Апелляция соты белсенді Даная Қалиеваның үкімін өзгертпеді

01.07.2020, 21:43

5

Алматы қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының судьясы Советхан Сәкенов Жетісу аудандық соты «билік өкілін қорлады» деген айыппен айыппұл салған 31 жастағы белсенді Даная Қалиеваның апелляция шағымын қанағаттандырмады. Шағымды жалғыз өзі қараған судья шешімді 1 шілдеде шығарды.

Қалиева мен адвокаты Жанар Балғабаева апелляциялық шағымда Жетісу аудандық сотының судьясы Әйгерім Тілепова бейтараптық танытпады деп санайтынын айтып, оның шығарған шешіміне қарсылық білдірген. Бұған қоса белсендіні қорғаушы тарап тергеу кезінде өрескел процестік қателіктер кеткенін алғашқы инстация соты ескермеді деп, оған дәлел келтірген.

29 сәуірде Алматы қаласы Жетісу аудандық соты «Билік өкілін қорлады» (Қылмыстық кодекстің 378-бабы) деп айыпталған азаматтық белсенді Даная Қалиеваға 55560 мың теңге (шамамен 350 доллар) айыппұл салып, «Жәбірленушілердің өтемақы қорына» 13255 теңге (шамамен 33 доллар) төлеуді міндеттеген.

Қалиеваны жауапқа тартуға себеп болған оқиға биыл Алматы мен өзге бірнеше қалада жоспарланған билікке қарсы митинг өтетін күні – 22 ақпанда таңертең болған. Даная Қалиеваның сөзінше, ол құрбысы Шәрбат Қаржаубаева екеуі аялдамада тұрған сәтте белгісіз екі ер адам келген. Олар Қалиеваның үш жасар қызын алдына алып отырған Шәрбат Қаржаубаеваны күштеп әкетуге әрекеттенген сәтте кішкентай қыз жерге құлап жылаған. Белгісіз екеу Қаржаубаеваны аялдама маңындағы көлікке сүйреп әкеткен.

Қалиева Facebook парақшасына тікелей эфирге шығып, әлгі адамдардан аты-жөнін таныстыруын талап еткен. «Кім екенін айтпай, не құжаттарын көрсетпеген оларды сөзбен сыбап, қатты қорқып жылаған қызыммен аялдамада қала бердім» деген еді белсенді бұған дейін Азаттыққа.

Қылмыстық іс материалдарында аялдамаға келген екі полиция қызметкерінің "өздерін таныстырып, құжатын көрсеткені" айтылған.

Бұған дейін Даная Қалиева өзінен іс бойынша ақпаратты таратпау туралы қолхат алғандықтан «жәбірленушілердің» аты-жөнін айта алмайтынын айтқан еді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары өз есептерінде Қазақстан билігін қоғамдық-саяси проблемаларды көтерген белсенділерді қуғын-сүргінге салғаны үшін сынап, авторитар билік коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдай мен карантинді пайдаланып, үкіметті сынайтын азаматтарға қысымды күшейткені туралы мәлімдеген.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27
  • Емханаға тіркелу науқаны басталды
    18.09.2020, 14:13
  • Мегаполистің білім саласы автоматтандырылды
    13:46
  • Интернетте балаларға қауіпті тағы бір ойын пайда болды
    13:34