде Жұмағұловқа осыдан бір жыл бұрын салынған тәртіптік жаза соттың тұтқынның өтінішін орындаудан бас тартуына негіз бола алмайды деді. Адвокат осы уақытқа дейін Жұмағұловтың жазасының үштен бірін өтегенін, мойнында мерзімі бітпеген тәртіптік жаза мен өтелмеген қарыз қалмағанын, екі рет алғыс алғанын алға тартқан. Сонымен бірге Омарова түзеу мекемесі Жұмағұловтың жақсы жағынан сипаттағанын, оның отбасында кәмелетке толмаған үш баласы барын да айтқан.

Сот отырысына қатысқан ЛА-155/14 мекемесі әкімшілігінің өкілі жазасын өтеп жатқан Алмат Жұмағұловтың өтінішіне қолдау білдірді.

Бірақ прокурор, 17 маусымда өткен отырыста айтқанын қайталап, Жұмағұловты мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығаруға оның түрмеде отырғанда алған екі алғысы аздық ететінін мәлімдеді.

Бұдан кейін сот отырысына төрағалық етуші судья Жайық Жанболатов сот шешімінің кіріспесін жария етті. Онда тұтқынның түрме тәртібіне бағынғаны және ескерту алмағаны оны мерзімінен бұрын шартты жазамен босатуға негіз бола алмайтыны айтылған.

Алмат Жұмағұловтың әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы Әсел Көпбосынова Азаттыққа сот шешіміне қарсы апелляция шағымын «міндетті» түрде беретінін айтты.

«Жиһадшылар ісі» бойынша жауапқа тартылған Алмат Жұмағұлов 2018 жылғы 21 желтоқсанда Алматы қаласы Алмалы ауданы сотының үкімімен сегіз жылға сотталған. Ол «терроризмді насихаттады», "ұлтаралық араздық қоздырды" деп айыпталған. Осы іс бойынша 52 жастағы Кенжебек Әбішев жеті жылға, 48 жастағы Оралбек Өміров сегіз жылға сотталған. 2019 жылы мамырда апелляция соты үкімді өзгертпеген.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57
  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    24.11.2020, 12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42